«Біздің облыс Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастар үшін тартымды болуы тиіс. Ол үшін не істеліп жатыр? М.Қозыбаев атындағы СҚУ жаңғыртылуда, оқу корпустары жөнделеді, 1 200 орындық тағы екі жатақхана құрылысы басталады. Жыл соңына дейін заманауи оқу-зертханалық корпус ашылады, онда 73 озық зертхана орнатылады. Сондай-ақ, облыс орталығында Nazarbayev University типі бойынша жаңа жоғары оқу орны пайда болады», – деп жазды Ақсақалов әлеуметтік желілердегі парақшасында.

Құмар Іргебайұлы жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық географиясы кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Ол үшін облысқа Аризона штатының университетінен (АҚШ) делегация келді. Келіссөздер қорытындысы бойынша, Америка университетінің өкілдері Солтүстік Қазақстаннның жоғары оқу орнымен ынтымақтасуға дайын екенін хабарлады.

«Біздің жоғары оқу орнымызды Аризона университетіне сенімді басқаруға беру мәселесі қарастырылуда. Бұл тәсіл өз жемісін береді, өйткені Аризона университетінде сапалы білім беру бағдарламасы мен озық технологиялар бар. Аризона әлемдегі ең үздік 100 университеттің қатарына кіреді. Олардың Нобель сыйлығының үш лауреаты бар, NASA аэроғарыш агенттігімен ынтымақтасады», – деп атап өтті өңір басшысы.

Өз парақшасында Құмар Ақсақалов Солтүстік Қазақстан жастарында шетелдік оқу орнымен білім алмасудың тамаша мүмкіндігі пайда болатынын ерекше атады.

Айта кетейік, қазіргі таңда Солтүстік Қазақстан университетінде 7 706 студент білім алуда. Жыл сайын ЖОО 1 800-ге жуық маман даярлайды.

Соңғы төрт жылда мұнда шетелдік студенттер саны төрт есе өсті. Бүгінде жергілікті университетте Үндістан, Қытай, Моңғолия, Ресей және Өзбекстаннан келген 379 адам жоғары білім алуда.

Осы жоғары оқу орнында «Мәңгілік ел жастары индустрияға!» – «Серпін -2050» жобасы 2014 жылдан бастап жүзеге асырылуда.

Бұл маңызды әлеуметтік жоба жастардың бәсекеге қабілетті болуға ұмтылысын білдіреді, шығармашылық қабілеттерін ашуға көмектеседі, еңбек ресурстары мол өңірлердің жастарын кадр тапшылығы бар өңірлерге тартады.

Бүгінде «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» – «Серпін-2050» мемлекеттік бағдарламасы жастарды қолдау бастамасына айналды.

Осы жылдар ішінде, яғни 2014-2020 жылдар аралығында осы бағдарлама бойынша Қызылжар өңіріне 2 мыңнан астам ұл мен қыз келді.. Солардың 955-і оқуын аяқтады. Бүгінгі күні 825 студент – М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде, 95-і Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжде білім алуда. Бүгінгі күнге дейін 965 бала оқуды аяқтап (оның ішінде 585 – СҚУ-ді, 380-і колледждерді), педагогикалық, ауылшаруашылық, техникалық, медициналық және басқа мамандықтар бойынша диплом алды.

Былтыр «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша оқу бітірген 203 түлектің 77-сі өңірде жұмысқа орналасса, 92-сі магистратурада білімін жалғастыруда. Оқуға түсіп, жұмысқа орналасқандар барлық студенттің 94 пайызын құрайды. Биыл 237 студент оқуын аяқтайды деп күтілуде. Облыс басқармаларымен бірлесе отырып түлектерді жұмысқа орналастыру белсенді жүргізілуде. Әрбір түлекке жұмыс орны ұсынылмақ. Мәселен, Петропавл электротехникалық зауытына – 31, «Claas» зауытына 4 түлек жұмысқа алынбақ.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов аталмыш бағдарламамен оқып жатқан студенттермен жиі кездесіп, олардың диплом алып шыққаннан кейін өңірде еңбек етуіне, жеңілдетілген несиемен баспаналы болуына, отбасын құрған серпіндіктердің демеу қаржыға иеленуіне ерекше назар аударып келеді. Мұндай қамқорлықтан оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған отбасылардың балалары да шет қалып отырған жоқ. Оларға облыс әкімінің арнайы гранты бар.

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз