ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай, ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуының 2021-2025 жж. арналған болжамын және 2021-2023 жж. арналған республикалық бюджетті нақтылау мен ауылдық жерлерде тұрмыс деңгейін жоғарылату мәселесі қаралды.
Үкімет басшысы Асқар Мамин: «Басты міндет – ауылдағы өмір сапасын жақсарту» деді. Осы орайда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, алдағы 5 жылда еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде 4,5 трлн теңгенің 845 жобасы іске асатынын жеткізді. «Қазіргі таңда министрлік Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын әзірлеуде. Оның негізгі әлеуметтік-экономикалық міндеттері: 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру, 70 мың отбасылық шаруашылық құру, 500 мыңға жуық адамды ауыл шаруашылығында жұмыспен қамту, 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын тарта отырып, 7 экожүйе құру», – деді Сапархан Омаров. Министрдің айтуынша, аталған міндеттерге қол жеткізу үшін ауылда тұрақты жұмыс орындарын құруға және ауыл халқының табысын арттыруға мүмкіндік беретін инвестициялық жобалар іске асырылады. «Жалпы республика бойынша бес жыл ішінде 4,5 трлн теңге сомаға 845 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оның ішінде биыл 335 млрд теңге сомасына 285 жобаны енгізу жоспарлануда. Қазіргі таңда аталған инвестициялық жобалар өңірлердің әкімдіктерімен және инвесторлармен пысықталды. Сәйкес Жол карталары бекітіліп, оның аясында министрлік тұрақты түрде олардың іске асырылуына бақылау және мониторинг жүргізуде. Бұл жобалар Мемлекет басшысының 7 ірі экожүйені құру жөніндегі тапсырмасының ажырамас бөлігі болады. Оның шеңберінде дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру және өңдеу бойынша экожүйені құру жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда», – деді министр.
Ал ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, 2025 жылы ел халқын 100 пайыз сумен жабдықтау және жобаны қаржыландыру үшін республикалық бюджеттен шамамен 400 млрд теңге бөлу көзделген. «Халықтың қолайлы өмір сүруі үшін сапалы ауыз суға қолжетімділікті арттыру шаралары да қабылдануда. Бүгінгі таңда 6,9 млн адам тұратын 4 мыңға жуық ауыл орталықтандырылған сумен жабдықталған. Халық саны 200-ден кем 403 ауылда су тазартудың оқшау жүйелері орнатылды. 1922 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтаумен және су тазартудың оқшау жүйелерімен қамту жоспарланып отыр», – деді Бейбіт Атамқұлов. Сонымен қатар Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі биыл ауылдарда жаңа тетік арқылы 2,8 мыңнан астам мыңға жуық тұрғын үйдің құрылысы басталатынын мәлімдеді. «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмыс беруші ауылда өз қызметкерлері үшін тұрғын үй салса, шығындарының 50 пайызын субсидиялау тетігін енгізу пысықталып жатыр. Үйдің құнының 50 пайызы мөлшерінде және жалпы ауданы 100 шаршы метрден, 1 шаршы метрінің құны 100 мың теңгеден аспайтын үйді пайдалануға бергеннен кейін жұмыс берушілердің шығындары субсидиялауға жатады. баспана жұмыс беруші мен жұмыскер арасында 5 жылдық мерзімге жасалған еңбек шарты болған кезде ұсынылады», – деді министр.
Үкімет отырысында талқыланған тағы бір сүйінші жаңалық 2025 жылға қарай қосымша 246 ауылдық елді мекенге газ тарту мәселесі болды. ҚР Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев: «2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елді мекендерді газдандыру деңгейі 53,07 пайызды құрады. Еліміздегі 6 162 елді мекеннің 1 468-і газдандырылған, оның ішінде 1 428-і – ауылдық елді мекендер. Бүгінгі таңда еліміздің 18 532 мың халық санынан 9 836 мың адам табиғи газға қол жеткізді. Оның ішінде 4 млн адам ауылдық елді мекен тұрғындары. Газдандыру деңгейі 90 пайыздан асатын неғұрлым газдандырылған өңірлер: Атырау облысы – 99,6, Маңғыстау облысы – 99, Алматы қаласы – 98,8, Батыс Қазақстан облысы – 96,5, Шымкент қаласы – 92,1 және Ақтөбе облысы – 90,1 пайыз»,– деді. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта республика өңірлерін одан әрі газдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қолданыстағы және перспективалы газдандыру жобалары бойынша талдау жүргізе отырып, ауылдық елді мекендерді газдандырудың болжамды жоспары жасалған.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз