Иә, вакцинаға қатысты күмән мен күдік көбіміздің көкейімізде жүргені рас. Осы орайда тілшіміз C.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Нұрғожин Талғат Сейтжанұлымен сұхбаттасып қайтқан болатын. Назарларыңызға осы көкейкесті мәселе жайлы маманның сөзін ұсынамыз.

– Армысыз, Талғат мырза!
Көптің көңілінде алабұртқан осы бір сауалды сізге былайша қоймақпыз. Жалпы вакцинация адамның организміне қалай әсер етеді? Covid-19-ға қарсы иммунитет қалай пайда болады? Ол ұзақ уақыт сақтала ма?
– Вакцина деп белгілі бір жұқпалы ауруға қарсы иммунитеті жақсартатын немесе адамның иммунитеттін дайындайтын емді айтамыз. Вакциналар иммундық жүйедегі тірі бөгде денелермен күресетін белоктарды, яғни антиденелерді шығаруға бағытталған. Ол әдетте әлсіреген болмаса өлтірілген қоздырғыштардан, яки олардың бір бөліктерінен жасалынады. Ол денеге енгізілгенде иммундық жүйе оны антиденелер арқылы есте сақтайды да, нақты тірі қоздырғыш денеге енгенде ол тез арада аурумен күресу үшін көбірек антиденелер шығара алады. Осылайша сол антиденелер Т-жасушаларымен байланысқа түсу арқылы басқа қорғаныс механизмдері мен макрофагтар, В жасушалары және цитотоксикалық Т жасушалары сияқты иммунитет жасушаларын қоздырғыштарды жоюға шақырады. Вакцина салғаннан кейін сол жасушалар вирустың немесе бактерияның сол нақты түрімен күресуге сақадай сай болады.
Қазіргі уақытта COVID-19 вакциналарының авторизацияланған және CDC ұсынылған клиникалық сынақтардың 3-кезеңінен де өткен үш негізгі түрі бар. Олар, матрицалық (ақпараттық) РНҚ вакцинасы, Ақуыздың суббірлігі вакцинасы және Вирустық векторлық вакциналары болып табылады. Вакциналардың үш түрі де дәл сол антиденелерді тудыруға бағытталған. Вакциналардың барлығы бірнеше клиникалық қатаң сынақтардан өткен және тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектер сапасын санитариялық қадағалау басқармасынан (FDA) вакцинаны шұғыл пайдалануға рұқсатын алғаннан кейін барып өндірушілер ол вакцинациналарды қолданысқа шығарды. Дәл қазіргі уақытта біз вакциналардың әсері қаншалықты ұзаққа созылатынын нақты айта алмаймыз, оны анықтау әлі біраз уақытты қажет етеді. Бізге белгілі ақпарат ол – Pfizer және Moderna әзірлеген алғашқы екі вакциналардың ұзақтылығына жүргізіліп жатқан сынақтары кем дегенде алты айға дейін тиімді болатынын көрсетті.

– Әлеуметтік желілерде «вакцинадан қайтыс болды» делінген бейнежазбалар бар. Сондай-ақ, әлем бойынша вакцина салдырып, біраз уақыт өте қайтыс болғандардың өлімін «вакцинадан емес» деп мамандар айтып жатыр. Бұған сіз не дейсіз? Жалпы вакцина қандай адамдарға қауіпті?
– Менің бір ғана айтарым бар. Видеоларда спикерлердің айтып жатқан ақпараттарының еш ғылыми дәлелі жоқ. Вакциналар тез арада жасалғанымен, олар ондаған жылдар бойы жүргізілген ғылыми зерттеулерге негізделген. Вакциналар 1980 жылдардағы пандемиялық аурулардың алдын алуда өте сәтті болды және кейбір жағдайларда оларды мүлдем жер бетінен жойып жіберді. Мысалға қара шешек, полиомиелит және қызылша сияқты. Егер барлығы сол кездердегідей жаппай екпе салдырса, біз сөзсіз Covid-19-дың да көзін жоя алатынымызға сенемін. Бірақ осындай дәлелдерге қарсы жалған ақпараттың кесірінен халық алданып, сеніп қалып жатады. Сондықтан, мен барлығын тек дәлелденген ақпарат көздеріне, мысалға Денсаулық сақтау министрлігінің берген ақпараттарына сенуге шақырамын.
Вакцинация жүкті әйелдерге және жасы 18-ге толмаған адамдарға және вакцинаға немесе оның құрамындағы компоненттерге ауыр аллергиялық реакциялары бар болған жағдайда екпе салынбайды. Вакцинаны вирус жұқтырған, немесе ауруы бар жандарға салуға болмайды. Сол себепті дәрігерлердің толық қаралуынан өтуі керек.

– Жаппай егуге көшкенде қандай қиындықтар болуы мүмкін?
– Қазіргі уақытта біздің еліміз үшін жаппай егуге көшудегі басты проблемалардың бірі – вакцинаның жеткілікті қорын алу және қажет деңгейдегі материалдарды сақтау. Оған қоса қол жетімділік, яғни бағасы көтерілген жағдайда, біз оны әріқарай жалғастырып сатып ала алуымыз. Вакциналарды салқын температурада сақтау керек. Егер температура өте қатты өзгерсе, вакцина өліп, енжар және нәтижесіз болып қалуы мүмкін. Ал COVID-19 вакцинасының тасымалдаудағы қашықтығын ескере отырып, бұл шынымен де алаңдаушылық туғызады. Сондықтан да оның дұрыс тасымалданылуы қатаң сақталуы керек. Жаппай егуге көшкенде бұл жағдайда қиындықтардың бірі осы болуы мүмкін. Тағы бір қиындық, ол жаңа өзіңіз айтып кеткен әлеуметтік желілердегі дәлелсіз, қате ақпараттардың жаппай таралуы. Оған сенген адамдардың вакцинадан бас тартуы да үлкен қиындықтың бірі.

– Қазақстанға Ресейден жеткізілген Спутник V, Қытайда SinoVac компаниясының өндірілген CoronaVac екпелері қаншалықты тексерілген? Қазақстанда арнайы эспертиза орталықтары бар ма?
– Спутник V вакцинасынан бастайтын болсақ, осы жылдың 2-ші ақпан күні 19 866 қатысушы қатысқан, оның 14 964-іне вакцинация тағайындалған. Клиникалық сынақтың үшінші кезеңі аяқталып, нәтижиесі Lancet журналында жарияланды. Вакцинаның орташа тиімділігі барлық зерттеу топтарында 91,6%, ал алпыстан асқан адамдарда 91,8% құраған. Бұл өте тиімді көрсеткіш.
Қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағына тіркелмеген дәрілік заттарды әкелу кезінде дәрілік заттың сапасын растайтын өндірушінің қазақ немесе орыс тілдеріне аудармасы бар құжатының электрондық көшірмесі болуы қажет (талдау сертификаттары немесе сынақ есебі немесе сапаны бағалау көрсеткіштері бар сапа паспорты). Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы №850 қаулысымен Қазақстан Республикасында өндірілген COVID-19 коронавирусына қарсы вакциналарды уақытша мемлекеттік тіркеу ережелері бекітілген болатын. Сол себепті, ақпан айында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сараптама комиссиясы Спутник V вакцинасын қауіпсіз, сапасы мен тиімділігі жоғары деген қорытынды шығарды. 2021 жылғы 15 ақпанда Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті ДЗСҰО-ның 2021 жылғы 13 ақпандағы қорытындысы негізінде Спутник вакцинасына тіркеу куәлігін берген болатын. Сол тексерілістерден өткеннен кейін ғана біз бұл вакцинаны жаппай егуді бастаған болатынбыз.
Ал Sinovac-қа келетін болсақ, оның Бразилиядағы сынақ кезінде вакцина COVID-19 ауруына қарсы 50,65% тиімді деп табылды. 16 желтоқсанда сынақ бойынша 18-ден асқан 12 396 медициналық қызметкер арасында жүргізілген. Ал Түркиядағы сынақ нәтижесі 91,25%, Индонезиядағы сынақ барысында 65,3% тиімділік деңгейі байқалған. Бірақ, біз әлі бұл вакцинаны Қазақстанға алғызбадық және сол себепті ешкімге әлі егілмеді. Ол әлі келіссөздерден өту деңгейінде. Тағы да айта кететін нәрсе ол қайтадан, желідегі осы Sinovac-қа қатысты дәлелсіз ақпараттардың баршылығы. Сол себепті, тек сенімді дерек көздеріне ғана сенуге шақырамын.

— Вирустың мутацияланған түрлері шығып жатқанын білеміз. Мутацияға ұшыраған вирусқа қазіргі вакцина төтеп бере ала ма? Жаңа мутацияға қарсы компоненттерінде қорғанысы бар екпе елімізге әкелінді ме?
– Мутация ол қалыпты үдеріс. Коронавирустың негізгі мутацияларының көбі ауру ағымын ауырлатпайтындығы табылды. Бірақ мутация вирус жұқпалылығын арттыруы мүмкін. Мутация көп кездеседі және біз оны мұқият қадағалап отырмыз. Оның вакцинның тиімділігіне қалай әсер ететінін білу үшін бізге дерек қажет. Өндірушілер мен тәуелсіз зертханалар қазірдің өзінде осы мәселені шешу үшін жұмыс жасауда.
Қазіргі вакциналардың мутацияға қарсы тиімділігін көрсеткен бір жаңалық болды. Жақында алғаш рет Ұлыбританияда анықталған B.1.1.7 сияқты коронавирустың жаңа нұсқалар Израильде де айналып жүргені белгілі болған. Ал Израиль халқының 60% Pfizer-ден COVID-19 вакцинасын қабылдаған, және науқастардың саны өте төмен. Олардың әсерін анықтау үшін Тель-Авив университетіндегі және Клатит ғылыми-зерттеу институтындағы зерттеушілер Израильде жүздеген вакцинацияланған адамдар арасында тіркелген инфекцияларды зерттеді. Зерттеу нәтижесінде, вакцинаның екі дозасын салдырған адамдардың арасында коронавирустың жаңа мутацияланған түрін жұқтырғандар саны бір дозасын салдырған немесе еш салдырмағандардан әлде қайда аз екенін анықтаған. Сондықтан да, біз вакциналар вирустың жаңа түрімен күресуге тиімді болады деп сенеміз. Ал нақты қай вакцина жаңа мутацияға қарсы компоненттері бар екенін біз әлі дөп басып айта алмаймыз. Оны анықтап дәлелдеу үшін зерттеулер, сынақтар жасалынуда.

— Бұл шаралардың бәрі де қоғамның қауіпсіздігі мен өмірі үшін… Ал қоғам адамнан тұрады. Бір адам болсын оның өмірі аса құнды. Сондықтан екпе салар алдында дәрігерлер жауапкершілікті мойнына алып, әр адамды тексерістен өткізеді деп ойлайсыз ба?
– Әрине, екпе салар алдында барлық дәрігерлер өз жауапкершілігін сезінеді. Сол себепті әрбір адамды мұқият тексерістен өткізеді. Нормативтік – құқықтық актілерде вакцина алуға келген адамдарға денсаулығына байланысты қойылатын арнайы сұрақтардың тізімі бар. Бұл сұрақтар міндетті түрде қойылады және олардың өз реті белгіленген. Ең бастысы осы сұрақтарға пациент шынайы жауап беруі қажет. Оған қоса олардың дене қызулары, қан қысымы, тамағы, терісі, көзі яғни көзге көрінетін өзгерістері тексеріледі. Қандайда бір затқа, препаратқа аллергиясы бар жоғы бәрі сұралынады. Осындай медициналық қарау арқылы екпе алуға келгендердің ағзасында белгілі бір вакцинацияға кері көрсеткіштер анықталып жаста, оның бәрі медициналық құжаттарына жазылып көрсетіледі. Медициналық кері көрсеткіш уақытша немесе түбегейлі болуы мүмкін. Және нормативтік-құқықтық актілеріміз бойынша, оқыған, үйренген, арнайы рұқсаты бар медицина қызметкерлері ғана вакцинация жасайды. Сол себепті, әрбір адамның өмірі барлық денсаулық сақтау саласындағы мамандарға маңызды, және біз бірігіп олардың өмірін қорғауға барымызды салудамыз деп ойлаймын.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан – Дидар ҚАЙРАТ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз