Оралдық кәсіпкер Нұргүл Ашықова тәуеліздіктің алғашқы жылдарында сауда-саттықпен айналысып, бүгінде шаруашылығының аясын кеңейтіп, қаладағы танымал кәсіп иелерінің біріне айналды. Биыл қалалық мәслихат депутаттығына сайланған кәсіпкермен сұқбаттасып, күні бүгінге дейін атқарған жұмыстарынан хабардар болдық.

 

 

Кәсібімді киім-кешек сатудан бастадым

– Нұргүл Әжібайқызы, алдымен туған жеріңіз бен сіз дүниеге келген әулет туралы айтып өтсеңіз?
– Мен 1972 жылы осы Батыс Қазақстан өңіріндегі Қаратөбе ауданына қарасты Саралжын ауылында дүниеге келдім. Әкем Әжібай Ашықұлы мен анам Мазмура Сәдепқызы он баланы дүниеге әкеліп, бағып-қағып, тәрбие беріп, оқытып, ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды. Өкінішке орай, асқар тау әкеміз 1995 жылы жүрек талмасынан көз жұмды. Ал бүгінде сексеннің сеңгіріне жақындаған анамыз әкемізден қалған киелі қара шаңырақтың ұйытқысы болып, әулетіміздің ақылшысы, қала берді елінің анасы болып отыр. Осындай әулеттен өсіп-өнген өзім қазір бір қыз тәрбиелеп отырмын.

– Алғаш кәсіпкерлікті бастаған жылдарыңызды еске түсірсек. Жалпы осы кәсіпті неден, қалай бастадыңыз?
– Әкем біз ес білгелі «Саралжын» кеңшарында қойма меңгерушісі болып қызмет етті. Өзі қоймадағы қауырт жұмыстың ортасында жүріп, бізді де еңбекке ерте араластырды. Менің сауда саласына деген қызығушылығым сол кезден басталған болатын. Кейін орта мектепті тәмамдағаннан кейін Орал қаласына кооперативтік техникумға есепші мамандығына оқуға түстім. Оқуды бітірген соң қаладағы азық-түлік дүкендерінің біріне сатушы болып жұмысқа орналастым.
Елде нарық заманы орнай бастаған тұста базарға сауда жасауға шыққан алғашқылардың бірі болып, өз кәсібімді киім-кешек сатудан бастадым. Тауарды Алматыдан тасымалдап, Оралдағы орталық базарға шығарып сататынмын. Кейін еліміздің оңтүстігінен үлкен көлемде көкөніс, жеміс-жидек тасып, көтерме саудамен айналысуға көштім. Осылайша кәсібімді кеңейте келе, бүгінде қала маңынан көкөніс сақтайтын үлкен қойма салып, 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған жайым бар.

– Бүгінде үлкен кәсіптің тізгінін ұстап отырсыз. Мұндай жетістік бірден бұйырмасы да белгілі. Ендеше осы кәсіптің иесі Нұргүл Әжібайқызы өмірден не түйді, не түйсінді?
– Әрине, еңбек ете жүріп, түрлі қиыншылықты бастан өткердік. Алайда біздің заманның ұрпағының тәрбиесі бөлек болды. Біз ата-ананың қатаң тәлім-тәрбиесін көрдік, олар біздің бойымызға еңбексүйгіштік қасиетті сіңірді. Мен де еңбектің наны тәтті болатынын жастайымнан ұғындым. Еңбексіз, әрекетсіз берекет болмайтынын санамызбен түсіндік. Үлкен өмір жолына араласқан кезде де осы қағиданы есімізден шығарған жоқпыз. Сол себепті өзім бастаған кәсібімді одан әрі өркендетіп, әлі күнге дейін «Еңбек бәрін жеңеді» деген қағиданы жадымнан шығарған емеспін. Әр адам бұл өмірден өзінің ниеті мен әрекетіне қарай тиісті сыбағасын алады деп ойлаймын.

 

Қызы  Ләззат
Қызы Ләззат

 

– Өзіңізге мәлім, биыл еліміздің тәуелсіздік алғанына – отыз жыл. Сіз тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кәсіппен айналысқандардың бірісіз. Сол уақытты тағы бір ой елегінен өткізіп көрсеңіз?
– Еліміз егемендік алғаннан кейін нарықтық экономикаға көшті. Халық бұл жүйені бірден түсіне қоймағаны белгілі. Себебі жаңа дүние қоғамға әбден еніп кетпейінше, біршама қиындықтар болатыны анық. Сондай ауыртпалықтар біздің елімізді де айналып өтпеді. Қаншама қазақ әйелі бала-шағасын үйіне қалдырып, ала дорбасын асынып, пойызбен Алматыдан тауар тасып, онысын базарда сатып, күнін көрді. Бұл олар үшін оңай болмады. Ауыр-ауыр қапшықтар, шілденің шіліңгір ыстығы мен ақпанның аяз-бораны қаншама әйел адамның денсаулығына зиянын келтірді. Ол кезде қазіргідей салық жүйесі де бір жолға қойылмаған еді. Бірнеше мәрте заңсыз салық жинаса да, жүйені толық түсінбегендіктен, тапқан-таянғанымызды соларға беретінбіз. Мінекей, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осындай қиындықтарды еңсердік. Бүгінде оның барлығы өткен шаққа айналғаны қуантады. Бүгінде кәсіпкерлік саласында бәрі заң аясында жасалады, белгіленген жүйе бар.

5 млн теңгеге дейінгі қайтарымсыз гранттар бар

– Ал бүгінгі кемелденген, толысқан мемлекетте кәсіппен айналысамын деушілерге қандай кеңес берер едіңіз?
– Қазір мемлекет кәсіп бастаймын деушілерге ауыз толтырып айтарлықтай деңгейде көмектеседі. Тың бизнес-идеясы бар жастарға, көпбалалы аналарға, әлеуметтік осал топтың мүшелеріне – барлығына үкімет барынша қолдау көрсетуде. Бизнесті қолдайтын қаншама мекемелер, ұлттық қорлар жұмыс жасауда. Ауыл шаруашылығымен айналысамын дегендерге белгілі бір мөлшерде берілетін субсидия, кәсіпкерлік негіздеріне оқытатын тегін курстар, 550 мыңнан 5 миллионға дейінгі қайтарымсыз гранттары тағы бар. Біз кәсіпкерлікке бет бұрған уақытта мұның бірі де болған жоқ. Әркім өзінің әл-ауқаты жеткенше тірлік жасап, қолға алған бизнесін өз күшімен аяққа тұрғызды. Ендеше қандай да бір кәсіпті дөңгелетемін дегендер мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндікті жіберіп алмауға тырысуы керек. Жасаймын, еңбектенемін деген адамға қолдау көп, мүмкіндік молынан.

– Кәсіпкер ретінде көптеген қайырымды істердің ұйытқысы болғаныңыздан хабардармыз. Қайырымдылық жасау сізге қандай сезім сыйлайды?
– «Қайырымдылық етсең, қайырын өзің көрерсің» дейді ғой. Әлбетте, садақа оны алушының емес, берушінің табысына береке кіргізетіні сөзсіз. Бастаған кәсібімізді бір жолға қойып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен кезде мен де тапқан табысымның бір бөлігін қайырымдылыққа жұмсай бастадым. Бізге сол арқылы біреудің тілегін орындауға мүмкіндік беріп тұрғанда, соны неге пайдаланбасқа. Жоқ-жітіктің жамауын түгел жауып бере алмасақ та, оларға сәл де болса қолұшын созу – жаныңа жылулық сыйлайды. Мен шынымен мұқтаж адамға жәрдемдесуден бас тартпаймын. Алайда қоғамда өздері еңбектенбей, өзгеге алақан жайып, соны міндетсінетіндер қатары көбейгені қынжылтады. Айталық, қаржылай көмек сұрап келген адамға, сол қаржыны өзі еңбектеніп табу үшін жұмыс ұсынсаң, соның өзін місе тұтпай, бас тартатын жағдайлар кездеседі. Еңбектеніп табыс тапқысы келмейді, көбісі бірден дайын нәрсеге ие болғысы келеді.

– Нұргүл Әжібайқызы, биыл жыл басында депутаттық мандатқа ие болдыңыз, өзіңізге тағы бір міндет жүктелді. Осы қызметтің жауапкершілігі қаншалықты сезілуде?
– Депутаттық қызмет – қоғамдық бастама негізінде жүзеге асатын жауапкершілігі мол жұмыс. Себебі депутатты халық сайлайды. Халықтан жиналған қазынадағы бюджетті әлеуметтік-экономикалық дамуға бөлу, олардың тиісінше жұмсалуын қадағалау депутатқа зор жауапкершілік жүктейді. Мен бұл қызметке бизнес саласынан келдім. Ал бизнесте сен тек өз кәсібің үшін жауапты болсаң, депутат ретінде сайлаушылардың алдында есеп бересің.
Мінекей, бұл қызметтің осындай ерекшелігі бар. Мен де өзіме жүктелген міндетті абыроймен атқарып, халық пен биліктің арасын жалғау үшін бұл іске бел буып кірістім.

– Бәрекелді! Осы қарқынмен қандай іс-шараларға атсалысып үлгердіңіз?
– Депутаттың күнделігінде бір айда қалалық мәслихаттың сессиялары, комиссия отырыстары, мәслихаттағы «Nur Otan» партиясының фракция жиналыстары сынды бірнеше шара жоспарланады. Олардың барлығында қоғамдық мәселелер талқыланады. Жуырда сайлау алдында халықтан жиналған аманаттардың оң шешілуін қамтамасыз ету мақсатында қала әкімдігіне қарасты бөлім басшыларымен депутаттардың ашық диалогын ұйымдастыру үшін «Депутаттық сағат» шарасы өткізілді. Бұл форматтағы жиналыс айына бір рет ұйымдастырылатын болып шешілді. Оған қоса осы сәуір айынан бастап «Nur Otan» партиясы Орал қалалық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясына мүше болып, тұрғындардан түскен арыз-шағымдар бойынша әлеуметтік мәселелерді тексеруге көштік. Одан қала берді депутат ретінде түрлі қоғамдық-мәдени шараларға қатысамыз, тұрғындардан түскен өтініш-хаттар бойынша кездесулерге барамыз. Соның бір мысалы, жақында тұрғындардың талап-тілектері негізінде қаланың орталық көшелерінің бірінде сенбілік ұйымдастырып, арнайы техникамен сол ауданды күл-қоқыстан тазарттық.

 

 

Таңмен таласа тұрғанның несібесі мол

– Әңгімеміздің басында отбасыңызда бір қыз тәрбиелеп отырғаныңызды айттыңыз. Сіздей іскер, белсенді ананың перзенті туралы біз де білгіміз келіп отыр.
– Қызым Ләззатым – менің үкілеген үмітім. Ол менің сенімімді ақтап, 2014 жылы Оралдағы №42 «Ақниет» гимназиясын «Алтын белгімен» бітірді. Сол жылы Лондон қаласындағы «Kingston» университетіне оқуға түсіп, шетелдік білім ордасынан 2018 жылы «PR менеджері» мамандығын алып шықты. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуде.

– Нұргүл Әжібайқызы, анасыз, кәсіпкерсіз, депутатсыз. Әйел адамға осынша жүкті арқалап жүру дегеніміз…
– Сауалыңның төркінін түсініп отырмын. Әрине, алдымен ана ретінде алыста жүрген қызыма алаңдап отырамын. Бірақ перзентімнің үйде алған тәрбиесі мен игерген білімі оны жарқын болашаққа бастайтынына сенемін. Мерекелерді, қызымның туған күнін бірге қарсы алып, сағынышымызды басып тұрамыз. Енді кәсіпкерлік саласына келгеніме 25 жылға жуықтады. Осы уақыт ішінде таңмен таласа жұмысқа кірісуге бойымыз үйреніп кетті. Қарамағымдағы жұмысшылардың еңбекақыларын адал төлеуге тырысамын, ешкімнің еңбегін өз мақсатыма пайдаланған емеспін. Ал биылдан бастап күнделікті жұмысыма депутаттық міндет қосылды. Шамам келгенше уақытымды жоспарлап, бәріне үлгеруге тырысамын. Өйткені, бұл да өмірлік тәжірибе, жаңа орта деп түсінемін.

– Тағы бір байқағанымыз, әлеуметтік желіде де белсенді екенсіз. Өз парақшаңызға әріптестеріңізбен бірге атқарып жатқан жұмыстарыңызды жариялап отырасыз. Жалпы әлеуметтік желімен қай уақыттан бері «доссыз»?
– Қазір әлеуметтік желі біздің күнделікті өмірімізге әбден сіңіп кетті деуге болады. Алайда ол жерге біреу ішкен-жегенін, біреу барған жерін, басқан тауын салып жатады. Өзімнің де инстаграм, фэйсбук желілеріне тіркелгеніме көп уақыт өтті. Бірақ соңғы жарты жыл ішінде желідегі парақшаларымды өз жұмысымды көрсететін құрал ретінде тұрақты пайдаланып жүрмін. Себебі қазір жасы да, үлкені де осы желілерді күнделікті қарап отырады. Сондықтан бұл – жасап жатқан жұмысыңды көрсетуге үлкен мүмкіндік. Депутат ретінде де тұрғындармен осы әлеуметтік желілер арқылы хабарласып, кері байланыс орнатып жатамын.

– Өте жақсы, Нұргүл Әжібайқызы, сұқбат барысында біз де сіздің өміріңіздің біраз тұстарына қанықтық. Соңғы сауалымыз – сіз «туған жерге қызмет ету» дегенді қалай түсінесіз?
– Мен өзім де осы өңірдің тумасымын. Батыс Қазақстан облысында өстік, өндік. Туған жер қашан да ыстық, қымбат. Менің ойымша, әрбір оқыған-тоқыған, еңбекке араласқан азамат-азаматшалар қолынан келгенінше еліне қызмет етіп жүр. Мұғалім елдің баласын оқытып, дәрігер тұрғындарын емдеп, мемлекеттік қызметкер халыққа қызмет көрсетіп дегендей. Сол секілді кәсіпкерлер де өзінің тауарын не өнімін ұсыну арқылы тұтынушыларға қажетті затты жеткізіп беріп отыр. Біз облыс тұрғындарын сапалы көкөніспен қамтамасыз етуге үлес қосып жүрміз. Мүмкіндігімізге қарай қайырымдылық іс-шараларына атсалысудамыз. Осының бәрі туған жерге, туған елге қызмет деп түсінемін.

Сұқбаттасқан Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Батыс Қазақстан облысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз