«Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлескен «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы Қостанай облысында

(Жалғасы. Басы өткен санда)

Ұлы Жыланшықты көпір бөліп тұр

Жанкелдин ауданы әкімі Шота Сәбитбекұлы Оспанов мырза «Qazaqstan dauiri» газеті журналистін жақсы көңіл күйде қабылдады. Ел мен жер туралы әдемі әңгіме өрбіді. Ауылдағы тіршілік жайлы, халықтың тұрмысы жөнінде де өзекті ойлар айтылды. Газет таралымы һақында әкім: – «Жақсы газет оқылады. Халықтың мұңы мен мұқтажы, жеңісі мен жетістігі «Qazaqstan dauiri» газетінде ашық жазылады. Үнемі қадағалап отырамын» деп ықыласын танытты. Менің алаш арысы Ахаң ауылына бет алғанымды естіген Шота Сәбитбекұлы, жердің шалғайлығы мен жолдың нашарлығын ескеріп көлік жағынан көмектесіп және бір қызметкерін қасыма ертіп жіберді. Бұдан артық қандай қолдау керек.

– Жанкелдин ауданы әкімі Шота Сәбитбекұлы Оспанов: Ахмет Байтұрсынов атамыздың атындағы ауылда тіршілік бір қалыпты. Ол жерде екі ауыл бар. Біреуі Ақкөл, екіншісі Ахаң ауылы. Екі ауылдың да деңгейі қазір бірдей. Төрт жүзден аса халық тіршілік кешуде. Әрине бұрын молырақ халық тұрды. Түрлі себеп-салдарға байланысты халық азайды. Дәл қазіргі таңда екі ауылда да жаңа орта мектеп бар. Жүзден аса бала оқиды екі мектепте де. Яғни, орта мектепті ұстауға толық мүмкіндік жетеді. Бәрі талапқа сай. Халық саны неге бұрын көп болып, қазір неге азайып кетті? – деген сұраққа айтарым: қазір бізде үдере көшіп жатқан халық жоқ. Тұрмыстары жақсы. Халықтың көбі сонау 90-шы жылдары көшіп кетті. Бұл екі ауылды ұлы Жыланшық өзені жанай өтеді. Одан бөлек «Ақкөл» жатыр жарқырап, балығы тайдай тулаған. Халық көлден балық аулайды. Оны кәсіп қылып алғандар өте көп. Ел тұрғындарының малдары да жетерлік. Кешегі қиын заманда да «Ақкөл» халықты тығырықтан алып шықты. Қазір малға басымдық берілуде. Халық та түсінді, мал құнданды, бағасы көтерілді. Сондықтан болар ірі қара мен жылқыда өсім көп. Қойды бір қалыпты деңгейде ұстап отыр. Қазір екі ауылға мемлекет тарапынан үлкен қаржы бөлінуде. Соның арқасында әр үйге су жүргізіліп жатыр. Оның құны 700 млн теңге. Мемлекеттік бюджет есебінен. Кеңес үкіметі кезінен шешілмей келе жатқан бір проблема бар еді, ол екі ауылдың ортасын Жыланшық өзені бөліп қана тұрғаны. Бірақ жол қатынасы қиын еді. Өзенді кесіп тура тартса 9 шақырым жерге жету мұң болатын. Көктем айларында су тасыған кезде екі ауылдың адамдары бір-біріне өте алмай қиналатын. Амалдың жоқтығынан алпыс шақырым жерді айналатын. Халықтың «Екі ортаға көпір салынса» деген өтініші үкіметтің құлағына жетіп «Жұмыспен қамту жол картасы аясында» қаражат бөлінді. Оған дейін жобалық сметалық құжатын дайындап қойған едік. Қазір көпір жұмысына 400 миллион теңге шамасында жұмсалуда. Мердігер «Алюмининстрой». Көпір толық біздің қабылдауымызға берілген жоқ. Әлі біраз жұмыстары бар. Ең қуанарлығы халық төте жолмен қатынап қуанып жатыр. Бұл – үлкен бір іс! Кешегі дүрілдеп тұрған кеңес заманында салынбаған көпір, енді салынуда. Бүгінгі уақытта көпір салу деген – көп қаржыны талап ететін жоба. Сондықтан бұған қуану керек. Әрине ел болғасын түрлі жетіспеушіліктер, кемшіліктер болуы да заңдылық. Оны өздеріңіз көре жатарсыздар. Ең бастысы актив байланыс жүйесі бар. Мойындаймыз интернет жағы әлсіз. Алдағы уақытта бұл да шешіліп қалар деп ойлаймын. Биыл Ахаңа 150 жыл толмақ. Оны атап өту ауданда күн тәртібінде тұр. Шама-шарқымызға қарай конференция өткізіп, туған үйіне туристтер қабылдаймыз. Туған жеріне саяхат ұйымдастырып, қонақтарға таныстыру міндетіміз. Ақкөл Ахаңның атақонысы. Ата-бабалары сол жерде жатыр. Біздің қолдан келетіні сол ғана..

Ахаң дүниеге келген үй қалай салынды?

Осылайша «Qazaqstan dauiri» газеті журналистері Қостанай облысы Жангелдин ауданы Ақкөл ауылына іс-сапарын жалғастырды. Бұл өңірде алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов дүниеге келген. Торғайдан Ақкөлге 100 шақырым, Арқалық қаласынан 400 шақырым жер. Бұл шара екі күнге жалғаспақ!

Ахаң туған өлкеге жеткенде бізді «Ақкөл» ауылының әкімі Қалиев Балғабай Таулашұлы қарсы алды. Ел мен жер жайлы кеңінен көсілген әкім, алаш арысы туған жердің қасиетін айтқанда ерекше тебірендік. «2008 жылдан бастап Ахаңның туған үйі осы жер дегеннен кейін, көршілес екі ауылдың азаматтары біргіп (Кезінде бір ауыл болған. Қазір Ахмет Байтұрсынов ауылы бөлек) 2010 жылы қыркүйек айында қоржын үйдің құрылысын бастадық. Қысқа жеткізбей үйді тұрғызып біттік. Әркім өз шама-шарқынша көмек қолын созды. Материалдың бәрі екі ауылдан алынды. Ахаң туған өлкеде тұрып жатқан ағайынның бәрі Ахаңның туысқаны саналады. Өз басым солай ойлаймын. Ендеше Ахаңның ұрпағы арысын қолдамай жатуы ақылға сыймайды ғой. Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат бойыңнан түңілсін демей ме қазақ.

Міне осылайша Ахаңның үйі салынды, көрші ауылға Ахаң атындағы мектеп салынды. Ауылға аты да берілді. Алдағы жыл Ахаңның 150 жылдығы. Оған өзімізше дайындалып жатырмыз. 1919 жылы Байтұрсын атамыздың қорымы салынған екен. Екі ауылдың халқы үлкен қорымды жұмыла көтеріп, екі бөліп қоршап қойдық.

Мен 2013 жылдан бері «Ақкөл» ауылының әкімімін. Бірден айтайын, мемлекет көптеген көмек жасап жатыр. Көпбалалы аналарға түрлі жеңілдіктер, мүгедектерге жәрдем, ардагерлерде өздеріне тиесілі жәрдемақыларын алуда. Бізге үлкен проблема ауыз суы еді, оның өзі шешілді. 2020-шы жылдан бері әрі үйге таза ауыз су кіргізілді. Осы айдың аяғына дейін толық бітереді деген ойдамын. Ендігі шешімін күтіп отырған мәселе – қара жол. Ауданнан шалғай тұрамыз. Ауырып-сырқамайтын пенде бола ма? Сондай да жол азабын көреміз. Жауын-шашында тіпті техника жүргізбейтін жерлер бар. Ол да дұрысталар деген үмітіміз мол. Себебі мемлекет алалап, ауылдарды бөліп тастамайды ғой. Ауылға үкімет жақсы бет бұрып жатыр.

Ауыл халқының негізгі кәсібі мал шаруашылығы. Сосын көлімізде балық бар, ол да несібе!

Ауылдағы жаңа мектеп 2008-ші жылы қолданысқа берілді. Іргетасы кеңес үкіметі кезінде қаланған еді, көп жыл қаңырап бос тұрды. 2004- те құрылысы басталды да, 2008-де ел игілігіне берілді. 120-дай оқушы бар. Мұның өзі дәтке қуат.

Интернет бағандарын 2020 жылы ауылдарға орнатты. Ол әлі сынақ кезеңінде. Мысалы төрт операторды қосып қойды. Теле2, Алтел, Билайн, Актив. Осылардың қайсысы тиімді соның екеуі қалады. Сосын интернет келеді. Қазіргі интернет тұрып-тұрып жоғалып кетеді. Біраздан кейін қайта шығады. Алдағы жарты жылдықта түпкілікті ұялы байланыс пен интернет болады деген ойдамыз. Бұған дейін біз Алтелмен ғана интернет қолданып келдік. Ол мекеме мен мектептерде ғана қолданылады. Оның өзін ауыр жүктемеде пайдалану қиындық туғызғанын жасырмайын. Жылдамдығы өте баяу. Егер түпкілікті 4G берілетін болса ауылды толық қамтиды деген ойдамын. Ауылда сегіз кәсіпкер азамат бар. Мал шаруашылығын өрістетіп жатқан. Ауылды азықтүлікпен, өзге де қажет дүниелермен солар қамтамасыз етіп отыр. Пандемиядан кейінгі қымбатшылық бізді де теңселтіп кетті.

Алашты зерттеушілерді тебіренткен өлке!

Мені Ахаң туған ауылға бастап келген Абжамалов Дастан Тыныштықұлы «Жангелдин ауданының мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы екен. Дәкең жаста болса көкірегіне түйгені көп алаш десе аруақтанып кететін жігіт болып шықты. Зеріктірмейді. Қайта рухымды оятып, Ахаңа қатысты тың деректерді білетін қариялармен жолықтыруға күш салды. Бұл келешегі зор азаматтың ісі ғой…

Осындай өр мінезді, елдің тарихына жетік азаматты бізге көшбасшы қылған аудан әкімі Шота Оспанов мырзаға айтар алғысымыз шексіз!

Дастан сөз арасында осыдан бірнеше жыл бұрын Ахаң туған ауылға алаштанушы тарихшылар мен ғалымдар легінің келгенін айтып берді. «Ылғи ығай мен сығай. Жауын құйып тұр. Қызбелге барып Міржақып Дулатовқа тағзым етіп келген қонақтарды, Ақкөлге Ахаң туған ауылға алып келеміз. Айта кетейін, Алаш арысы Жақаңа баратын Қызбелдің жолы да көтерме жол ғой. Тас төселмеген. Езіліп жатыр. Батпаққа көміліп ол жақтан Арқалық-Торғай трассасына әрең жеттік.

Енді Ақкөлге келе жатырмыз. Қонақтар жол талғамайтын көліктердің ішінде. Алаштанушылардың арманы Ахаң туған ауылды бір көріп, табаны тиген топырақты рахаттана бір иіскеу

Ахаң ауылына баратын жол да көтерме жол. Шұңқыры көп. Көліктің адымын аштырмайды. Ми батпақ. (Оны өзіңізде көрдіңіз). Аттың сыры иесіне мәлім ғой, Ақкөлге жетер жерде қатты жауын болса буып тастайтын шұңқыр сай бар еді. Содан өту қалай болар екен деп қысылып келемін. Үлкен қауіп сол.

Қонақтар алаңсыз әңгімені соғып келеді. Жүріс мардымсыз. Қиқалаң-қиқалаң жол. Бір заманда мен қауіптенген жолға келіп желімге қонған масадай дәу көлік «зар еңіреп» батты да қалды. Екінші көлікпен артқа сүйретіп әрең шығардық. Қонақтардан сондағы ұялғаным-ай…

Амал қанша, көрініп тұрған Ахаң ауылына жете алмай кері қайттық. Сонда алаштанушы тарихшы аға-апалардың Ахаң туған топырақты уыстап, жусанын иіскеп еңіреп жылағанын көрдім.

Сонда бір кісінің «Ахаң туған өлкені тастап көшпей, қиындыққа шыдап отырған бұл ауылдың әр адамына «награда» беріп, ардақтап өтсе болады екен» дегені есімде сақталып қалды деді Дәкең.

Ауыл ақсақалдарының айтуынша алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов туған жері Ақкөлге 1926 жылы Бәдриса шешемізді ертіп келеді. Келудегі мақсаты: дүниеден өткен әкесі мен ағасының басын көтеріп, Байтұрсын әулетінің зиратын қоршап, ағайын-туыспен қоштасу болған. Ең алдымен жас жігіттерді жинап, әбден иі қанған саманға жылқының қылын қосып құйғызады. Оны әбден кептіртіп қалатады. Содан кейін өзі туған Жыланшық өзені бойындағы қоржын тамның іргесіне он шақты киіз үй тіктіріп, он жылқы, бірнеше қой сойғызып ата-баба аруағына бағыштап ас береді.

Асқа жиналған Торғай өңірінің адамдарына: – Қиын заман туып келеді. Сіздерден өтінерім: ынтымақ-бірлікте болыңыздар! Бөлінгенді бөрі жейді. Аттан салғандарға еріп арандап қалмаңыздар. Асқа жиналған көпшілік, бұл ас менің де соңғы асым болар бәлкім. Сіздерді енді көремін бе, көрмеймін бе оны бір Алла ғана біледі – депті көзі жасаурап.

Сол кезде мына сөзге шыдамаған жұрт: – Аха, ешқайда кетпеңіз! Бізбен бірге болыңыз! – деп шу ете қалыпты.

Ахаң сонда күлімдеп: – Мені үлкен жұмыстар күтіп тұр ғой. Оны аяқтауым керек. Маған енді кешігуге болмайды – деп қоштасқан екен. Кейінірек көне көз қариялар Ахаң содан кейін елге келмеді. Тіпті сүйегінің де қайда екенін ешкім білмейді ғой – деп күрсінумен өтіпті.

Ақкөл ауылына экспедиция жалғасуда. Ахаң туған өлкеде ел азаматтары ешкімге қол жаймай тіршілік кешуде. Киік қырылып, үстеріне протон құлап жатса да, халық жоғарыдан мейірім күтуден жалығар емес. Ел ақсақалдары Үкіметтен Ресейлік зымыран қалдықтарын әкетуді талап етуде. Себебі түрлі аурулар пайда болған. Үш аяқты қозы, бір көзді бұзау туылуы елді шошытып отыр. Халық арасында қан қысымы көтерілуі, жастар арасында белсіздік белең ала бастағаны көңілге қорқыныш ұялатады. Алаш көсемі дүниеге келген Ақкөл, Ахмет Байтұрсынов ауылдарына апаратын күре жол өте нашар. Жаздай бір тамшы тамбаған жердің де кенезесі кеуіп жатыр.

Ахаң өскен қара шаңырақты-жерлестері бірігіп өз күштерімен жаңартыпты. Өздерінше там үйдің сол замандағы құрылысын сақтап қалуға тырысқандары көрініп тұр.

Мемлекет қорғауына алып, қорғап қолдайтын-ақ шара! Амал қанша… Әзірге үкімет алаш көсеміне көңіл бөлуге уақыт таба алмай отыр. Ахмет Байтұрсыновтай көсем туған ауыл жұрты «Біз не жаздық? Неге мұндай күйге түстік?» деп алаңдайды.

Екі ауылда екі жаңа мектеп жарқырап тұр. Әттең-ай дегізетіні, интернет әлсіз. Мұның да оқушыларға тигізіп жатқан зияны шаш етектен. Аллаға шүкір дейді ондағы ағайын, екі ауылдың ортасын бөліп жатқан Жыланшық өзеніне көпір салынғанына. Ауыз су мәселесі де шешіле бастапты. Екі ауылға да су тартылыпты. Бұл да жағымды жаңалық әрине.

Ардагерлер мен ұстаздар қауымы да, қарапайым тұрғындар да жетістіктермен қатар, жетімсіз істерге де айтар арыз-шағымдары жетерлік.

Қолда барды бағалау кемшін…

Торғай даласындағы «Ақкөл» ауылындағы жер астынан шығып жатқан шипалы ыстық су мен қара тұз көлі туризмге сұранып-ақ тұр. Егер Түркия мен Германия секілді мемлекетте мұндай қазына болғанда (атақты адамы үшін емес) бюджетке түсер қыруар қаржысы үшін айнадай жол төсеп, қонақ үйлер салып, жайнатып қояр ма еді деген ой келеді. Қазір бұл жақ қаңырап тұр.

Көкпектері «жер тепкілеп», жусандары «өкпелеп» жатқан тәрізді.

Ұлы Жыланшық өзені де баяғыдай адуын мінез көрсетпейді. Халқы секілді іштен тынып ағады.

Жағадағы ентелеген құрақ пен қамыс та азынаған желге мұңды әуен қосып қояды. Оны бірақ кім тыңдап жатыр. Қолынан басқа не келеді? Бейне «Бұл жердің қадіріне жетпедіңдер-ау адамдар» дегендей жамырайды күні-түні.

Баспана түгіл, басында бас сұғатын лашық жоқ. Етектері босаған бөтелке мен қалдыққа толы. Маңай гигиенаға сай емес. Бірінде дәретхана қауқиып тұрса, екіншісінде мүлде көрінбейді. Табиғи қажеттілікті өтеудің өзі мұң. Алыстан арнайы келген ем іздеушілер көлігіне түнеп, көңілдері жүдеп қайтатыны айтпаса да түсінікті.

Әсіресе бұл аймаққа Челябы мен Қостанайдан орекеңдер өте көп келеді екен артынып-тартынып. Өйткені шипалы мекен – су тегін.

Денсаулықтың қадірін жақсы білетін жұрт рахатын көріп жүр. Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Өздері топтасып бірнеше жол талғамайтын көліктермен жүреді. Жастары ғана емес, кемпір-шалдары да қутың-қутың етеді. Тазалау жерге палатканы құрып жіберіп, дайын газдарын лап еткізіп апталап жата береді күн астында. Азықтүлік мол болса, ауыз су жеткілікті болса бір ай жат, қалауың біледі. Саф ауа, шипалы су, тұзды көл қандай.

Қолда барда алтынның қадірі бола ма, бұл аймақтағы жұрттың күйбең тірліктен қолдары босауы қиын, босай қалса той-томалақ тағы бар, қазекеңнің тірлігі осылайша өтіп жатыр ғой, қайтейік.

Алаш көсемі туған өлкені Үкімет мүлде ұмытқандай әсерге бөлейді. Оған жол проблемасы мен интернеттің нашарлығы дәлел. Төбесінен «сорғалаған» гептилден үрейленген халықтың жанарына қарасаң – көзі боталаған киіктен аумайды. Қазақ пен киіктің тағдыры мұнша ұқсас болар ма, тәңір-ау!

Көргенімізді айтайық, ауырып-сырқағандар еліміздің әр түкпірінен іздеп келіп ыстық суға буланып, қара лайына «боянып», тұзды көлге шомылып өздерінше ем қабылдап әлек. Жердің қасиеті ме, желдің құдіреті ме, судың қуаты ма, тұздың шипасы ма, әйтеуір, біз көрген кәрі мен жастың бәрі бірнеше күнде қызыл шырайланып, жасарып кеткендей көрінеді. Ақкөлдің шипалы ыстық суы мен қасиетті қара лайын жаздым. Енді сортаң жердегі қара тұзы жайлы аз-кем мәлімет айтпақпын.

Жергілікті халық бұл араны «Қара тұз» көлі деп атайды. Ақкөлге 22 шақырым. Ойық жолмен барасыз. Ортасы биік болғандықтан асты еңселі көлік мінгеніңіз абзал. Көп қиындық көрмейсіз дегенім ғой. Қара тұз көлінің тереңдігі 18 метр, көлдің аумағы ат шаптырым. (10 шақырым). Көлдің ортасындағы ойықтарға көлікпен барсаңыз да болады.

Менің берер кеңесім, көлігіңізді жағаға қаңтарып, жалаң аяқ қара тұздың үстін жалпағынан басып жүрсеңіз. Сәлден кейін-ақ табаныңыз қызып, балтырыңыз сыздап, аяқ-қолыңыз мұздап, маңдайыңыз жіпсіп, қолтығыңыз бусанып, тұла бойыңыз шымырлап қоя береді. Рахат бір сезімді бастан кешесіз. Бәрін ұмытасыз. Күйбең тірлікті ұмытасыз ең бастысы.

Дүниебоқ деп қараусыз қалып, әлсіреген организміңіз қай жерде «кінәрат» барын миға сигнал арқылы жеткізіп отырады. «Диагноз белгілі болды, сен екенсің ғой мазалап жүрген» деп сырқат жеріңізді қолыңызбен «ұстап аласыз». Одан артық не керек адамға.

Елу метрдей жүрсеңіз, алдыңыздан ойық шығады. Асығыстыққа салынып бірден қойып кетпеңіз. Өйткені тұзды су салқын. Қоймалжың.

Одан бөлек қысымы күшті. Тұла бойыңызды тұзға бөккен майлы қою сумен әбден сылаңыз. Денеңіз жиырылып, шиыршық атасыз, бабыңызға келесіз, бәлкім суға аяғыңызды салып, құрыс-тұрысыңызды жазарсыз бір уақыт. Содан кейін барып қана ойықтың жиегінен ұстап суға бойлаңыз.

Денең тереңге батпайды. Қармақтың қалытқысы құсап судың бетінде жүресіз.

Қанша сүңгуге тырыссаңызда бір тылсым күш жоғары қарай лақтырып жібереді. Орбитадағы ғарышкер секілді ойықтың бетінде қалқып жүресіз. Рахат!

Балтырың сыздап, тізең дірілдеп, белің құйысып, мойның тырысып жүрсе Ақкөлге жет, бауырым! Қарға аунаған түлкідей жайнап шығарыңа сөз беремін.

Әрине, бұл жерде сізді ешкім күтіп отырған жоқ. Өзіңді өзің ғана баптайсыз.

Айтарым, мұндай шипалы мекенді шетелден таппайсыз, қарағым! Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат бойыңнан түңілсін дегенді де есіңнен шығармағын. Шетелге ақша шашып қайтесіз, су тегін дүние қасыңызда тұрғанда.

Айтпақшы, Ақкөлге сапарға шыққанда, ауыз «апандағы» отыз тістен қалған түбіртектің бір-екеуі «ескі әніне» салған болатын. Тіпті тұзды көлге жеткенде құтырып кеткенін қайтерсің. (Ауыруды басатын дәрілерге үйреніп алған ғой әбден).

«Атаңа нәлет-ай, сен-ақ қанымды ішіп болдың ғой» деп кіжініп жүруші едім, Ақкөлдің тұзды көлінің бетіндегі тұз қиыршықтарын «арпаға бас қойған жылқыдай» аузыма уыстап салып күтіркүтір шайнағанда түбіртектер «жуасып», қатары азайған тістер «таң асып», көмейім «күмбірлеп» шыға келді. Тынысым ашылғандай рахаттанып қалдым.

Кең диапазондағы халық әнінің бірін шырқасам 22 шақырым жердегі Ақкөл жұрты естуі бек мүмкін еді…Ішке кеткен кермек судан асқазан «айқайлап», шектер «шымырлап», бауыр «қимылдап», бүйрек «бұрқылдап» қалды. Шын айтамын, шабытымда шарықтап шыға келді…

Ахаңа арналған мұражай жеке болса…

Ахаң дүниеге келген үйдің жаңартылған нұсқасы

А.Байтұрсынов атындағы жалпы білім беретін мектептің ұйымдастырушы мұғалімі Ахатова Бибіғанша Кабыкенқызы: Торғайдың екі үлкен азаматы Балықбай Ғаппасов пен Тұрсынбек Жармағамбетов ағалар Алматыға жолсапарға шығып, Ахмет атамыз туралы көптеген деректер жинап әкелді. Өйткені аудан мен облыс тарапынан Ахаңның туған жерінде мұражай ашу күн тәртібінде тұрды. Сол кезде Қарасу орта мектебі (Бұл бұрынғы мектеп) соның екінші қанатынан Ахаңның мұражай үйі ашылды. Мұражайдың ашылған кезі 1989 жыл еді. Сонда мұражайға сонау Орынбордан, Алматыдан тағы басқа жерлерден Ахаңның қолжазбаларының көшірмелерін, пайдаланған заттарын әкеліп қойды. Мұражай үш бөлмелі болатын. Ел тарихы және қос арыс Ахмет пен Міржақыптың көптеген дүниелері сол жерде сақталынатын. Кейінгі кездегі кейбір келеңсіздіктердің салдарынан мұражайдың келбеті өзгерді…

Иә, жаңа мектеп ел игілігіне керемет тарту болды. Бұрынғы мұражай Ахаң атымен аталатын мектепке көшірілді. Мұнда көп дүниелерді көрсете алмаймыз. Себебі мұражай өте таршылық жасап тұр. Әйтседе елге еңбегі сіңген тұлғалардың да ерен істері осы мұражайда сақтаулы.

Бір қызық әңгіме айта кетейін. Жұмабай баласы Жармағанбет атамыз осы елдің тумасы. Ол кісі үлкен ұста болған, кез келген дүниені көрікпен соғатын аса шебер екен. Материалды көрігімен қорытып, өзінің жасаймын деген затын қазірде қалыпқа сала қояды дейді көз көргендер. Күмістен білезік, сақинаның түр-түрін соқты. Онымен қоса пышақ, балта, қасық секілді күнделікті қолданыстағы дүниелерді де жасап отырған. Және ол кісі ұлт азаттық көтерілісі кезінде үш жүзге таяу найза соғып, оқ-дәрілер дайындаған. Колхоз жұмыстарына да ол атамыздың тигізген пайдасы орасан. Егін егіп, шығыр тартқан шаруалардың қауғаларын да, орақтарын да істеген.

Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов елге бір келгенде Жармағанбет атамызды кездестіріп, «Әй, Жұмабайдың баласы Жармағанбет, мен сені оқуға алып кетейін, келесі келгенде дайын бол» депті. Атамыз үйіндегі екі бірдей анасын қимай, оларды бағатын адам болмай, келесі келгенде Ахаңа ілесіп кете алмай қалыпты.

Ахмет Байтұрсынов елге тағы бір келгенде күймесінің бір темірі сынып, соны осы Жармағанбет атамыз өз қолымен жөндеп беріп ақ батасын алған екен. Сол Жармағанбет атамыз өле-өлгенше Ахаңның азаматтық болмысын, қарапайымдылығын, елге келгенде балаларды түріне қарап тани кететінін, есте сақтау қабілеті жоғары болғанын айтумен өтті.

Ахмет ауылы туралы айтатын болсам, тәуелсіздіктің 30 жылдығына, Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толу қарсаңында үлкен сый жасалды. Ол – жылда су тасығанда қиындық көретін халыққа, үкімет көпір салып берді. Бұл ел үшін үлкен қуаныш! Әйтседе көпірден бергі көтерме жол ауылға дейін келіп кірсе екен деген тілегім бар. Себебі ертең қайта су тасығанда көпірден бері қарай ауылға жету мұң болып қала ма деген қорқыныштан туып отыр. Және Ахаңның 150 жылдығына орай әр жерден осы ауылға Ахаңның туған өлкесін көрейік деп ел ағылады. Ол үшін қазіргі ойқы-шойқы жол жөнделіп, асфальт төселуі керек. Бұл Үкіметтің қолында тұр. Шын ниет болса 100 шақырым жол деген не? Ахаңның аруағы үшін, азат елдің шенділері баба рухы алдында өздерін көрсетер тұс осы сәт!

Бұрын Ахаңның жеке мұражайы болды. Қазір мектептегі бір бөлмеге мұражайды тығып қойды. Бұл оқушыларға арналған бөлме ғой. Сондықтан бар дүниелерді көрсете алмай отырмыз. Алдағы уақытта, 150 жылдық қарсаңында Ахаң секілді арысқа жеке мұражай салынса деймін. Әйтпесе ертең алыс-жақыннан келетін қонақтардан ұяттағы!

Тағы бір айтар нәрсе Ақкөл мен Ахаң туған ауылда интернет желісі өте нашар. Біз кешегі қысылтаяң шақта онлайн оқу керек болған кезде, амалдың жоқтығынан, интернеттің нашарлығынан оқушыларды мектепке әкеліп оқыттық. Егер алдағы уақытта да онлайн оқу қажеттігі туса, біз онлайн оқи алмаймыз. Ал індет сақтануды қажет етеді. Әйтеуір бағдарламадан қалып қоймасын деп «тәртіпке бағынбай» оқушыларды мектепке шақырамыз. Біздегі жағдай осы! Үкімет Ахаң туған ауылға тез арада интернет желісін орнатып, қиындықтан құтқармаса, арыс туған ел, арып-ашып кететін түрі бар…».

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз