Орал қаласының аумағындағы елді мекендердің бірі – Зашаған кенті. Тұрғылықты халық саны 61 мыңнан асып жығылатын кентте 13 шағын аудан және бір елді мекен орналасқан. Кент әкімі Аққали Әубекеровпен болған сұқбатымызда ағымдағы жылдың алты айында атқарылған жұмыстарды сөз етті.

Ауқымды жобалар жүзеге асырылуда

– Аққали Үмбетқалиұлы, 2020 жылдың соңында осы қызметке кірісіп, елді мекеннің тыныс-тіршілігін зерделеп, іске кірісіп кеттіңіз. Алдымен жыл санап көркейген Зашаған кентіне қысқаша сипаттама берсеңіз.

– Зашаған – облыс орталығының оңтүстік-батыс жағында орналасқан елді мекен. Мұнда ірі және шағын кәсіпорындар, әлеуметтік нысандар, оқу орындары бар. Аумақтың жалпы ауданы – 9200 гектарды құрайды. Бүгінде кент тұрғындарының саны 61145-ке жетті. Кент аумағында 13 шағын аудан мен бір елді мекен орналасқан. Үш аула клубы, бір кітапхана және «Жекпе-жек» спорттық кешені халыққа қызмет көрсетеді. Сонымен бірге 97 көпқабатты тұрғын үй бар, соның 45-і – Мөңкеұлы көшесі мен Саратов тас жолы бойында бой көтерген жаңа үйлер. Бұл үйлерге үш пәтер иелері кооперативі, екі сервистік компания, төрт жауапты тұлға (старший по дому) қызмет көрсетеді.

Сонымен қатар кент аумағындағы Орал-Саратов тас жолының бойынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 7 көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілді. Олардың бәрі 9 қабатты, 180 және 90 пәтерлі тұрғын үйлер. Нәтижесінде 1080 пәтердің кілті иесіне табысталды. Жалпы кент аумағындағы Орал-Саратов тас жолының бойынан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеті көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілді. Олардың бәрі тоғыз қабатты, 180 және 90 пәтерлі тұрғын үйлер. Нәтижесінде 1080 пәтердің кілті иесіне табысталды.

Зашағанда 300-ге жуық бизнес нысандары орналасқан. Кәсіпкерлермен де тығыз байланыста жұмыс жасаймыз. Оларға нысандарының аумағын таза ұстау бойынша ескертулер беріледі. Демеушілік жұмыстарынан қалыс қалмайтын кәсіп иелері де бар.

Кенттегі 2018 жылдан бастап ашылған төртінші деңгейлі бюджеттің де пайдасы зор. Кент қазынасына жинақталған салықтық және салықтық емес түсімдер заң аясында елді мекеннің дамуына, халықтың игілігіне жұмсалуда.

– Кәсіпкерлік нысандары туралы айтып қалдыңыз, осы тұста кентте қандай жобалар жүзеге асырылуда?

– Өткен жылы Зашаған кентінде Т.Бигелдинов көшесінің бойында аумағы 5,6 гектар жерді алып жатқан «Орал жылыжай комбинаты» іске қосылды. Өндіріс көзі ретінде бақша дақылдарынан қияр өсіріліп, алғашқы өнімі күтілуде. Бүгінгі таңда жергілікті 40 тұрғынды жұмыспен қамтыған, алдағы уақытта қосымша 40 жұмысшымен толықтыру жоспарланған. Инвест жобаның құны – 6 млрд теңге. Сондай-ақ аумағы 2,1 гектар «КамалОйл» ЖШС ісін бастап, жергілікті 20 тұрғынды жұмыспен қамтыды. Серіктестік мұнай-газ өндірісінде қолданысқа қажетті клапан шығарумен айналысады. Түрлі шетелдік компаниялармен келіссөз жасап, жұмыстануды көздеп отыр. Ғимараттың жертөлесі облыстық спорт басқармасына пайдалануға берілген, спорттың екі түрінен – бокс және күрес төрт жаттықтырушы 100-ге жуық жас спортшыларды тәрбиелеуде. Инвест жобаның құны – 2 млрд теңге. «Зачаганский» бау-бақша серіктестігінің аймағында «БатысАвиГип» жеке клиникасы бой көтерді. Аталмыш клиникаға жергілікті 776 тұрғын тіркеліп, санитарлық-медициналық көмек, дәрігерге дейінгі көмек, медбикелердің жалпы қабылдау практикасы, үйде бақыланатын науқастарға патронаж қызметі, жүкті әйелдерді бақылауға алу және тағы басқа да қызмет түрлерін алуда. Инвест жобаның құны – 53 млн 600 мың теңге. Сонымен қатар Зашаған кенті «Жақсы Ауыл» ықшам ауданы аумағында «БатысСервисПлюс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қолдауымен «Жылқымен сауықтыру кешені» инвест жобасын жүзеге асыру жоспарлануда. Жалпы жоба құны – 1 млрд теңге. Іске қосылған кезде 40-60 адам жұмыспен қамтылады. Көрсетілетін қызметтері – асхана, саумал, қымыз сатылымы, жылқыны пайдалану арқылы емдік шаралар ұсыну.

Жолдар жөнделуде

– Зашағанда тұрғын үйлермен қатар білім ошақтары да көбеюде. Білім саласындағы оң көрсеткіштермен де бөліссеңіз.

– Иә, кентімізде жеті мектеп бар, оларда 13 мыңнан астам оқушы білім алуда. Оқушылар саны 2019 жылы 11 000 болса, өткен жылы өсім 20 пайызды құраған. 1416 оқушы мектепке тасымалдау арқылы қатынайды. Жеті мемлекеттік, 11 жеке, барлығы – 18 балабақша 2500 бүлдіршінде тәрбиелеуде. Бүгінгі күні кент бойынша 4000 бала кезекте тұр. Өткен жылы кент аумағында 900 орындық мектептің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Жаңа мектепке Орал қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы №38 мектеп-гимназиясы көшірілді. Оқу жүйесі екі ауысымда. Білім ұясында 1800 оқушы білім мен тәрбиені қатар меңгеруде.

Сондай-ақ кенттегі «Бәйтерек» аула клубы күрделі жөндеуден өтіп, жыл соңында қолданысқа берілді. Бүгінде бұл клуб комьюнити орталық ретінде қайта жасақталып, қызметін жалғастыруда. Тағы бір ерекше атап өтер жайт, кенттегі «Той сарайы» мейрамханасы пандемияға байланысты өз қызметін тоқтатып, мейрамхана ғимараты «Шабыт» балалар шығармашылық орталығы ретінде пайдалануға берілді.

Зашағанда арнайы құрылған жоспарға сай жыл бойына түрлі деңгейдегі мәденикөпшілік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар мерекелерде кент әкімі аппараты мен мәдени ошақтар бірлескен түрде тұрғындар арасында мәдени және спорттық іс-шараларды өткізеді.

– Тұрғындар қала әкімімен, кент әкімімен болатын кездесулерде жол мәселесін жиі қозғайды. Бүгінде Зашағандағы көше жолдарының ахуалы қандай?

– Кент аумағында 172 көше бар. Жалпы ұзындығы 157 шақырымды құрайтын автомобиль жолы бар. Соның 73 шақырымына асфальт төселген. Бүгінде жоспарға сай көше жолдарын ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жұмыстарды қолға алған «Викс Плюс» ЖШС шұңқырларды бітеу, жаяу жүргіншілер жолын орнату, кіреберіс жолдарды қалпына келтіру сынды жұмыстарды жүргізуде. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының жетпіс пайызы орындалды десек те болады. 300 метрдей жаяу жүргіншілер жолы салынды, 2500 шаршы метрге жуық шұңқырлық жөндеу жұмыстары жасалды.

Биыл Зашаған кентіндегі «Сарытау» шағынауданында жолды қайта құру жұмыстары бойынша 7 көшеміз толықтай жөнделіп болады. Соның ішінде жаяу жүргіншілер жолы, қоғамдық көліктердің аялдамалары бар. «Арман» шағын ауданында екі көше (Жұмалиев, Бөкейханов) жөнделуде. Жолдарды жөндеу бойынша сегіз жоба дайын тұр. Олардың ішінде «Жақсы ауыл» шағынауданы көшелерін толығымен, «Арман» шағынауданында Сәтбаев көшесін, «Болашақ» шағынауданында Өзтүрік және Баласағұн көшелерінің жолдарын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама дайын. Сонымен қатар 25- ші Чапаев дивизиясы, Саратов көшелерінің жолдарын жөндеуге арналған құжаттама әзір. Қаражат бөлінген жағдайда жұмыстар басталады. Сонымен қатар үнемделген қаражатқа қосымша жол салу жұмыстары да жүргізілуде.

Жасыл желектер жайқалатын болады

– Орал – жасыл әрі таза қала деп мақтанышпен айтып жүреміз. Қаланың бір бөлігіндегі Зашаған кентінде санитарлық тазалықты сақтау бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Кенттегі санитарлық тазалық жұмыстарымен «Жайық таза қала» ЖШС айналысады. Арада 2021-2023 жылдарға үш жылдық келісімшарт жасалды. Олардың күнделікті міндеті – қоқыс шығару, шөп шабу, бүлінген теректерді кесу, асфальттарды жуу, ағаштарды суару. Кент аумағында аталмыш серіктестіктің 34 адамнан тұратын төрт бригадасы жұмыс жасайды. Елуге жуық жаңа қоқыс жәшіктері (еуро-контейнерлер) сатып алынды. Оларды «Жайық таза қала» мекемесімен бірлескен түрде жетіспей тұрған орындарға және тұрғындардың сұрауы бойынша қойылады.

Жазғы мезгілде «Жасыл ел» жасақтары жұмыс жасауда. Біз 100 адамға тапсырыс берген едік. Олар үш ауысымға бөлініп, қазіргі уақытта екінші ауысым жұмыс жасауда. «Жасылелдіктер» кенттегі екі саябақтағы (Мөңкеұлы көшесіндегі және №20 орта мектепте) жасыл желектерге су құю, арамшөптерін жұлу, орындықтарды сырлау, «Таза жағалау» акцияларына атсалысу сынды жұмыстарды атқаруда.

Үстіміздегі жылы кенттегі №20 ЖОББ мектеп тынымбағындағы субұрқаққа жөндеу жұмыстары жасалуда. Сонымен қатар Орал-Саратов тас жолының бойына демалыс орнын салуға жобалық-сметалық құжаттама жасақталуда.

Жоғарыда кенттегі кәсіпкерлермен де тығыз байланыста екенімізді айттым. Оларға да өз кәсіптерін дөңгелетіп отырған елді мекеннің тазалығына бей-жай қарамау туралы ұдайы ескертіледі. Кент әкімі аппаратының абаттандыру бөлімінің мамандары және Шаған учаскелік полиция қызметкерлері бірлесіп, жеке секторлар мен шағын және орта бизнес иелеріне осы мәселені түсіндіру мақсатында рейдтерге шығып тұрады. Нәтижесінде 500-ге жуық ескерту қағаздары таратылып, тәртіпке бағынбаған тоғыз тұлғаға айыппұл салынды. Бұл жұмыстар одан әрі жалғасуда.

Тағы бір айта кетерлігі, Орал қаласы әкімінің биылғы 1 сәуірдегі қаулысы негізінде сәуір және мамыр айларының әр сенбісінде жалпықалалық сенбіліктер өткізілген болатын. Біз осы ретте кент аумағын қатты тұрмыстық қалдықтардан тазарту, ауылымыздың сәулеттік келбеті мен санитариялық жағдайын жақсарту, абаттандыру және көгалдандыру мәселелерін оңтайлы шешу мақсатында сенбілік іс-шараларын ұйымдастырдық. Жалпы сенбілік жұмыстарына 2100-ге жуық адам қатысып, кент аумағынан 500 текше метр арнайы орындарға қоқыс қалдықтары тасымалданды. Сонымен қатар жыл сайын қыс мезгілінде көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары тұрақты түрде өткізіледі. Биыл да Зашағандағы қыс және көктем мезгілінде су басу қаупі бар аймақтар анықталып, қыс айларында 71200 текше метр көлемінде қар шығарылды. Бұған қоса көктем кезінде 5000 текше метр су сорылып, қажетті іс-шаралар қолға алынды.

– Кентті абаттандыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Биыл кент аумағына 4500-ге жуық жасыл желек егу жоспарланды. Оның 50 пайызы көктем мезгілінде отырғызылса, қалған жартысы күз мезгіліне қалдырылды. Қазіргі уақытта көгалдандыру іс-шараларын «Жайық таза қала» ЖШС-мен, демеушілерімізбен, «Жасұлан флора» ЖШС-мен бірлесе атқарудамыз. Олардың міндеттемелеріне жасыл желектерді отырғызу, суару, күтіп ұстау, өспей қалған тал-теректерді ауыстыру сынды жұмыстар кіреді. Әсіресе, тұрғындар тарапынан сол жас көшеттер мен тал-теректердің қурап қалуына байланысты наразылықтар туындайды. Осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында жұмыстанудамыз.

Тарқатып айтсақ, ағымдағы жылдың алты айында кент аумағында үш жылдық келісімшарт негізінде «Жасұлан флора» ЖШС бес көшеге – 2170 түп терек, «Бір тал кессең, он тал ек» атты кепілдік шарт негізінде «Арман» шағын ауданындағы спорт және балалар ойын алаңына – 600 түп, Бірлік көшесі және Саратов тас жолы бойындағы көпқабатты үйлерді абаттандыру аясында мердігер мекеме «Түркістан жол сервис» ЖШС 10 мыңға жуық көшеттер мен теректер отырғызды. Ал кент әкімі аппараты осы жылға жоспарланған 2000 дана жасыл желектің 800-ін көктем мезгілінде отырғызып, қалған 1200 түп теректі күз айларында егуді жоспарлап отыр. Жалпы жыл санап гүлденген Зашағанда алдағы уақытта теңіз шырғанағы (облепиха), үйеңкі, терек, күл (ясень) және басқа да ағаш түрлері жайқалып өсетін болады. Сонымен қатар кент аумағына бір жылдық гүлзар жасақтау жұмысын мердігер мекеме «Нұрниет» ЖШС жүргізуде. Бүгінде 1240 шаршы метр аумаққа біржылдық гүлдер отырғызылды.

Абаттандыру жұмыстары бойынша биыл Мөңкеұлы саябағында ұзындығы бір шақырымды құрайтын жүгіру жолағы жасалды. Спорт алаңы жөндеуден өтті. Қазіргі таңда жалпы үш спорттық алаңға (Жәңгір хан-53, Мөңкеұлы-91 және 93 аумақтарындағы) күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік сатып алу конкурстары өтуде. Мердігер мекеме анықталған соң жұмыстар басталады. Сондай-ақ 16 аула аумағындағы балалар ойын алаңдары қалпына келтірілуде. Бұл жұмыстар осы шілде айында аяқталады деп жоспарланды. Алдағы уақытта жаңа орындықтар орнатылады. Биыл мемлекеттік сатып алу конкурсымен анықталған мердігер мекеме «Бизнес строй» ЖШС кентте 11 элементтен тұратын үш балалар ойын алаңын (Мөңкеұлы саябағы, Сағынғали Сейітов көшесі 23-үй, Теміртау көшесі 21-үй аумағына) орнату үшін дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бұлардан бөлек биыл кентте Саратов тас жолы бойында – төрт, Жәңгір хан көшесі бойында екі қоғамдық көлік аялдамасы пайда болды. Қазіргі таңда бұл жұмыстар толық аяқталды. Тұрғындарға қолайлы жағдай туғызу мақсатында осындай шаруалар атқарылды.

Екі жоба аулаларды абаттандыруға бағытталған

 – Көшелерді жарықтандыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарылғанынан хабардармыз. Осы жұмыстарды толығырақ айтып өтсеңіз.

– Жарықтандыру жұмыстарына байланысты «Жайық жарығы» мекемесімен 2023 жылға дейін үш жылдық келісімшарт жасалды. Қазіргі кезде «2020-2022 жылдарға арналған Орал қаласының көшелерін жарықтандыру желілеріне қызмет көрсету және модернизациялау» жобасы аясында Зашаған кентінде 2400-ге жуық жарықшам жарық диодты шамдармен ауыстырылды. Мүлдем жарық жоқ немесе қосымша жарық қоюды талап ететін жерлерге ескі жарықшамдарды орнату жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бастап мүлдем жарықтандырылмаған, қажет деген орындарға 100-ден астам жарықшам қойылды. Алдағы уақытта оларды да жарық диодты шамдармен алмастыру жоспарымызда бар. Мердігер мекеме күнделікті жанбай қалған жарықшамдарды тексеру, жаңадан жарықшамдар орнату, қойылған жарықшамдарды қадағалау секілді жұмыстармен айналысады. Сонымен қатар электр жүйелерінің күш-қуатын көбейту мақсатында ағымдағы жылы кент аумағына алты жаңа трансформатор орнату жоспарлануда.

Соңғы жылдары облыс орталығында аулаларды абаттандыру жұмыстары да қарқын алуда. Зашаған кентінде биыл бұл жұмыстар қалай жалғасуда?

Аула аумақтарын абаттандыру бойынша екі жоба аясында жұмыстар жүргізілуде. Оның бірі – Байтақ көшесі 4 және 6-үйлердің ауласын абаттандыру. Ал екінші жобаға бес ауланың аумағы (Сейітов 1/3, 1/1, Саратов 22, 24, 26) кіреді. Бұл жобалар аясында ауланы асфальттау, автотұрақ орнату, жарықтандыру, ойын алаңын жасақтау, орындықтар қою, арық жүйесін жүргізу сынды жұмыстар жасалады. Жалпы кентте 97 көпқабатты тұрғын үй болса, соның 93-і абаттандырылды.

Жүйелі жұмыстар жалғаса береді

– Аққали Үмбетқалиұлы, кент халқын әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту мәселелеріне ойыссақ…

– Кенттегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған және өзге де санаттағы отбасыларға түрлі көмектер көрсетіліп келеді. Ағымдағы жылдың алты айында кент кәсіпкерлерімен бірлесе 105 отбасы «Жәңгір хан», «Зачаганский», «Светофор» сауда үйлері, «Мега планета» сауда желісі атынан азық-түлік себеттерімен және балалар киімдерімен қамтылды. Сонымен қатар кентімізде тұратын бізге бейбіт өмір сыйлаған, ел дамуы үшін еңбек еткен ардагерлерімізге де құрмет көрсету – басты парызымыз. Ұлы Жеңіс мерекесіне орай үш соғыс ардагері мен тыл ардагерлеріне жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен мерекелік құттықтаулар мен сыйлықтар табысталды. Үш майдангер тұратын үйлерге ілінген «Ұлы Отан соғысының ардагері» тақтайшалары жаңғыртылды. Сонымен бірге «ИсКом» ЖШС-ның көмегімен соғыс ардагері Алексей Толкачевтің үйіне өз өтінішімен ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жұмыспен қамту мәселесіне келсек, 2021 жылға кент әкімі аппараты тарапынан Орал қаласының жұмыспен қамту бөліміне ақылы қоғамдық жұмысқа 10 хат тасушы, үш іс жүргізуші және 50 жұмысшыға сұраныс жіберілген болатын. Бүгінгі күнге жұмыспен қамту бөлімінің жолдамасымен келген аталған жұмысшылар жұмысқа қабылданып, өз қызметтерін атқаруда. Хат тасушы мен іс жүргізуші сұранысқа сәйкес жіберілсе, жіберілген жұмысшы саны – 15. Ал «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында заңгер, қаржыгер, экономист, мемлекеттік және жергілікті басқару мамандықтары бойынша сегіз жас маманға сұраныс жасаған едік. Нәтижесінде ағымдағы жылдың І жарты жылдығында заңгер және жергілікті басқару мамандығы бойынша жұмысқа жолданған екі жас маманның бірі тұрақты қызметке орналасты. Қазіргі уақытта заңгер мамандығы бойынша бір жас маман тәжірибеден өтуде.

Әрине, тұрғындар тарапынан көптеген сауалдар, ұсыныс-пікірлер түседі. Өз міндеттемелерімізге сәйкес заң аясында кент әкімдігіне түскен шағымдар мен ұсыныстарды уақтылы орындауға тырысамыз. Жарты жыл ішінде азды-көпті осындай шаруалар атқарылды. Мұның барлығы – Мемлекет басшысының, облыс және қала әкімдерінің басшылығымен, сонымен қатар туған жері үшін тынбай еңбектеніп жүрген жерлестеріміздің қолдауымен тындырылған іс-шаралар. Сондай-ақ кент тұрғындары да әр істің әділ сыншысы болып, әр кез қолдау танытып жүреді. Осы қарқынмен алдағы мақсат-міндеттерді де ойдағыдай еңсереміз деген ойдамын.

Сұқбаттасқан – Ләззат ҚАЖЫМОВА

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз