Биылғы жаз «Туған елге саяхат пойызымен» 4314 шақырым жол жүріп өткен қазақстандық балалардың есінде ұзаққа сақталары сөзсіз. Өйткені, «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы 2016 жылы бастаған бірегей жоба биыл да өз жалғасын тауып, 12-15 жас аралығындағы оқушыларды шаттыққа бөледі.
Жуырда аталмыш жобаның бірінші кезеңі аяқталып, турдың думанға толы жабылуы елордадағы «Арай» саябағында өткен болатын. Оған балалардың үш ай каникулдағы он күнін саяхатпен өткізуіне мұрындық болған «Самұрық-Қазына» АҚ Әлеуметтік жобалар қызметінің жетекшісі Нұрлан Оразалиев,«Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының ресми өкілі Лима Диас, «ҚТЖ» ҰК» АҚ-на қарасты «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорының директоры Ербол Кенгербаев қатысты.
Астанадан бастау алған «балалар пойызы» Екібастұз, Алматы қалаларында және Байқоңырда болып, кейін Астанаға келіп тоқтағанын айта кетейік. Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, саяхатқа жолдама алған балалардың 150-і «Самұрық-Қазына» АҚ тобының өндірістік жұмысшыларының балалары болса, оның ішінде шалғай аймақтардың, көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына басымдық берілген. Ал, қалған 50 қатысушы «Ғаламшарымызды қалай сақтаймыз» тақырыбында өткен үздік шығармалар байқауы арқылы іріктеліп алынған. Тағы бір айта кететіні, аталмыш байқауда республиканың түкпір-түкпірінен жіберген 128 баланың шығармасы сынға түсті.
«Туған елге саяхат» пойызымен жазғы демалысының бір бөлігін көңілді өткізген жасөспірімдердің бірі семейлік Мәулен Базартай өз әсерімен былайша бөлісті:
-Шығармамды жіберген кезде, мен жеңетініме сенімді болдым және үлкен үміт арттым. Байқаудан өтіп, осы ғажайып пойызға отырғаныма қуаныштымын. Мен Астананы көруді армандайтынмын. Енді ол арманым орындалды. Бәрінен ұнағаны, әрине ЭКСПО көрмесі болды. Қазақстанды аралаймыз деп шығып, бүкіл әлемді көрдік! Біз көптеген балалармен араласып, шынайы дос болып кеттік және енді бір-бірімізді сағынатын боламыз. Бізбен бірге болған тәлімгерлер мен үлкендерге мың алғыс!
Уақытының басым бөлігі пойызда өткен балалар үшін жолда жүрудің өзі қиындық туғызбады дейді тәлімгерлер. Мәселен, 200 бала орналасқан 9 вагонның жетеуі демалысқа арналған болса, қалған екеуі мейрамхана вагоны екен. Ал, экскурсияны балалар Астанадағы Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінен бастапты. Одан әрі Екібастұзда ГРЭС-1 және ГРЭС-2 станцияларын және «Қайнар» білім беру-демалыс орталығының мәдени бағдарламасын тамашалаған. Қарт Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматы да екі жүз бала үшін естен кетпес шаһарға айналды. Әрине, олардың арасында мегаполисті көрген де бар, көрмеген де бар. Саяхатын орталық саябақтағы аквапарктен бастаған балалар әлемге әйгілі «Медеу» мұз айдынында болып, Шымбұлақ шыңына көтерілді. Іле Алатауының ғажайып табиғатын өз көзімен көрген балалар бұдан кейін ат басын Байқоңырға бұрды. Үш қазақтың ғана арманы орындалған ғарыш қалашығында көріністер, «Байқоңыр» ғарыш айлағының музейі балалардың қиялына қанат бітірді. Осылайша «көңіл тұлпарымен» көк аспанды шарлап қайтқан балалар Астанаға қарай жол тартты.
Бұл «Туған елге саяхат» жобасының осы жаздағы бірінші кезеңі болатын. Тағы бір 200 оқушы 2-12 тамыз аралығындағы екінші кезеңде «Астана-Ақтау-Түркістан-Алматы-Астана» бағытында жолға шықпақ.

Дайындағандар: Нағашыбай Қабылбек, Ермұрат НАЗАРҰЛЫ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз