«Біз балалардың мектепке дейінгі жан-жақты даму мәселесін шешуіміз керек. 2025 жылға қарай 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен 100 пайыз қамтамасыз етуді міндеттеймін.
Бұл түйткіл мемлекеттік балабақша салумен ғана шешілмейді. Осы іске жеке бизнесті тартып, қолдаудың жаңа түрлерін, соның ішінде қаржыландырудың ваучерлік тәсілін ойластыру қажет. Ата-аналар кез келген балабақшаны немесе мектепті таңдап, мемлекет берген ваучермен төлем жасай алады»
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан

«Баласы бардың басында алтын тәжі бар» деген қазақта жақсы сөз бар. Ал бала тәрбиесіндегі ең басты мәселе «Жас шыбықты қалай исең, солай көктейді» деген халық даналығына негізделуі керек. Қазір елімізде бала тәрбиесі мәселесінде ақсап жатқан тұстарымыз аз емес. Сол олқылықтардың орнын толтырудың басты темірқазығы бабадан жеткен ұлттық құндылықтар мен қалыптасқан халықтық философия, педагогика болуы тиіс. Сонымен қатар бала тәрбиесі ерте құрсақта басталып, отбасы, балабақша мен мектепте қалыптасуы керек. Елімізде қазақтың жаны, исі сезіліп тұратын, ұлттық болмысымызды қалыптастыратын балабақшалар санын көбейту басты мәселе болып отыр.

Басқа аймақтарды қайдам, ел ордасы Нұр-Сұлтан қаласында қазақтың иісі шығып, болмыс-бітімі менмұндалап тұратын балабақша бар. Әттеген-айы, ондай балабақша астанада біреу-ақ десем, қателеспеймін. Елордадағы «Саламат» балабақшасы республикамыздың барлық бала тәрбиесіне қатысты орталықтарға үлгі болса ғой деген арман барын жасырғым келмейді. Балабақша құрылтайшысы, «Білім беру ісінің үздігі» Гүлсара Нұрсейітқызы Тыныбекова.

«Саламат» балабақшасында қалыптасқан қазақы үрдіс ерекше. Әрбір істе, әрбір қимылда, әдемілік пен көрнекілікте, барлық безендіру мен ас мәзіріне дейін бәрі бәрінде ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің ең үздік, ең озық үлгі-өнегелері таңдалған. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсілді бойтұмар еткен Гүлсара Нұрсейітқызы балабақшаны көз қуанып, көңіл жайланатын мейірім шуағына толтырған. Табалдырығынан аттаған сәттен-ақ қазақ отбасыларына тән жылылық менмұндалайды. Кіре берістегі нақыл сөздер мен мақал-мәтелдердің жазылуында да қазақы бояу, қазақы мінез бар. Халық ауыз әдебиеті мен ертегілер кейіпкерлерінің ұлттық нақышта безендірілуінің өзі баланы айтпағанда, үлкендердің жүрегіне мақтаныш сезімін ұялатады. Көлделеңінен шөгіп жатқан түйенің мүсіні өнерлі, талантты, талапты балалардың арман-мұратын биіктету мақсатында балабақшадан орын алған екен. Гүлсара Нұрсейітқызының айтуынша, қай істе болмасын жеңімпаз болған өрендер түйенің үстіне міну мәртебесіне ие болады.

Төрде қазақ үшін қастерлі алыптардың суреттері ілінген. Ту, Елтаңба, Ән ұран әспеттелген патриоттық рухта жасақталған бұрыш, қаз қатар ілінген домбыра, бір қабырғаны ала жарасымды жасақталған кітапхана, еденде төселген құрақ көрпе, әр алуан түске боялған асықтар сән-салтанаты жарасқан қазақы шаңырақтың киесін ұғындырып-ақ тұр.

Балабақшаның домбыра үйірмесінің жетекшісі, композитор, ақын Айхан Мұсабеков те бүлдіршіндердің жандүниесін тілсіз ұққан ба дерсіз. Балабақшадағы 4-6 жасар бүлдіршіндердің асқақтата салған әнұраны мен күтбірлете орындаған күйлері жан сарайыңды ашып, алып қалада аңсап жүрген қазақылықтың киесін кеудеңе әкеліп орната салғандай күй кешесің. Қазақы нақыш, қазақы болмыс, қазақы қонақжайлылық қазақтай дархан, кеңпейіл ұлттың барлық болмыс-бітімі тамыр-тамырды қуалап, жаның бір сәт жай тапқандай боласың.

Бүгінде бәрімізге сағымдай болған, ертегі іспетті ұлттық құндылықтардың қайнарына қанып, көзбен көріп, қолмен ұстағаннан кейін «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген ниетпен бәрін де қағазға түсіргіміз, айналамызға айтқымыз келіп тұратыны бар. Балабақша басшылығы, тіпті, «Астың адалы бұйырсын», «Ас – адамның арқауы», «Ауру астан» деп қарын қамын ғана емес, бойға қуат берер тағамның талғаммен таңдалуына қатты мән берген. Ежелгі ата-бабаларымыздан, әкелерімізден, әже-апаларымыздан жеткен әдет-ғұрыпты берік ұстанып отырғанына тәнті болдық. Жылда балабақша балалары үшін соғым сойып, арнайы қазақы дастарханның мәзірінен ас-ауқат әзірлеп, бүгінде көп отбасының өзінде жат бола бастаған бауырсақ, құрт-май, қаймақ, балқаймақ, жент, сүт, айран, саумал сынды құнарлы аспен ұрпақ бойына нәр беріп отырғанына қайран қаласың.

«Саламат» балабақшасында тек қаракөздеріміз ғана емес бауырлас басқа этностардың да балалары көптеп келіп, Гүлсара Нұрсейітқызының тәлім-тәрбиесінен сусындап жүр. Гүлсара Нұрсейітқызы тек балаларға ғана емес, олардың ата-аналарына, жас отбасыларға да өзінің ақыл-кеңесін айтып, қол ұшын беруді өзінің әдетіне айналдырған. Ата-аналармен әңгіме барысында «Мұндай балабақша бізде ғана бар» деп күлімсіреген жүздерінен мақтаныш, ризашылық пейілдерін сезіндік

Гүлсара Нұрсейітқызы балалардың жан-жақты дамуы, қалыптасуы, өмірге икемделуі үшін өзінің авторлық бағдарламасымен жұмыс істейтінін айтты. Балабақшада кәсіпкерлікке баулу, кітапхана (кітап оқуға бейімдеу), ұлы ғұламалар өсиетін ұрпақ бойына сіңіру, флористика (гүл өсіру), қуыршақ театры (кейіпкерлерге арнайы тапсырыспен киімдер тігіледі), ата кәсіпке баулу, төрт түлік малдың киесін ұқтыру, домбыра, қолөнер сынды 8 түрлі үйірме жұмыс істейді. Әр үйірменің әр баламен жеке жұмыс істейтін маманданған тәрбиешісі бар. Үйірмелер үшін ата-аналардан қосымша қаржы талап етілмейді де. Әр баланың өз домбырасы, өз гүлі бар.

Еліміз көлемінде аталып өтілетін айтулы мерекелер мен ұлылардың есімін ардақтауға арналған мерекелік іс-шараларды бүлдіршіндердің тыңғылықты дайындығымен өте жоғары деңгейде танымдық-тәрбиелік маңызын ескере отырып, тойлау үрдісі қалыптасқан. Кітапхана қоры да үнемі жаңарып, әрдайым толықтырылып отырады.

Қазақта «асылдың сынығы» деген киелі сөз бар. Гүлсара Нұрсейітқызының бойындағы бекзат болмыс «әкенің қаны, ананың сүтімен» дарыған қасиет. Иә, адам тегіне тертпай қоймайды. Гүлге толы, сара жолды Гүлсара Нұрсейітқызы «Аспанға жазар едім, есіміңді…» деп, биыл анасы – Болған анаға арнап кітап та жазды. Қасиетті Рамазан айында анасы – Болған Ыбырайқызы Ағайдаркелінінің 100 жылдығына орай, ас беріп, анасына арнап, жүрек төріндегі сөз маржанын теріп, жанын тебіренісі төгілген алғашқы кітабының тұсауын кесті. Сәні мен салтанаты жарасақан әдемі кеште «сегіз қырлы, бір сырлы» Гүлсарадай қазақ қызының талғамына талайлар таңдай қағып жатты. Қолы тиген жерді жайнатып жіберетін қасиеті көпке үлгі.

Гүлсара Нұрсейітқызының бала тәрбиелеудегі, ұжымды басқарудағы, ата-анамен қарым-қатынас жасаудағы өзіндік тәсілдері ұлттық педагогикамыз бен қазақы философияның қайнар бұлақ-бастауынан өн бойына сінгенін байқауға болады. Ата-аналар сөзі арасында «Тазалық табалдырықтан басталады» дегенді өзінің бұлжымас қағидасы еткен Гүлсара Нұрсейітқызы әр сенбі таң сәріден білегін сыбана есік алдын өзі жуып, тазалап тастайтын әдеті барын да айтып қалды. Балабақшада төрде ілінген ұлыларға күнде сәлем салу қалыпты саналады. Тіпті, сурет екен деп бабалар портреті алдында ашық-шашық жүруге, балаларға немқұрайлы қарап, ас-суға салақтық танытуға болмайтынын, егер де қандай да бір олқылыққа жол берсе алдымен ар алдында, тіпті бабалар портреті алдында да жауапты екенін әрбір қызметкерге шегелеп ескерткенін білдік. Иә, Гүлсара Нұрсейітқызының бағындырған биігі, жеткен жетістіктерінің сыры – ой тазалығы, ар тазалығы, жан мен тән тазалығы және айналасына деген құрметінің жемісі. Айналамыз, қоғамымыз, еліміз, қасиетті Отанымыз ізгіліктің ұясына айналса екен десек, алдымен ұлттық құндылықтарымызға суарылған қазақы болмысымыздың әр ұрпақ бойында бүр жарып, көктеуіне Гүлсара Нұрсейітқызы сияқты балабақшадан, отбасынан, қала берді құрсақтан бастап ерекше мән беруіміз керек. «Саламат» секілді балабақшалар санын көбейтіп, үлгі ете білуіміз керек.

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз