Нұр-Сұлтан қаласын дамытуға ең алдымен еңбек күші қажет. Әсіресе алдағы үш жылда қаланың өркендеуі үшін кадр проблемасын шешу маңызды. Қалалық Кәсіпкерлер палатасы алдағы үш жылда ең сұранысқа ие болатын мамандыққа талдау жасап, құрылыс саласына жұмысшылар мен инженерлік-техникалық мамандар жетіспейтінін анықтады. Зерттеуге сәйкес 2021-2023 жылдары аталған салаларда жұмыс істейтіндерге сұраныс артады.
«Біз қаладағы 3347 компанияны қамти отырып, сол кәсіпорындарда жұмыс істейтін 97670 адамды сауалнамаға қатыстырдық. Соған сәйкес 2021 жылы кадр тапшылығы 8338 адам болса, 2022 жылы 2473 жұмыс орны, ал 2023 жылы 2215 вакансия бос болады. Елордалық компаниялар 277 мамандық бойынша кадрларға зәру. Бұл, ең алдымен, құрылыс секторының және инженерлік-техникалық саланың мамандары. Сонымен қатар денсаулық сақтау және білім саласында да мамандарға сұраныс артады», – дейді Кәсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов.
Бас қалада жұмысты өңдеу өнеркәсібі саласында, әкімшілік және көмекші қызмет көрсету, электрлік, энергиямен жабдықтау, ІТ, кәсіби және ғылыми қызмет саласында да жұмыс табуға болады. Нұр-Сұлтан қаласында ең сұранысқа ие 20 мамандықтың ішінде сумен жабдықтау, қоқыстарды жою, жылжымайтын мүлік саласы бойынша да өкілдер бар. Жұмысқа алу үшін жұмыс берушілер кәсіби білім, күйзеліске төзімділік, тіл табысу, креативтілік сынды талаптарды қояды. Бұл ретте көп компания кәсіби салада тәжірибесі болмаса да жұмысқа алуға дайын.
– Құрылыс саласындағы жұмысшыларға сұраныстың жоғарылап кеткені сонша, құрылыс компаниялары жұмысқа кәсіби дағдылары төмен болса да адамдар алуға әзір отыр. Себебі білікті кадрлар іздеу көп уақыт алады, оның үстіне жақсы маман тартуға ресурс керек. Бұл мәселе карантин шектеулерін енгізіп, кейбір мемлекеттермен арада шекараның жабылуымен өткірлене түсті, себебі жұмысшы күшінің негізін басқа мемлекеттен келетіндер құрайды. Сондықтан осы мәселе бойынша шетелдік жұмысшы күшіне патент енгізу туралы ұсыныстар да айтылды, – деп атап өтті Алмат Жүнісов. Ол сондай-ақ бұл мәселе «Атамекен» ҰКП және мемлекеттік органдардың қатысуымен өтетін жұмыс тобында талқыланып жатқанын жеткізді.
Соған қоса «Кеңмарт», «Small», «MagnumCash&Carry» супермаркеттерінің, «Беркат» консорциумының кеңейтілуіне байланысты бұл жұмыс берушілер орта буын мамандар бойынша 300-ден астам бос жұмыс орнына сұраныстары бар екенін көрсетті: атап айтқанда, бақылаушы кассирлер, сатушы-консультанттар, мерчендайзерлер. Қаланың коммуналдық кәсіпорындары және іске қосылған МИБ, яғни мүлік иелері бірлестіктері жұмысшы кадрлар мен инженерлік-техникалық мамандар сұратады. – Осы мәселелерді шешу үшін Нұр-Сұлтан қаласының Кәсіпкерлер палатасы Білім басқармасына 2021-2022 оқу жылы үшін құрылыс саласына, сонымен қатар маркетинг және қосымша техникалық мамандықтар дайындауға мемлекеттік білім беру тапсырыстары сандарын арттыру қажеттілігі туралы ұсыныстар жолдады, – деді А.Жүнісов.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз