Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екі оқылымда қаралды. Құжатқа түзетулер енгізілгендіктен, заң жобасы Мәжіліске қайтарылды. Осы отырыста сөз алған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров: «2016 жылғы 6 мамырда ҚР Президентінің Жарлығымен жерге қатысты жарияланған мораторий мерзімі 2021 жылдың 31 желтоқсанында аяқталатынын ескере отырып, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы жылы 25 ақпанда Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің бесінші отырысында шетелдіктерге және шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заңнама жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Осыған байланысты, тиісті заң жобасын Парламент Мәжілісі мақұлдап, ағымдағы жылдың 14 сәуірінде Сенатқа енгізді. Ұсынылған заң жобасында ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге және шетелдік компанияларға, шетелдік үлесі бар қазақстандық компанияларға, азаматтығы жоқ адамдарға, халықаралық қатысу үлесі бар ғылыми орталықтарға, сондай-ақ қандастарға беруге толықтай тыйым салу көзделген. Бұдан басқа, Заң жобасында бұдан бұрын шетелдіктер және шетелдік үлесі бар қазақстандық компаниялар жалға алған ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану мерзімі ұзартылмайтыны және олар пайдалану мерзімі аяқталғанға дейін ғана иелікте болатыны көзделген. Ал қандастар жер учаскесін жеке қосалқы шаруашылық, бақ өсіру және саяжай құрылысы үшін ала алады, ауыл шаруашылығы жерлерін Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін ғана жалға алуға мүмкіндігі бар», – деді. Заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында сенатор Әбдәлі Нұралиев: «Сенаттың тұрақты комитеттері мен жекелеген Сенат депутаттарынан 2 ұсыныс түсті, олар Салыстырмалы кестеге енгізілді. Аталған ұсыныстар бойынша жеке орман өсіру үшін жер учаскелерін тек Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдік үлесі жоқ Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларына беру туралы тиісті өзгеріс пен толықтыруды Жер кодексінің 48-і және 128-і бабына енгізу ұсынылып отыр. Заң жобасы Қазақстан Республикасының Конституциясына және қолданыстағы заңдарына сәйкес келеді. Заң жобасын қабылдау құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарының кері әсерін тигізбейді, мемлекеттік бюджеттен қосымша қаржыларды талап етпейді», – деді. Талқылау кезінде палата депутаттары аталған ұсыныстарға қолдау білдірді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз