Жуырда осындай атаумен «Букроссинг» еркін кітап алмасу облыстық жобасының салтанатты түрде ашылу шарасы Талдықорған қаласының «Жастар» саябағындағы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың ескерткіші алдында өтті. Бұл шараның өткізілуіне ұйытқы болған Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы, облыстық ішкі саясат және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармалары. Аталмыш шараға қала тұрғындары, басқарма, мекеме қызметкерлері , облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мүшелері қатысты. Бұл шараны Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Башбаев ашып, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып отырған «Букроссинг» еркін кітап алмасу жобасының маңызы мен мәні жайында айтып өтті.
-«Рухани жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек» деп Елбасымыз айтқандай, сананы жаңғыртумен қатар ішкі жан дүниені өзгертуді әркім өзінен бастауы қажет. Бұл жерде кітаптың қосар үлесі мол. Себебі, кітап оқуды қойған адам – ойлауды да қояды,-деді өз сөзінде Айдар Карбозұлы. Сондықтан қаламыздың халық көп жиналатын орындарында кітап сөрелері жасалып, оған әлем және қазақ әдебиеті классиктерінің еңбектері мен балалар әдебиетіне қатысты кітаптар қойылып отыр. Кез келген оқырман осы кітап сөрелерінен өзін қызықтыратын оқулықтарды тегін алып, оқуына, сонымен қатар ұнатқан кітабын жеке кітапханаларындағы кітаппен алмастыруларына болады. Кітапқа деген оқырмандардың қызығушылығын таныту және оңай қол жеткізу мақсатында әзірге Талдықорған қаласының Арбаты бойында, Жастар саябағында және Қаратал өзенінің жағалауында көшпелі кітапхана орналастырылады. Ал, ұсынылған кітап саны 600-ге жуық, Алдағы уақытта оқырмандардың, кітапқұмарлардың өтінішімен оқып, танысуға ұсынылған әдебиеттердің саны өсуі мүмкін.
Шара барысында «Жетісу» газетінің бас редакторы, ақын Әміре Әрін мен «Кәсіпкер» журналының бас директоры Гүлжиян Сүлейменова ашылу салтанатының қызыл лентасын қиып, жобаға қолдау білдірді. Алғашқы құттықтау сөз «Алаш» сыйлығының иегері , ақын Әміре Әрін алды. Ол
қазақ даласы мыңдаған жыл бойы өркениеттің ошағы болғандығын атап өтіп, аталған жобаның жас ұрпақтың келешегі үшін үлкен маңызы бар екендігін жеткізді
Бұл шараға ұжым болып, ауыл-аймақ болып атсалысамыз. Халқымыз аман болсын, саналы болсын дейміз. Қазақ жұрты табиғатынан көп білуге құштар халық. Қазірде баспа өнімдеріне деген сұраныс ұлғайып келеді. Бізге рухани жаңғыру үшін жатпай-тұрмай көп ізденіп оқуымыз керек. Әсіресі өскелең жастар үшін бұл жоба аса қажет,– деп Әміре Әрін шын ризашылығын білдірді. Артынша сөз алған Гүлжиян Сүлейменова: «Ұрпаққа қалдырар ең үлкен мұра – кітап», – деген өз пікірін білдіріп, жастарды кітап оқуға, сол арқылы білімін жетілдіруге шақырды.
Бұл жобаның мақсаты – оқырмандардың, соның ішінде жастардың интеллектуалдық тұрғыдан толығуына, рухани жаңғыруына септігін тигізіп, кітапты білім құралы ретінде пайдалану жолдарын жеңілдету, қала тұрғындарының кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру болып табылады. Әр бір жаңа бастаманың жүзеге асуы үшін белгілі бір уақыт қажет екені белгілі. Сондықтан көпшілік көңілінен шығып жатса, облыстың барлық өңірінде жүзеге асыруға ықпал еткен дұрыс.
Ақиқатын айтсақ күнделікті тынымсыз тіршіліктің ағымына ілесіп жүріп, көп жастар кітап оқуға уақыт таппай жатады. Әлеуметтік желінің шырмауына шырмалған жастар әдеби көркем дүниелердің бар екенінен де бейхабар. «Абай жолын» оқымаған жастарда арамызда жүр. Әр бір адамның өресі деңгейін кеңейтуге ықпал ететін әдебиет екенін екінің бірі мойындай бермейді. Күндердің күнінде адамдар оның ішінде жастар жағы әдебиет әлеміне ат басын бұратынына сенімдіміз. Әзірше кітапқұмар оқырмандарды жаңа жобаны қолдауға шақырамыз. Бұл игілікті бастама білімділікке жол ашары анық.
Нұрила Бектемірова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз