ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы мен «Қазфосфат» ЖШС Бас директорының орынбасары Ерсін Сариев
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Журналистер Одағының мүшесі, «Qazaqstan dauiri» газеті мен республикалық «Мөлдір бұлақ» балалар журналының Бас редакторы Сәуле Мешітбайқызы Әулиеата өңіріне кезекті рет сапарда болып, «Қазфосфат» ЖШС Бас директорының орынбасары Ерсін Сариевпен кездесті.
 С.Мешітбайқызы ат басын бұрған «Қазфосфат» ЖШС зауыттары Жамбыл жерінің ғана емес, еліміздегі химия, сары фосфор өндірісінің жүрегі саналады. Сонау тәуелсіздіктің елең-алаңында талай зауыттың тоз-тозы шығып, кейбірі қирап, кейбірінің есігіне қара құлып ілінгенде Тараз төңірегіндегі фосфор және тыңайтқыш өндіретін зауыттар тәуекелге бел буып, әупірімдеп болса да жұмысын жалғастыра берді. Бүгінде өз күшімен әрі мемлекеттің қолдауының арқасында еліміздегі әлеуетті өндіріс орындарының біріне айналған «Қазфосфат» компаниясының өнімдері әлемдік брендке татырлық.
Серіктестіктің Тараз қаласындағы бас кеңсесінде өткен жылы жүздесуде Сәуле Мешітбайқызы компания басшылығына келген жаңа топ-менеджерлерді құттықтай келгенін жеткізіп, өндіріс жолындағы тынымсыз еңбектеріне табыс тіледі. Ол өз сөзінде «Қазфосфат» ЖШС фосфор өнімдерін алыс-жақын шет мемлекеттерге экспорттау арқылы елімізді де әлемдік қауымдастыққа жақсы қырынан танытып жүргенін атап өтті. Сондай-ақ, халықаралық «Qazaqstan dauiri» газеті осындай алып компаниямен, мыңдаған жергілікті мамандарды жұмыспен қамтып отырған өндіріс ошағымен ақпараттық-әріптестік байланыс орнатуға және бірлесе жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.
 Өз кезегінде компанияның қазіргі аяқ алысы, жалпы жағдайы туралы әңгімелеген Ерсін Берікұлы алдағы жоспарлары жайлы да ақпаратымен бөлісті. Өндірісті өркендетуден бөлек, серіктестік өз жұмысшыларының жалақысын өсіріп, әлеуметтік жағдайларына да назар қойып отыр екен. Мәселен осы жылдың соңына дейін Талас ауданының Қаратау қаласынан жұмысшыларға арналған көпқабатты бір тұрғын үй Алла қаласа пайдалануға берілмек. Келесі жылы Жаңатас қаласында тұрғын үй құрылысын жүргізу жоспарланып отыр және де алдағы уақытта облыс орталығы Тараз қаласында да жұмысшыларды баспанамен қамтамасыз ету көзделген. – Биылғы жылдың бірінші шілдесінен бастап жалақы өсті. Жаңа акционер ретінде «Қазақмыс» Корпорациясы «Қазфосфат» ЖШС-ін сатып алған кезде компания жұмыскерлерінің әлеуметтік және тұрмыстық еңбек жағдайларын жақсарту компанияның басым міндеті болатыны туралы жариялаған. Жүргізілген талдау қорытындысы бойынша басшылық жалақыны 15 пайызға көтеру туралы шешім қабылдады, бұл өңірдегі индустрия бойынша жалақының орташа деңгейіне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Биылғы жылдың басында жүргізілген алдыңғы өсіруді ескере отырып, 2021 жылы орташа жалақының жалпы өсімі 25 пайызды құрамақ.
Бұдан басқа, «Қазфосфат» ЖШС басшылығы әлеуметтік тұрмыстық жағдайы төмен жұмыскерлерге атаулы көмек көрсету бағдарламасын әзірлейді. Бұл ретте көпбалалы отбасыларға ерекше көңіл бөлінеді, – деді серіктестік Бас директорының орынбасары Е.Сариев. Бұдан басқа, «Қазфосфат» ЖШС жаңа басшылығының жоспарында өндірістік қуаттарды ұлғайтуға, өнімдер желісін кеңейтуге және әлеуметтік инфрақұрылымды салуға бағытталған инвестициялық қызметті жандандыру ісі тұр.
ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы мен Жамбыл обл., Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев

Сонымен қатар С.Мешітбайқызы Жамбыл ауданына да ат ізін салып, аудан басшысы Сәкен Арубаевтың қабылдауынд болды. Ел мүддесі үшін тер төгіп, қаламын татулықтың сиясына батырған Сәуле Мешітбайқызына Сәкен Қаланұлы құрмет көрсетіп, иығына қазақы нақышта өрілген қамзол жапты.

 Кездесуде ауданда атқарылып жатқан өрелі істер туралы айтылып, заманның бүгінгі қажеттілігі туралы салмақты сөз қозғалды. Одан бөлек, өңірдегі ақпараттық саясаттың бүгінгі аяқ алысы жайлы да пікір алмасып, жазылым мәеселесі пысықталды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз