Университет қабырғасында оқып жүрген кезде Оралдағы облыстық қазақ драма театрына ұстазымыз Серікқали Шарабасов бізді жиі апаратын еді. Сол кезде жиі көрген қойылымдарымыздың бірі – «Бір түп алма ағашы» болатын.

Сол спектакльде мүгедек жігіт Мақсаттың рөлін сомдайтын актер Теміржан Матаевтың өз кейіпкерін көрерменнің жүрегіне жеткізе сомдайтыны соншалық, көз жасымызды төгіп отырып көретінбіз. Осы рөлдің өзін 10 жылдай сахнаға алып шыққан Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының белді актері Теміржан Матаевпен 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында сұқбаттасудың сәті түскен еді.

Мектеп бітіріп, сол кездегі ер-азаматтық ұстанымына орай Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген кейіпкеріміз 1991 жылы бұрынғы Дәулеткерей атындағы мәдениет және өнер институтына «Халық аспаптар бөліміне» оқуға түседі. Осы оқу орнында оқып жүріп, қазақ театрына келуіне себепші болған мына бір жайтты әңгімелеп берді:

– Біздің жатақханамыздағы жерлестеріне театр актері Мұсағали Бектенов жиі келіп жүретін. Оның домбырамен Ғарифолланың, Мұхиттың әндерін салғаны өзіме қатты ұнайтын. Бірде ол менен оқу бітірген соң қайда баратынымды сұрап, театрға келіп бағымды сынап көру жөнінде кеңес берді. Сол ұсынысы менің болашаққа деген жоспарымды құруға септігін тигізіп, 1995 жылы қолыма дипломымды алған соң қазақ драма театрының бұрынғы ғимаратына келдім. Театрда «Абай» қойылымында ойнайтын актерлерге кастинг жүріп жатыр екен. Мен сол кастингтен өтіп, Көкбайдың рөліне бекітілдім. Менің театрдағы алғашқы қадамымды бекіткен осы рөл болды, – деп есіне алды кейіпкеріміз.

Осылайша музыкалық жоғары білім алып келген Теміржан Хайратұлы қыры мен сыры, қиындығы мен қызығы мол театр әлеміне еніп кетеді. Өзін «театр актері» етіп қалыптастырған, өнердің осы түрін меңгерткен қара шаңырақ кейіпкеріміз үшін қашан да ыстық. Ол жылдарда Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының тұсауы кесілгеніне екі жылдай ғана уақыт өткен еді. Репертуарлық қоржынында «Айналайын ақ келін», «Қасқыр қақпан», «Шойын қатын» сынды санаулы қойылымдары бар мәдениет ошағының содан бергі тынысы – кейіпкеріміздің де көз алдында. Алғаш театр табалдырығын аттаған жылдарда Шаһарбану мен Қаяпберген Есенғұловтар, Амантай Сұлтанғалиев, Гүлнәр Жақыпова, Тельман Имашев сынды аға буын әріптестерінен үйренгені көп. Әсіресе, бүгінде сахна саңлағы Хадиша Бөкееваның есімін иеленген батысқазақстандық өнер ордасының мәртебесінің асқақтауына, абыройының биіктеуіне, ұжымның біліктілігін арттыруға театрдың бұрынғы басшысы Құжырғали Төлеуішовтің сіңірген еңбегі зор екенін атап өтті. Жоғарыда есімдері аталған өнер иелерінің есімін ерекше құрметпен атаған кейіпкеріміз бүгінде елордалық театрға ауысып кеткен Боранбай Молдабаев, Ербол Есендосов, сондай-ақ марқұм Мықтыбай Жылыбаев секілді әріптестерінің де Хадиша театрының тарихында өзіндік орындары бар екенін жеткізді.

Сұқбат барысында актер өзінің жеке шағын «мұрағатын» да көрсетті. Түрлі қойылымдардың сценарийлері, кейіпкерлердің сөздері, өз рөлдері қатталған қойын дәптерлер өнер иесінің бұл салаға аз тер төкпегенін байқатты. «Театр сахнасында қанша рөл еншіңізге тиді» деген сауалымызға жауап ретінде актер өз рөлдері жазылған ақ парақты алдымызға жайып салды. М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде» – Жапал, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншегінде» – Абдолла, Т.Ахтановтың «Күшік күйеуінде» – Бекболат, С.Асылбековтің «Бір түнгі оқиғасында» – Баймырза, С.Досановтың «Тозақ шеңберінде» – Волков және өзге де рөлдері жазылған ұзын-сонар тізімге қарап отырып, Теміржан Хайратұлының 60-қа жуық кейіпкерді сахнада ойнағанына көзіміз жетті. Алайда бұл үлкенді-кішілі рөлдері ғана екен, оған қосалқы құрамда ойнаған кездерін қоссаңыз, одан да асып түседі деген сөз.

– Жалпы мен сахнада ойнайтын кейіпкерлерім жағынан да, режиссерлармен жұмыс жасау жағынан да бағым жанған актермін десем болады. Маған Бауыржан Момышұлы, Құнанбай, Жұбан Молдағалиев, Нұрғиса Тілендиев, Жәңгір хан, Семеке хан, Сталин секілді ірі тұлғаларды сомдау бақыты бұйырды. Бұлар – үлкен дайындықты, жан-жақты ізденісті талап ететін рөлдер болғаны рас. Алайда спектакльдердегі рөлдердің қай-қайсысы да оңай емес. Ал халыққа танымал тарихи тұлғаларды ойнау үлкен жауапкершілікті, ізденісті, мол еңбек пен талантты қажет етеді. Көп жағдайда режиссерлардың талабына бағынамыз, – деді Теміржан Хайратұлы.

Даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы «Ноқтаға басы сыймаған» қойылымын батырдың келіні Зейнеп Ахметова да көріп, атасының рөлін ойнаған актер Т.Матаевқа ілтипатын білдіріп, сахнаға шығып, өзі иіліп сәлем салған екен. Көрнекті патриот ақын Ж.Молдағалиевтің 100 жылдығына орай сахналанған «Жұбан» поэтикалық драмасын көпшілікпен бірге тамашалаған қаламгердің жары София Молдағалиева да актерге ризашылығын білдіріп, Жұбан ақынның кітабын тарту еткен. Осындай сәттер актердің мерейін үстем етіп, еңбегінің еленгеніне марқайтатынын жасырмады.  Театр сахнасында түрлі қойылымдарды сахналаған Чапай Зұлқашев, Қуандық Қасымов, Сердеш Қажымұратов, Нұрлан Жұманиязов, Әлімбек Оразбеков, Мұрат Ахманов, Мұқанғали Томанов, Гаухар Адай сынды режиссерлармен жұмыс жасаған актер олардың әрқайсысының жұмыс үрдісінен өзіне қажетті дүниені алғанын айтты. Алдыңғы буыннан бойына мол тәлім-тәрбие сіңіріп, өнерге қызмет етіп жүрген актер кейінгі толқын – жастардан да жаңашылдықты үйренумен келеді. – Негізінен біздің театр эксперимент әдісімен жұмыс жасауды ерте бастап кеткен екен. Мұны өзіміз сезінбесек те, өзгелер мойындап жүр. Дегенмен, театр – шынайы өнердің ордасы. Талғамы жоғары көрерменнің де ықыласы біз үшін маңызды. Спектакль соңында халық ерекше қошемет көрсетсе, актер да еңсесін тіктеп, көрерменнің көзіне тура қарай алады. Егер менің өнеріме көрерменнің көңілі толмаса, өзім де олардың жүзіне тура қарауға шыдамас едім, – деді Теміржан Хайратұлы.

Облыстық қазақ театры күні бүгінге дейін өсіп-өркендеу үстінде. Театр актерлары да өз өнерлерін жоғары деңгейде мойындатып, жетістіктерімен танылып келеді. Теміржан Матаев та – Н.Жантөрин атындағы аймақтық көркемсөз оқу шеберлерінің лауреаты, «Мәдениет саласының үздігі», «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері. Аймақтық байқаулардың бірінде танымал театр сыншысы Әшірбек Сығай Т.Матаевтың сахнадағы өнеріне риза болып, кәсіби тұрғыда білімін жетілдіруге кеңес берген екен. Алайда отбасылы актердің үлкен қалаға барып, актерлық білім алуға мүмкіндігі болмаған. Дейтұрғанмен, өзіндік ізденісін әлі күнге дейін тоқтатқан емес. Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында еңбек етіп жүргеніне 26 жылдың жүзі болған кейіпкеріміз ешқашан «болдым, толдым, жетілдім» деп айтқан емес.

Отбасында жарымен бірге қызғалдақтай қыз тәрбиелеп отырған актер-әке перзентінің өнер жолына түскенін жүрегі қаламайтынын айтты. Өнерге бір рет қадам жасап көрген қызы кішкентайында Орал қаласында түсірілген отандық «Күләш» телесериалына түсіпті. Ал бүгінде мектеп қабырғасында оқып жүрген қызының өнерден бөлек өз арманы, өз мақсаты бар. Аталған фильмде Теміржан Хайратұлы да НКВД қызметкерінің рөлін ойнаған екен. Қазіргі уақытта әлеуметтік бейнероликтерге түсіп, камера алдындағы шеберлігін шыңдап жүрген жайы бар. Киноға шақырту түсе қалған жағдайда, бас тартпайтынын да айтты.

24 жасынан бастап осы қара шаңырақта еңбек етіп келе жатқан жерлесіміз үшін әр жылдарда қызметтес болған әріптестердің әрқайсысының өзіндік орны бар. Өзі туралы сөз қозғалғанда кейіпкеріміз жағымпаздықты ұнатпайтынын, әділдік пен шыншылдыққа жақын екенін, орнымен сөйлегенді жақсы көретінін жеткізді.

Өнер саласында театр өнерінің орны бөлек. Көз жасының тамшысындай мөлдір өнердің дамуына үлес қосып жүрген өнер иелері туралы көптеп жазуға болады. Осындай абыроймен еңбек етіп жүрген актерлары бар Хадиша театрының да шығар биігі мен алар асулары әлі таусылмасы сөзсіз.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Батыс Қазақстан облысы 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз