«Қобыз сарыны» – көне ғасырлардан жеткен бабалар үнін құлаққа әкеледі. Сайын даланың төсінде орын алған мұң мен нала, қуаныш пен шаттық та қобыз шанағынан лықси төгіледі. Кейде күңіреніп, кейде еміреніп шыққан қобыз сарыны – жан жүрегіңді баурап, тұла-бойыңды шымырлатып жібереді-ай….
Бұл «Конгресс Хол» сарайының «Астана» концерт залында өткен республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Жанар Жүсіпованың «Қобыз сарыны» атты музыкалық кешінен алған әсеріміз.
Осы кеште қобызшының орындауында Сүгірдің «Қаратау шертпесі», Боғданың «Қара жаяу» және Тәттімбеттің «Секіртпе», «Азамат қожа» және т.б. күйлері нақышына келе шырқалды.
Сондай-ақ, автордың жеке туындылары Астана қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының қазақ оркестрінің (бас дирижеры және көркемдік жетекшісі – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айтқали Жайымов, дирижер республикалық байқаулардың лауреаты Нұрлан Бекенов) сүйемелдеуімен орындалды. Қобызшы қыздың мерекелік кешіне ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыргөзов, Анар Мұздаханова, халықаралық байқаулардың лауреаты Алмат Сайжан қатысты. Концерттің құрметті қонағы ҚР еңбек сіңірген әртісі Тұрар Әліпбаев болғанын баса айтқанымыз жөн.
Жанар Жүсіпова – елге танымал көптеген күйлер мен әндердің авторы. Атап өтер болсақ, «Ана тағдыры», «Көкек», «Гүлсім ханымға», «Керуен», «Кеңес», «Тәуелсіздік сарыны», «Еске алу» және т.б көптеген шығармалары ел арасында орындалып жүр. Бұл туындылардың барлығы да «Қобыз сарыны» концертінде көрерменге ерекше көңіл — күй сыйлады. Сонымен қатар, Жанар Жүсіпованың осы кеште «Аққу қаздар» атты жаңа шығармасының тұсауы кесілді.
Жанар Жүсіпова – дәстүрлі музыка өнерін сақтау мен насихаттауда ерен еңбек етіп жүрген талант иесі. Оның барлық шығармашылық қызметі осыған дәлел. Ол бірнеше рет халыққа жеке концертін беріп, дисктер шығарып, ел-жұрттың ықыласына бөленген жан. («Жез киік», «Саржайлау») және жоғары оқу орындарында белсенді қолданылып жүрген оқу құралдарын («Қоңыр саз», «Пьесы для кобыза» және т.б.) кітаптардың авторы.

Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз