Ахаң дүниеге келген үйдің жаңартылған нұсқасы
Әбдісалық Жақсымбеков (ұстаз, мектепте 42 жыл жұмыс істеп зейнетке шыққан) Ахмет Байтұрсыновты естімеген, білмейтін қазақ кемде кем. Санасы бар қазақтың бәрі Ахаңды ардақтайды, мақтан тұтады деп ойлаймын. Оның әліппесі қазақ алфавитінің атасы. Ахаң алып тұлға! Ахаңның қазақ үшін тартқан азабы бір төбе! Оны ұмытсақ, біз құдайды ұмытқанмен бірдейміз. Бұл жақта барлық рулар тұрады. Солардың бәрі Ахметтің жұрағаты. Ахмет – қазақты бөліп жармаған. Алаш деп атқа қонып, алаш деп дүниеден өткені рас. Сондықтан менде ешкімді бөліп жарғым келмейді.

Ахаңды ұлықтап Ахмет Байтұрсынов ауылынан Ахаңа арнап мектеп тұрғызған үкіметке айтар алғысымыз зор. Жұмыстар істеліп жатыр. Оған да шүкірлік етеміз. Былтырғы жылы көпір салынды, іле шала су келді. Мұны халық Ахаңа қарай мемлекеттің бет бұрып жатқаны деп түсінеді. Қуанады. Алайда істелінбей жатқан жұмыстар да шаш-етектен. Ахаңның туғанына 150 жыл толғалы тұр. Бұл қазақ билігіне, қазақ халқына сын! Неге десеңіздер, Ахаңның ұлтына жасаған жақсылығы мен қамқорлығын біз әлі толық түсіне алған жоқпыз. Ахаңның ұлтты сүюін біз әлі толық бойымызға сіңіре алмай жүрміз. Сол себепті Ахаңның 150 жылдығы Азия көлемінде ғана емес, түркі әлемі деңгейінде тойлануға лайық!

Қазақтың жүрген жері той емес пе. Бір жолы құдалық жолымен Қостанайға бардым. Октябрск деген ауылына. Қазақ болғасын жөн сұрасамыз. Менің руымды естіген құдалардың бірі «Үмбетей болсаң, шешеңді неге іздемейсің?» деп қарап тұр. Сөйтсем, әңгіме ауаны Ахаңның үйіндегі шешеміз Бадрисафа туралы екен.

Біздің білуімізше Алаш зиялысы Ахаңның нақты қай күні атылғаны белгісіз. Кей деректерде 8 қазанда, кейбірінде 9 желтоқсанда деп айтады. Анығы – Алматының жерасты жолдарының бірінде атылғаны. Алайда сүйегі қайда екені әлі күнге дейін беймәлім. Мұражайға туған жері – Торғайдың бір уыс топырағы арнайы қойылғанын білеміз. Жары Бадрисафаның да жаны қалай қиылғаны белгісіз. Кей деректе қарттар үйінде дүниеден өтті десе, қуғын-сүргінге ұшырап, денесі көмусіз қалды деп айтатындар да бар.

Ал құдамның сөз саптасы бөлек. Қостанайда Бадрисафа тіршілік кешіпті. Онда Қасым Тоғызақов деген жазушының әпкесі тұрған екен. Бірде жазушы Тоғызақов бір орыс әйелді ертіп келіп әпкесіне: «Мынау бір ғұлама ғалымның жұбайы. Сізден өтінерім, бұл кісіні сақтаңыз» депті. Сөйтіп Бадриса апамыз сол үйде жүре береді. Таңертең ерте кетеді, кеш келеді. Көпшіліктің көзіне түсуге құлқы болмапты. Үлкейген кезі. Бір жолы Бадрисафа жоғалып кетеді. Сонда Тоғызақовтың апасы жоқтау айтыпты. «Ол әйел маған аманат еді ғой. Сол аманаттан айырылып қалдым ғой» деп деген сөздер бар екенін жоқтаудың ішінде. Көз жасын тиып іздеуге шығыпты ақырында. Алыста бір бұзылған ескі үй бар екен, соның ішін аралап қараса, бір бұрышқа сүйеніп өліп жатыр дейді кемпір.

Әлгі құдам айтады: «Менің 14 жастағы кезім еді, әлгі кемпірді мен көмдім. Дұрыстап жерледім дей алмаймын, тізеден жер қазып соған қойдым. Егер қажет десеңіз, Ахаң атаңның әйелін, әжең Бадрисафаның сүйеген қазір апарсаң тауып беремін» деді. Содан ауылға келіп аудандық мәслихаттың депутаты марқұм Таңатқан Дәркеновке айтқанмын естіген әңгімемді. Ол кісі әне барамын, міне барамын деп жүргенде өзі өліп қалды. Ағамыз Ибрахим өзі бел буып іздестіріп, Абылай деген іні тауып алып, Бадрисафа шешеміз жатқан жерді қазыпты. Шынымен-ақ сүйектер шығыпты. Сөйтіп 2012 жылы Бадрисафа шешеміздің басына белгі қойылды. Ақиқат осы!

Қостанай өлкетанушылары Байтұрсынұлының жесірімен ары қарай не болғанын нақты білмейді, алайда олардың басты екі нұсқасы бар. Біріншісі Бадрисафа Қостанай ауданының Александровка ауылында емделіп, сол жақта қалғаны туралы мәлімдейді, ал екіншісі, ақсақал Есімхан Тұрлыбеков айтқанындай, 1947 жылы шамамен қараша айында Мендіқара ауданының Қасқат ауылында тұрғанын мәлімдейді. Көрсетілген жылы сол ауылда Александра атты орыс әйел пайда болғанын және де оны жетектеген біздің жерлесіміз Ахмет Байтұрсынұлыны жеке танитын Қасым Тоғызақов болғанын мәлімдейді.

АХАҢДЫ ҰЛЫҚТАУДА ЕНЖАРЛЫҚ БАР…

Қазір сіз мектептегі Ахаңның мүзейінде тұрсыз. Мұны көп болып көлемдеп, онан құрап, мынан құрап жасадық. Бұрын Ахаңның жақсы мұражайы бар еді, оны алапай-құлапай заманда құртып, осы кішкентай мұражайға қарап қалдық. Жолай Ахаң дүниеге келген үйді көрген шығарсың. Ол да көптің жасаған ісі. Алаш көсемінің сол үйін көріп көзіңе жас келгені анық. Негізі көздің жасаурағаны жай дүние, еңкілдеп жылау керек қой! Мемлекеттің әзірге Ахаңа мойын бұруға мұршасы болмай жатыр. Соған күйінеміз. Қолдан басқа не келеді?

Бір жылдары Қостанай облысының әкімі Архимед мырзаға да «Ахаң мұражайы талапқа сай емес, Ахаң дүниеге келген үй сопиып сұрықсыз болып тұр. Әкім мырза, біздей емес билікке жақынсың, сөзіңде тез жетеді. Ахаңның аруағы үшін Ақкөлдің қиын жағдайын Үкіметке жеткізе көр» деп айтып едім. Үнсіз тыңдап, басын изеп кетіп еді, сол кеткеннен хабарсыз жоғалды. Бұл жаққа содан кейін ат ізін салған жоқ. Бұл не масқара! Енді кімге айтамыз зарымыз бен мұңымызды?! Ахметтің аты аталған жерден ат-тондарын алып қашатын шенеуніктер көп. Ахаң – ұлттың рухы емес пе! Рухы жоғалған ұлттан не қайыр!

Жарайды шенеуніктерді қоя қоялық. Оларға Ахаң емес, ақша керек шығар. Осы Ахаңның ізін басып, ғылым қуып жүргендер қайда? Тілімен тас жаратын мырзалар қайда? Солар неге келмейді Ахаңның ауылына. Неге көрмейді бейберекет істерді.

Тәуелсіздік алған отыз жылда Ахаңның туған ауылын көрейін деп іздеп келген бір депутат көрсем көзім шықсын! Ахаңа көрсетілмеген құрмет пен Ахаңа жасалмаған ілтипаттың керегі бар ма? Ахаң не үшін қинады? Не үшін жапа шекті? Әрине халқы үшін. Оны қаншалықты бағалап жүрміз? Осыны ойланатын біреу бар ма, ана жақта?

Журналистердің қарлығашы болып «Qazaqstan dauir» газетінің тілшісі сен келіп отырсың. Газеттерің жайнап, тиражы көбейіп, елдің мұңын осылай айта беріңдер!

Баяғыда бірдеңе айтсақ «Періштенің құлағына шалынсын» дейтін едік, қазір «Жоғарыдағы мырзалардың құлағына тисе екен» дейтін жағдайға жеттік.

Алаш көсемі Ахметтің ауылына келетін жолды көрдің. Ішек-қарның аузыңа тығылып, жүйкең жұқарып кетсе, ашуланба қалқам. Бұл жақтың халқының күнде көргені осы тірлік!

Иә, Ахаң ауылына келіп-кетемін дейтін адам көп. Бірақ жол анау, ыстық суың мен емдік тұзың мынау қаңырап жатқан! Келген адам Арқалыққа келіп, одан әрі кетсе Торғайға жетіп, Ахаң ауылына баруға жүрегі дауаламай кері қайтып жатыр. Себебі бұл жақта жарқыратып көрсететін ештеңе жоқ.

Меніңше Ахаң туған өлкеге елді шақыру үшін Ахаң туған үйдің үлкен жобасы салынуы тиіс! Мұражайы жаңарып, кесенесі қаланса қандай ғанибет! Келген қонақ жататын, ас-су ішетін қонақ үй салынса, мемлекеттің қазынасы ортайып қала ма? Ол үшін жақсы жол салынуы керек қой алдымен.

Ахаңның 150 жылдығы таяп қалды, туған өлкесінде әлі ештеңе істелген жоқ. Халықтың бүкіл малын сатып жіберсекте Ахаңды дәріптеуге шамамыз келмейді. Мұны мемлекет қана қолдаса, қаржыландырса іс алға басады. Әйтпесе бәрі құр әуре! Ойлаңыздаршы, алаш көсемі Ахаң үшін істелмеген дүниенің не құны бар?

Мысалы Абай жылында ұлы Абайға телеарна ашылды. Өте дұрыс! Енді неге Ахаң жылында оған бір телеарна ашпасқа? Сөйтіп неге аруағын аспандатпасқа? Ұлы Абайды алғаш алашқа таныстырып, «Бас ақын» деп мақала жазған Ахаң емес пе еді? Оны неге ұмытамыз?

Мұражай туралы айттық. Егер Ахаңа мұражай ашсақ, оған қоятын түгіміз жоқ. Оның ыдысы, аяқ-табағы тағы жоқ. Ер тоқымы, қамшысы да ізім-ғайым. Ахаң мұрасын іздеп табу үшін қаржы керек. Себебі Ахаң тұрған Қызылорда мен Орынборға, Ақтөбеге өзге де өлкелерге сапар шегуге тура келеді.

Ахаңа мектеп атын бердік. Енді соның алдына Ахаңның аяғымен тұрған ескерткішін неге орнатпасқа? Кішкентай бюст ұят емес пе! Сол бюстіңіз алдынан қарағанда бас, артынан қарасаң тас! Бұл сұрықсыз деген емеуірін түсінгенге!

Содан кейінгі шаруа Ахметтің сүйегі қайда қалды? Қайда жатыр? Осыны да билік ескеріп, алаш зерттеушілері тиянақты зерттеп, архивтерге сүйеніп, арнайы экспедиция құрылса, кім біледі бір нәтиже болып қала ма деген дәме ғой менікі. Айналайын, саған аманат, жоғарыға осы айтқанымды жеткізші, Ахаңның сүйегін тауып, Үкімет тіпті өзі қалаған жеріне арулап қойса деймін. Ахаң жоқтаусыз кететін тұлға ма?

Елдегі үлкен проблема интернет. Әлем жұрты айға ұшуға қамданып жатқанда, дамуға бет алған біздің жұртымыз интернетке зәру десем – олар сенбес. Бірақ бұл да ақиқат!

Біздің елде биыл жағдай қиын болып тұр. Құрғақшылық. Шөп жоқ. Су жоқ. Жылда бұлай бола бермес, бірақ биыл қиын. Бұл бізде ғана емес, Қазақ елі үшін сынақ жыл болғалы тұр-ау.

Сөзімнің соңында айтайын дегенім, Ресей ұшырып, біздің жерге келіп жарылып жатқан зымырандардың зардабы жайлы оқиға! Зымыран қалдықтары Ахаң туған өлкеге құлап жатыр, құлап жатыр. Бір кезде Абай туған өлкеге де көп нәрсе құлап еді, жарылып еді, халық зарлап жылап еді. Тап соның күйін бізде кешіп отырмыз.

Баяғыда «Бүгін жарылыс болады, сақтаныңдар, зымыран қалдықтары мына жерге түсейін» деп жатыр деп ескертетін еді, қазір оны қойды. Қалаған уақытында түсіп, қалаған уақытында жарылып жатыр.

Бұл ел үшін үлкен залал. Бұл үлкен қасірет! Ресей неге жақсы болса өздерінің ұлан-ғайыр даласына түсіре бермейді зымыран қалдықтарын.

Қазақ билігінің Ресейге, Ақкөлдің даласына зымыран құлатуға жер бергені үшін бұл жақтың халқы түгел қарсы. Біздің сөзімізге құлақ асып жатқан кім бар бірақ!

Осы зымыран Ақкөлге құлағалы жалғыз көзді қозы туды. Ұсқынсыз құлын көрдік. Алабажақ, қорқынышты бұзаулар көбейді. Көптеген малдар шала туып төлдерін тастап кетеді.

Сосын аурудың түрі көп бізде. Ақпарат құралдары гептилдің зияны туралы жазады. Келгендер гептил зиянсыз деп уәдесін төгеді. Күлкімізді келтіретіні: құлаған зымыранды залалсыздандырдық дейтіні. Егер зиянсыз болса неге залалсыздандырады? Жата бермей ме іріп шіріп темірлері. Зымыран құлаған жерге шөп шықпайды. Оны күнде көзіміз көріп жүр. Халық кімге сенерін білмей әбден шаршады, қарағым. Әр жерде өліп жатқан киіктер туралы айтсам ұзаққа кетемін-ау тағы…

Жастар арасында белсіздік көбейгенін сеземіз. Бұл да халықтың үлкен уайымына айналды. Осы зымыран қалдықтарын Ақкөлге құлатқаны үшін Ресей Торғай еліне 352 миллион теңге береді дегенді бір жерден оқыдық. Қазір удың ортасында Отырған «Ақкөл» мен «Ахмет Байтұрсынов» ауылы тұрғындары бір тиын көмек алған емес. Айналайын Үкімет, бізге удан түскен ақшаның керегі жоқ. Бізді осы зымыран қалдықтарын құлатудан қорғашы? Ахаңның аруағы үшін өтінеміз, сендерден!

 ИНТЕРНЕТІ НАШАР АУЫЛ…

«Ахмет Байтұрсынов» ауылындағы Ахаң атындағы орта мектеп директоры Сапенов Қанат: «Ағаларымыз бен апайларымыз жаңа айтып кетті, ауыл тарихы өте үлкен. Бір ғана Ахмет атамыз жайлы таңды таңға ұрып айтуға болады. Ол жайлы көп дерек алдыңыз деп ойлаймын. Алаш көсемі атындағы мектеп туралы айтсам, 30 мұғалім қызмет істейді. 1-11 сынып аралығында 109 оқушы бар. Даярлық мектебінде 20 бала тіркелген. Яғни, басқа ауылдарға қарағанда біздің мектеп алдыңғы орында тұр. Ауылда демографиялық ахуал жақсы. Елден үдіре көшу деген атымен жоқ. Алдағы оқу жылында мектепке 118 оқушы келеді деп болжап отырмыз. Мектебіміздегі мұғалімдердің дені жоғары білімді мамандар. Әйтседе кей мамандықтардың жетіспеушілігі барын жасырғым келмейді. Мысалы Жаратылыстану математикалық бағытта болғандықтан, математика пәніне сұраныс мол. Содан кейін химия пәніне қажеттілік туып тұр. Себебі бұрынғы ұстаздар зейнет жасына келді. Алайда қарап жатқан жоқпыз, Арқалық педогогика институтымен байланыс жасап алдағы оқу жылында екі математик, бір химия пәні бойынша жас мұғалім келеді деп күтіп отырмыз. «Серпін» бағдарламасы бойынша оқыған жастар екен. Келіп, ауылмен танысып, оқу басталғанда келеміз деп кетті.

Оқушыларымыздың жетістіктері де қуантарлық, Жердің шалғайлығына, жолдың ауырлығына қарамастан үздік оқушыларды аудандық, облыстық тіпті республикалық жарыстарға апарамыз. Әрине нәтиже де жаман емес. 2018- 2019 оқу жылында бір оқушымыз үздік аттестатқа бітірді. 2019- 2020 оқу жылында екі бала үздік бітірді. Биылғы 2020-2021 жылы тағы бір оқушымыз үздік болып танылды.

Ауданымызда оқушылардың оқуына барлық жағдай жасалған. Кабинеттеріміз бар, интерактивті тақталар сақадай сай. Химия, физика кабинеттері жақсы жабдықталған. Маған дейін айтылғандай интернет желісі екі нүктеге қойылған. Оның мектепке, оқушыларға, ұстаздарға қиындық туғызатыны айтылып жатыр. Алдағы уақытта толық интернетпен қамтамасыыз етудің тетіктерін қарастырып жатырмыз. Жоғары жақтан да сұрайтынымыз, интернет заманында оқушылар интернеттен тыс қалмаса екен деген тілегімізді жеткізгіміз келеді. Өйткен онлайн жарыстарға қатысқанда, өзіміздің оқушылардың мүмкіндігін толық көрсетер едік».

ЕЛДІҢ ЕРМЕГІ САЯСАТ ПЕН КАРТА

ТҮЙІН: Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов дүниеге келген Ақкөл өңірінен қайтып келе жатқанымызда, оң қапталдан жалы күдірейген, тұмсығы едірейген, азу тістері ақсиған, көздері сықсиған қара қабан көтерме жолды қиып өте берді. Тіпті жақыннан көрдік. Үш жасар құнан өгіздей боп қалар. Сұлбасы ірі. Тұрқы бөлек. Асығар емес, Тұмсығын төмен салып жортақтап барады. Апай төс, қысқа аяқ, жұмыр бел. Семіздіктен терісі жылт-жылт етеді. Бейғамдығына қарағанда қарны тоқ. Уайымы жоқ. Сайын далада сәңгіні салып жүр. Өзі би, өзі қожа.

Дәл осы қалпында тойғанына шүкірлік етіп, басқаның бәріне немқұрайлы қарап, той-тойлап жүре беретін пенделерден аумайды.

Жабайы қабандардың бұлай жападан жалғыз желе жортып жүруі маған таңсық емес. Талай көрген дүние. Хайуандарға тән инстинкт қой. Табындағы бұқалардың «еркектік қуаты» күшейгенде, «сезімі селт етпеген» сиырлардан безініп, өкіріп-бақырып ауыл-ауылды, қырат-қырқаны кезіп кететіні секілді масаң күйді бұл қабан да кешіп жүр. Түсінуге тырысу керек бейбақты… Кім білсін зымырандардан шашылған гептилдің уытыма құтыртып жүрген.

Сары даланың еркесі бөкендерде жол бойы ұшырасып, жанұшыра жүйткіп, зымыран қалдықтарынан шошынып, қара көрсе сыр айтқысы келгендей әсерге бөледі…

Топырағында қасиет, самал желінде бабалардан жеткен өсиет бар киелі Торғай өңірі-өршіл рухын жоғалтып алғандай әсерге бөлейді.

Торғай жері — Шақшақ Жәнібек батыр, Амангелді Үдербайұлы, Кейкі Көкембайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Ыбырай Алтынсарин сияқты ұлы тұлғалардың мекені. Санамалай берсең ұлылары көп, ұлылық тұнып тұрған өлке. Алайда халықтың құр уәде мен құрып кеткір әділетсіздіктен зәрезап болып, әбден басылғаны көзге ұрады. Кейкі батырдың қайта оралған басы да, қалғып кеткен рухты оята алмай жатыр…

Жоғарыда жабайы қара қабан жайлы әңгіме өрбіттік. Негізі жабайы доңыздар қара күш иесі болғанымен, өзі ешкімге тиісіп жыртқыштық көрсете бермейді. Момын. Бәледен машайық қашыпты дегендей қорсылдап безеді адам көрсе. Ал тиістің бе, тоң мойын доңыз аямайды. Жарып тастайды. Жеңіл машинаңды төңкеріп тастайды….

Жолай елге соқтым. Ауыл сол баяғы қалпы. Бұйығы тіршілік. Аңқылдаған ағайын. Бір байқағаным, көбі «саясаткер» болып кетіпті. Білмейтіндері жоқ. Хиуадан шауып, қисынын табады әйтеуір.

Картоп пен сәбіз проблемасын тігісін жатқыза отырып бағамдайды. Мыңдаған тонна картопты сыртқа арзанға сатып, енді соның зардабын тартып отырған үкіметті Қожанасырға теңейді. Саясаттағы солқылдақ тұстарға да болжам жасауға шебер өздері…

Әлемді алақандай соткаға сидырған интернет дәуірінің жемісі шығар бұл да.

Биыл Торғайда жауын аз. Тасаттық берген ауылдар аспанға телміріп отыр.

Құрғақшылықтың салдарынан маңайда өрт көп. Торғай атырабы түтінге «тұншығып» жатқандай бейне. Мұның арты қуаңшылыққа ұласса халыққа қиын болғалы тұр…

Шөп науқаны қазір. Еңбекке жарамдының бәрі далада жүр. Ауылдағы қолы бос жұрттың ермегі карта екен. Ақша тігеді. Ұзақты күн сарылып отырады…Бірде ұтады, бірде ұтылады. Елдің жайы осындай…

Карта демекші,… есіме ертеректегі бір оқиға түсіп отырғаны.

Кеңес заманында шопандардың көпшілігі еңбек ақыларын алғаннан кейін, ақша тігіп карта ойнайтын. Ол кейде аптаға созылатын. Әкемнің ағалары, немере ағалары, жиендері түгел «картожник». Таңды таңға ұрып ойнайды.

Қазанда жас марқаның еті былқылдап қайнап жатады. Рахат. Ортада көздің құрты болған таудай үйілген ақша. Жағалай отырған адамдарға үш картадан үлестіріледі. Бұл карта деген азарт дүние ғой, бір сом қарызға беруге қимайтындар, қолындағы картасына бір қарап алып үш сомды ойланбай ортаға тастай салады.

Осы жерден ақша үлестіруші бухгалтер мен ауылдың кейбір атқамінерлерін де жолықтырасың. Ой, ол да бір дәурен екен ғой. Әкелеріміз бен ағаларымыз шопан деген атты иеленгенімен, қойды бағатын балалары баяғы. Әйелдері көмекші. Отбасына арқа сүйеп алған шопандар қызық қуып, той тойлап, карта ойнап қыдырудан қолдары босамайды. Қой бағу – ол кезде еркіндіктің, табыстың көзі. Бейнеті мен зейнеті бірдей жұмыс дегенмен.

Ол кезде Торғай облыс еді. Басшысы марқұм Жақан Қосыбаев. Бірде жоғарыға шопандардың қой емес, той бағып, карта ойнап сәңгіні салып жүргені жайында сыбыс жетеді. Күз айы. Қыс ерте түскен шақ.

Ағайынды екі шопан Жақан мен Аман Тентексайдың «Көктал» қыстағында көрші тұрады. Екі отар қой иеліктерінде.

Түні бойы карта ойнап таңсәріде үйлеріне келіп демалып жатқан кездері екен. Сау етіп ақ волга үйдің алдына келіп тоқтай қалады.

Ішінен марқұм Жақан Қосабаев бастаған ауыл активтері түседі. Алдымен Аман әкемнің үйіне бас сұғып, амандық саулықтан соң, «Малда шығын бар ма?» деп сұрайды Қосабаев.
Аман әкем: – Он үш бас өлім-жітім бар – дейді шаршаңқы үнмен.
Қосабаев көршілес ағасының үйіне келеді шабармандарын соңынан шұбыртып.
– Сізде қанша шығын бар? – деп сұрайды көзі кіртиіп тұрған шопаннан.
– Аманда қанша шығын бар екен? – деп қарсы сұрақ қояды шопан.
– Он үш бас.
– Онда екеуіміз свара болдық – депті Жәкең.

Ағайынды екі шопаннан түңіліп шыққан Қосабаев Тоқанай бөлімшесіне қарасты Есенғазин Науқанбайдың күзегіне ат басын бұрады.

Амандық есендіктен соң Қосабаев: – Мал басыңыз аман ба? Шөбіңіз жете ме? – деп сұрайды.

Сол жылы шөп қоры дұрыс дайындалмай, қау шөп пен қамыс аралас құрақ маяланған екен. Соны Науқанбай марқұм астарлап былай жеткізіпті: – Әзірге малда шығын жоқ. Бірақ қазіргі тұрыстары түні бойы карта ойнаған адамнан жаман. Кейбір қойлар мүштектерін ауыздарына қыстырып (қамыс жеп тұрғанын меңзеп) тұр ғой әне – депті.

Ауылдағы елдің ермегін көргенде осыны жазғым келді.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз