«Былтырғы қателіктерді қайталауға болмайды»

Енді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында қаузаған мәселелерін рет-ретімен талдап көрмекпіз.

Қазір еліміздің біраз өңірінде аспаннан бір тамшы тамбай безеріп тұр. Соның салдарынан өрт көп. Алдағы қыстан қорыққан ағайын аздаған малын сатуға қамданып жатқаны айтылуда. Осыны білетін Президент Үкіметке қуаңшылыққа тап болған өңірлерге көмек көрсетуді тапсырды.

«Жалпы осыған дейін бұл министрлікте бірқатар басшылар болды. Алайда әр министр өз бағдарламасын жүзеге асырған еді. Нәтижесінде мұндай жұмыс саланы қауқарсыз күйге түсірді, шаруаларды әбден қажытты. Үкімет пен әкімдер «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, зиян шеккен фермерлерге қолдау көрсету үшін шұғыл түрде кешенді шаралар әзірлеуі тиіс. Үкіметтің төтенше жағдайларға арналған резервін пайдаланыңыздар, қажетті көмекті беріңіздер», – деді Президент.

Мемлекет басшысы өңіраралық және салааралық мәселелерді шешу үшін құрылған республикалық штабтың жұмысына көңіл толмайтынын да ашық айтты. «Жалпы республикалық штаб жедел жұмыс жүргізуі керек. Қабылданған шаралардың бағыты фермерлерге анық әрі түсінікті болуға тиіс. Мына нәрселерге назар аударғым келеді:  мемлекет міндетті түрде қажетті көмекті көрсетеді. Сондай-ақ, шаруалар да ортақ жұмысқа атсалысуы қажет. Ең алдымен қиындыққа тап болған өңірлерге жемшөпті жедел жеткізіп, малдың қырылуын тоқтату керек. Төтенше шара ретінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан шөп жинау мүмкіндігін қарастырған жөн», – деді.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында өңірлердегі қуаңшылықта тиісті жұмыс атқармағаны үшін, Ауыл шаруашылығы министрін отставкаға жіберді.

Бір жарым жыл бойғы карантинның кесірінен, халықтың табысы азайып, әлеуметтік жағдайлары төмендегенінен де хабардар болып шықты президент. «Тағы бір мәселе – жұмыспен қамту және халықтың табысын арттыру. Пандемияның салдарынан қаржылай табыстың азаюы өзекті мәселеге айналды. Кедейшілік деңгейі 4,5 пайыз болды. 800 мыңға жуық азаматымыздың кірісі күнкөріс деңгейінен төмен. Тұрғындардың нақты әрі атаулы табысының өсімі азайып кетті. Табыс түрлеріндегі өзгерістер де көңіл көншітпейді», – деді Үкімет мүшелеріне шүйлігіп.

Мемлекет басшысының айтуынша, зейнетақы, жәрдемақы, шәкіртақы сияқты әлеуметтік трансферттер артқанымен еңбек табысы азайып бара жатыр. «Шұғыл әрі ауқымды шаралар қабылдау қажет. Бұл шаралар еңбек табысы мен кәсіпкерлік қызметпен айналысудан түсетін табысты арттырып, көлеңкелі экономиканың ауқымын азайтуға және басқа да бастамаларды қамтуға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қуаңшылықтан зардап шеккен шаруаларға қолдау көрсету үшін бірқатар тапсырма берілді. «Өкінішке қарай, біздің елімізден бөлек, басқа аймақтардағы ауа райы да қолайсыз болып тұр. Соның салдарынан көршілес мемлекеттерде жем-шөпке деген сұраныс күрт артуы мүмкін. Үкіметке «Атамекен» ұлттық палатасымен бірлесіп, жедел түрде жем-шөпті сыртқа шығаруға уақытша тыйым салуды қарастыруды тапсырамын. Анағұрлым зардап шеккен фермерлерді қолдау үшін Үкіметті, әкімдіктерді және даму институттарын несиелерді қайта құрылымдау және жем-шөпке қосымша субсидиялар бөлу жұмыстары күтіп тұр», – деп атап өтті Президент. Үкіметтің кеңейтілген отырысында сондай-ақ, әкімдіктер мен әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары және ҚР АШМ жедел түрде өзге өңірлерден жем-шөп сатып алу үшін жеңілдікті қаржыландырумен қамтамасыз ету керек. «Бұл проблема қайталанады. Сондықтан, жедел шаралардан басқа саланы жем-шөппен қамтамасыз етуді арттыру бойынша жүйелі шаралар қажет. Жем-шөп жинау жабдығын субсидиялауды жетілдіру, егін мен қоспа жемге арналған өнімдерді сатып алу көлемін ұлғайту қажет. Үкімет пен даму институттары жем-шөп өндірісі кезінде қуаңшылықтан сақтандырудың қолжетімділігін жақсарту мен арттыру бойынша шаралар қабылдауы керек», – деді президент. Сонымен бірге, Үкімет тарапынан, мемлекеттік және салалық институттардан болжау қызметі аса қажет. «Ауыл шаруашылығы үшін жем-шөп – өндіріс, яғни бизнесті жүргізу факторларының бірі екенін ұмытпау керек. Біз нарықтық әлемде өмір сүріп жатырмыз, оның жағымды және жағымсыз жақтары бар. Сондықтан фермерлер жем-шөппен қамту мәселесіне асқан жауапкершілікпен қарауы тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі әсіресе мемлекеттік субсидия алу бойынша мониторингті күшейтуі тиіс. Бұл әділетті», – деді Қ. Тоқаев.

Сонымен қатар ол: «Ауылдың ахуалына баса назар аудару қажет. Менің тапсырмам бойынша Жамбыл облысында ауыл тұрғындарының табысын арттыру жөніндегі пилоттық жоба жүзеге асырылды. Нәтижесі жаман емес. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 2 есеге артты. Мал басы 24 пайызға өсті. Жұмыссыздар, атаулы әлеуметтік көмек алатындар, тіркелмей өзін өзі жұмыспен қамтығандар саны азайды. Үкімет бұл жобаның ауқымын кеңейту мүмкіндігін қарастыру керек», – деп келелі мәселені бір қарпып өтті.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы табыссыз қалған азаматтарымызды қолдау мақсатымен «Жұмыспен Қамту жол картасы қабылданғанына баса назар аударды. «Бұл бағдарламаға триллиондап қаржы жұмсалды. «Жұмыспен қамту» жол картасын жүзеге асыру барысында бірқатар кемшіліктер болды. Бұл туралы мен өткен жиында атап көрсеттім. Соған қарамастан біз биыл әкімдердің өтініші бойынша жобаны жалғастыруды ұйғардық. Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп, жобаларды сапалы түрде жүзеге асыруды тапсырамын. Былтырғы қателіктерді қайталауға болмайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ауылға мойын бұрмай, еңсе тіктеу қиын

Ауызсу мәселесі ешкімге жасырын емес. Президент оны да тілге тиек етті.

«Бүгінде 700 мыңнан астам тұрғыны бар 1 922 ауыл таза ауыз суға зәру болып отыр. Қостанай облысы тұрғындарының 35 пайызы, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстары тұрғындарының 20 пайызға жуығы сапасыз су ішіп отыр. Суды тұтыну көлемі артқан сайын су инфрақұрылымы да ескіріп бара жатыр. Еліміз бойынша сумен қамтамасыз ететін нысандардың 22 пайыздан астамы тозған. Атап айтқанда, Алматы қаласында 58 пайыз, Шығыс Қазақстан облысында 42 пайыз, Жамбыл облысында 36 пайыз, Қарағанды облысында 34 пайыз. Жауапсыз кәсіпкерлердің кесірінен ауыл тұрғындары суға мұқтаж болып отыр. Мұндай деректер жиілеп кетті. Өкінішке орай, бұған жергілікті атқарушы органдар жол беруде. Мысалы, Түркістан облысында Біркөлік, Екпінді және Қорған ауылдарының тұрғындарына арналған ауыз суды демалыс орындары бассейнді толтыру үшін пайдаланған. Сөйтіп, халыққа су бермей қойған. Бұған тиісті бақылау жасамаған жергілікті билік кінәлі», – деді Президент қатуланып.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, ауыз судың тапшылығына жер қойнауын пайдаланушылардың әрекеті де себеп болып отыр. Кен орындарын игеру кезінде ауыл тұрғындарын сумен қамтамасыз етіп отырған өзендер тартылып, бұлақтар сарқылып жатыр. «Мұндай жағдайға Батыс Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстары да тап болуда. Үкіметке облыс әкімдерімен бірлесіп, осындай деректерді түгел анықтап, тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын. Сондай-ақ болашақта оған жол бермеу үшін бақылау жүйесін әзірлеу қажет. Тиісті ұлттық жоба аясында сумен қамтамасыз ету мәселелері кешенді түрде шешіледі деп сенемін», – деді Үкіметке тағы бір мүмкіндік бергісі келгендей сарында.

Үкіметтің кеңейтілген отырысын қорытындылаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік аппаратқа жұмылып жұмыс істеуді тапсырды.

«Мемлекеттік қызметшілер осынау еліміз үшін күрделі сәтте жұмылып жұмыс істеу керек. Сіздерге бастамалар көтеріп, қажет кезінде шұғыл шешім қабылдай алатын қабілет таныту керек. Бастама айтпайтын, немқұрайды шенеуніктер бізге керек емес», – деді мемлекет басшысы. Президент құқық қорғау органдарына жемқорлықпен күресте объективті болудың маңызы зор екенін баса айтты. «Құқық қорғау органдары мемлекеттік аппараттың жұмысынан сыбайлас жемқорлықты анықтау кезінде қырағылық, жеделдік, обьективтілік танытуы керек. Шын кінәлілерді заң бойынша жазалау қажет. Мемлекеттік сатып алуларға ерекше назар аударған жөн. Бұл сала әлі де болса ашық болмай тұр. Жол және басқа да құрылыс түрлерінде лауазымды теріс пайдалану мәселесіне, әсіресе, ірі және орта инфрақұрылымдық жобаларға осындай назар аудару керек. Бір сөзбен айтқанда, сыбайлас жемқорлықпен жүйелі, бірізді күрес біздің мызғымайтын басым бағытымыз болып қалуы керек. Мемлекеттік аппарат жинақы болуы керек және нәтижеге бағдарланған болуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкіметке азаматтардың табысын арттыру үшін ұсыныстар әзірлеуді ерекше тапсырды.

«Қазіргі таңда еңбек ұжымдарындағы жалақы мөлшері мен еңбек жағдайына байланысты наразылықтар көбейіп келеді. Әлеуметтік серіктестік жөніндегі үшжақты комиссиялардың еңбек дауларын болдырмауға қатысты жұмысы мардымсыз. Тек қағаз жүзінде ғана жүргізіледі деуге болады. Үкімет жұмыс берушілер және жұмысшылар ұйымдарымен бірлесіп, үшжақты комиссиялар қызметінің тиімділігін арттыру үшін пәрменді шаралар қабылдау керек. Өңірлерде үшжақты комиссияларды әкімдердің өздері басқаруға тиіс», –деген Мемлекет басшысы туындайтын мәселелерді алдын ала болжап, еңбек ұжымдарымен және жұмыс берушілермен ашық әңгімелескен жөн екендігін баса айтты. «Тағы да қайталап айтамын, біздің басты міндетіміз – халықтың әл-ауқатын арттыру. Үкіметке азаматтардың табысын арттыру үшін ұсыныстар әзірлеуді тапсырамын. Бұл оңай жұмыс емес. Өйткені, жұмысшылардың, жұмыс берушілердің мүдделері және бюджеттің мүмкіндігі арасындағы теңгерімді табу өте маңызды. Жұрттың күтіп отыратыны да осы. Қазақстан халқына Жолдауымда бұл бағыттағы нақты шаралар жөнінде айтуым керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазіргі өзекті болып тұрған проблеманың бірі оқушылар мен студенттердің дәстүрлі оқу жүйесіне оралуын қамтамасыз ету болатын. Президент оны да ұмытпай, Үкіметтің есіне салды.

«Пандемия кезінде оқушылар мен студенттер қашықтан оқуға мәжбүр болды. Бұл жағдай білім сапасына кері әсерін тигізді. Сондықтан, өткен оқу жылында жіберілген кемшіліктердің орнын толтырып, жаңа оқу жылында көштен қалып қоймауымыз керек. Мұның бірден бір жолы – оқытудың бұрынғы форматына көшу екені анық. Үкіметке жаңа оқу жылында оқушылар мен студенттердің дәстүрлі оқу жүйесіне оралуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Коронавирустың жаңа штаммдары пайда болып жатқан кезде бұл міндетті орындау оңай еместігін түсінемін. Сол себепті оқушылар мен мұғалімдерді барынша қорғайтын кешенді тәсіл әзірлеу керек», – деді Президент.

ТҮЙІН:

Сонымен Ауыл шаруашылық министрі қызметінен кетті. Президенттің бұйрығын қолдағандар да, қолдамағандар да жетерлік. Себебі қазіргідей қиын кезеңде жаңа министрдің көсіліп бірден «шауып кетуі» де қиын. Осы тұрғыдан келгенде ел екіге жарылғандай кейіп танытты.

Осылайша Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі – министрінің міндетін атқарушы лауазымына тағайындалды. Е.Қарашөкеев «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы лауазымында, сондай-ақ Президент Әкімшілігінде, Қаржы және Ауыл шаруашылығы министрліктерінде түрлі қызметтерді атқарған. ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин оны Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұжымына таныстырды. Жаңа министрдің жалыны мен жалынды ісін халық тезірек көрсе деген тілек біздікі.

 Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз