Жамбыл ауданы əкімдігінде жайылым жер мəселесі жөніндегі облыстық прокуратурамен бірлескен алқа мəжілісі өтті. Жиынды облыс прокуроры Нұрғалым Əбдіров ашып, өңірдегі пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді анықтау, ревизия жүргізу, мемлекет қорына қайтару бойынша жұмыстар барысы туралы облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы баяндады. Ол: «Облыстағы жер қорының 32 пайызы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Ал жайылымдық жердің көлемі 34 миллион гектардан астам. Мəселен, прокуратура тарапынан жүргізілген тексеріс барысында Байзақ ауданындағы «Тұрсынбай» шаруа қожалығы 15 гектар жайылымдық жерді пайдаланбай отырғаны белгілі болған. Сол сияқты жайылымдық жерге қатысты заң бұзушылықтарға Шу ауданында да жол берілген. Бұдан бөлек, облыс бойынша 673 мың гектар жайылым 157 латифундистердің пайдалануында. Бұл анықталған жерлер негізінен Қордай, Шу, Мойынқұм жəне Талас аудандарында орналасқан. Ревизия барысында кейбір ауыл әкімдері бірде-бір малы жоқ адамдарға жайылымдарды мақсатсыз үлестіргені анықталған. Сонымен қатар, жер иесі қайтыс болып кеткен азаматтардың жайылымдық жерлері де қайта рəсімделмеген болып шықты», – дей келіп, сөзінің соңында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы мен жайылымдық жерлерді мемлекет қорына қайтаруды жолға қою үшін облыс әкімдігі жанынан арнайы жұмыс тобын құру ұсынысын айтты. Облыс əкімі Бердібек Сапарбаев: «Баяндамаңызда облыста пайдаланылмай жатқан үш мыңнан астам жайылымдық жер анықталғанын айтып қалдыңыз. Қазіргі таңда оның қаншасы мемлекет қорына қайтарылды? Біз ол игерусіз жатқан жерлерді қайтарып қана қоймай, қайта айналымға қосуымыз керек, осыны нақтылай кетсеңіз. Мәселен, Талас ауданында 2013 жылы дүниеден өтіп кеткен тұрғынның атына 234 гектар жайылым жер тіркелген. Бірақ ол жер əлі күнге дейін ешкімнің атына рәсімделмеген. Оны біреу пайдаланып келеді ғой. Ол жер неге мемлекет қорына қайтарылмаған. Сондай-ақ «Шəушенова» шаруа қожалығының еншісінде 6600 гектар жайылымдық жер бар, ал қожалықтың иелігінде бірде-бір мал жоқ. Осындай

мысалдар көп. Бұған кім жауап береді?» – деп, Талас, Шу мен Қордай аудандарының бірнеше ауылдық округ әкімдерінен онлайн режимде мәлімет сұрады. Өкінішке орай ауыл әкімдері өз округіне жауапты елді мекендегі шаруа қожалықтардың малы бар-жоғын білмейтін болып шықты. Ешқайсысы нақты жауап бере алмады. Баяндамашы: «Бүгінгі таңда 263 гектар жер қайтарылған, қалған жерлер бойынша заң аясында қайтару шаралары қолға алынып жатыр», – деумен шектелді. Аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына облыстық және аудандық прокуратура өкілдерімен бірлесе жұмыс істеуді тапсырған Бердібек Сапарбаев: «Біз ревизияны бекерден бекер жүргізіліп отырған жоқпыз. Бұл – Мемлекет басшысының тапсырмасы. Ең негізгісі біз барлық жерді нақтылауға тиіспіз. Ауыл манындағы жайылымды кеңейтіп, халықтың мал ұстауына, мал басын көбейтуіне жағдай жасауға міндеттіміз. Сондықтан аудан əкімдері мен ауыл əкімдері жұмыс істеу керек. Жұмыс тобының қызметін жандандырып, тез арада пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекет қорына қайтару қажет», – деп қадап айтты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз