ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай, халықты жұмыспен қамту бойынша қабылданып жатқан шаралар және жеке тұлғаларды жалпыға ортақ декларациялауды енгізу барысы қаралды.
Санитариялық-эпидемиологиялық жағдай қатаң бақылауда ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдай туралы баяндама жасады.
«Эпидемиологиялық жағдай Үкіметтің күнделікті бақылауында. Бүгінде өңірлерге жеткілікті көлемде вакцина жеткізілді. Дегенмен, өңірлердегі эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін келесі бағыттар бойынша нақты іс-шаралар қабылдануы қажет. Біріншіден, барлық әкімдерден халықты жаппай вакциналау бағытындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жеке бақылауға алуды сұраймыз. Ай соңына дейін халықтың вакциналауға жататын бөлігінің 20 пайызына жеткілікті вакцина көлемі қамтамасыз етілді. Әкімдіктер азаматтарды вакцинациямен қамту жұмысын күшейтуі қажет. Екіншіден, «Ashyq» жобасы оң нәтиже көрсетуде. Бағдарлама қоғамдық орындарға кірмек болған 809 ауру жұқтырған және 340 байланыста болған адамды анықтады. Сондықтан әкімдер кәсіпкерлік субъектілеріне «Ashyq» жобасын енгізу бойынша жұмысты жеке қадағалауда ұстау керек. Шұғыл түрде осы жұмысты ұйымдастыруы қажет. Үшіншіден, қабылданған шектеу іс-шараларының қатаң сақталуына бақылауды күшейту керек. Бүгінде Алматы, Шымкент қалаларында, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Алматы облыстарында бұл жұмыс нәтижелі жүргізілуде. Алайда Ақмола, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда облыстарында мониторингілік топтардың жұмысы әлі де бәсең. Бұл бағытта барлық өңірде белсенділік артуы тиіс», – деді Ералы Тоғжанов.

Жұмыссыздыққа жол берілмейді

Ал халықты жұмыспен қамту бойынша елімізде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының және Жұмыспен қамтудың жол картасын аясында кешенді шаралар қабылданып жатыр. Осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша «Еңбек» бағдарламасымен 158 мың адам қамтылды (жоспар – 700 мың). Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында тұрақты жұмыс орындарын құруға және өңірлердің әлеуметтік инфрақұрылымын жақсартуға баса назар аударылды. Жалпы, биыл жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары 1,2 млн адамға көрсетіледі. Нақты жалақы мөлшерін 10%-ға – 221 мың теңгеге дейін ұлғайту көзделген. Жұмыссыздық деңгейі 4,9%-дан аспайды. «Бастау бизнес» жобасы бойынша осы жылы 30 мың адамды кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған. Үкімет басшысы Павлодар, Қарағанды және Атырау облыстарында барынша көп тұрақты жұмыс орындарын құру жөніндегі жұмысқа оң баға берді. «Халықты жұмыспен қамту – Үкіметтің маңызды міндеті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі биылғы 1 маусымға дейін 2021-2025 жылдарға арналған «Еңбек» ұлттық жобасын Үкіметке енгізуі керек. Халықты жұмыспен қамту шараларын нысаналы топтардың проблемалары мен қажеттіліктерін ескере отырып бағыттау керек», – деді Асқар Мамин.

Жалпыға ортақ декларациялауды енгізу басталды

100 нақты қадам – Ұлт жоспарының 42 қадамында жалпыға ортақ декларациялауды енгізу қарастырылған болатын. Естеріңізде болса 2017 жылдың 1 қаңтарынан мемлекеттік қызметкерлер үшін, одан әрі барлық азаматтар үшін кірісті және шығысты жалпы жариялау кезең-кезеңмен енгізіле бастады. Бұл шара жеке тұлғалар кірістерінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар үшін жалпыға ортақ декларациялауды енгізудің бірінші кезеңі басталды. 2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері мен олардың жұбайлары декларация тапсыра бастайды. 2024 жылдан бастап заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары, ал 2025 жылдан бастап азаматтардың барлық қалған санаттары тапсыра бастайды.
Қазақстанда декларацияларды қабылдау бойынша электрондық сервистер жұмыс істейді: салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), «Электрондық үкіметтің» веб-порталы және «Е-Salyq Azamat» арнайы мобильді қосымшасы. Жыл сайын электрондық базалар жетілдірілуде, сондықтан азаматтарға Қазақстанның мемлекеттік органдары мен банктерінде тіркелген мүлкі мен активтері туралы мәліметтер ұсынудың қажеті жоқ.
«Басталған жұмысты бекітілген мерзімдерге сәйкес орындап, жалпыға ортақ декларациялауды енгізу бойынша халыққа түсіндіру және оқыту жұмыстарын жүргізу қажет», – деді А.Мамин.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз