Фото ғаламтордан алынды

«Ауыл халқы белсенді болуы тиіс. Өз арасынан таңдаған адамды сайлауға құқылы», «Бұл керемет – реформа, демократиялық қадамның басы»… Осы сипатта қаншама ой, сараптама, ұсыныс та айтылды.

Бір қызығы әлеуметтік желіде «мен әкім сайлауына қатысамын» деген жалынды сөздер тұнып тұр. Көбі бұрынғы сайланған әкімдер. Демек, өз орынтағынан дәмелі. Егер бұрынғы әкімдерді қайта сайласақ, халықтың арасынан ешкім суырылып шықпаса одан қандай пайда бар? Ауылдықтар әкім сайлауына белсенділік танытпаса, болмаса ескі жүйе өз дегенін жасаса кім-кімді алдамақ! Сайлауға деп бөлінген қыруар қаржы құмға сіңген судай ізім –ғайым жоғалса қайтеміз?

Қателеспесек, 13 сәуірде Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров мәжіліс депутаттарына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға енгізілетін өзгерістер мен толықтыруларды таныстырғанда алдағы уақытта жүзеге асыру жоспарланып отырған бірқатар жаңашылдықты жеткізгені есімізде.

Вице-министр әкім сайлауын Орталық сайлау комиссиясы қаржыландыратынын, ауыл әкімдері қандай жағдайда қызметінен босатылатынын сондай-ақ саяси партияларға әкім сайлауына үміткер ұсыну құқығы берілетінін де баяндаған.

Ұлттық экономика вице-министрі Әлішер Әбдіқадыров

Сондай-ақ Әлішер Әбдіқадыров аудандық маңыздағы қалалардың, ауылдар мен кенттердің, ауылдық округтердің әкімін тікелей сайлау жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатынын нақтылай келіп, бюджет кодексінің жергілікті бюджеттің шығынын міндетті өтеу туралы нормасына сәйкес, алдағы 2 жылда, яғни 2021- 2022 жылдар аралығында әкім сайлауына Орталық сайлау комиссиясынан қаржы бөлінетінін жариялады. «Бұл шығын 2023 жылдан бастап жергілікті бюджет шығынының тізбесіне қосылып, жалпы сипаттағы трансферттің қатарына енгізіледі», – деді ол. Вице-министрдің айтуынша, әкім сайлауын өткізуге шамамен 17,6 млн теңге жұмсалады. «Биыл 800-ден астам әкім сайлауына 4,8 млрд теңге бөлінді», – деді Әлішер Әбдіқадыров. Қарап отырсаңыз көп-көрім ақша!

Жарайды енді кім әкім болуға лайық. Соны тарқатып көрелік. Заңға сәйкес, кандидаттың өзін-өзі ұсынуына мүмкіндігі бар. Сондай-ақ әкімдікке саяси партиялар өз қатарынан кандидатты ұсына алады. Сайлауға түскен үміткерлер 2 адамнан аспаған жағдайда аудан әкіміне де бір үміткерді ұсынуына мүмкіндік берілген. Әкім болғысы келетін азаматтарға біршама талап қойылған. Мысалы үміткердің жасы 25-тен төмен болмауы керек. Аталған лауазымға біліктілігі, мемлекеттік қызметшілерге қойылатын жалпы талаптарға сай болуға тиіс. Жоғары білімінің де болуы шарт. Үміткердің өзі мен зайыбы активтері мен міндеттемелері туралы сайлау комиссиясына декларация өткізуге міндетті. Ол декларацияны мемлекеттік кірістер комитеті бес күннің ішінде тексереді.

Жоғарыда сайлауға түскен үміткерлер 2 адамнан аспаған жағдайда аудан әкіміне де бір үміткерді ұсынуына мүмкіндік берілген айттық. Егер сол аудан әкімдері ұсынған кандидаттар оза шапса, халыққа қайтпек керек? Аудан әкімдерінің «батасын алғандардың» бағы жанып кетпей ме? Депутат Берік Әбдіғалидің айтуынша, бұл жердегі жеңіс – халықтың өзінің ұйымдасуына байланысты. Ауылға әкімді аудан әкімі, партия ұсынуы мүмкін. «Бірақ халық өзі жиналып, беделді адамын таңдап, бірігіп дауыс беріп жатса, оған аудан әкімі де, партия да кедергі келтіре алмайды» дейді ол. Сарапшы Марат Шибұтов бұл баптан аса қорқыныш жоқтығын алға тартты. Оның айтуынша, аудан әкімі өз кандидатурасын қандай жағдайда ұсына алатынына мән беру керек. Егер ұсынылған кандидаттардың саны 2 адамнан аспаса ғана аудан әкімінің ұсынуына мүмкіндігі бар. Яғни, адам аз болған жағдайда бәсекелестік болуы үшін аудан әкімі өз тарапынан кандидатты ұсына алады. «Сондықтан бұл шұғыл шара – ауыл әкімін сайлауда аса қатты қолданыла қоймайды деген ойдамын. Менің ойымша, ауыл әкімдігіне ұсынылатын кандидаттардың саны көп болады. Ең алыс, халқы аз, ешкім әкім болғысы келмейтін ауылдарда ғана аудан әкімдері өз кандидаттарын ұсынуы мүмкін. Әлбетте, партиялардың аудандық филиалдары аянып қалмайды. Өз кандидаттарын ұсынады. Сондықтан бұл нормаға күмәнданудың қажеті жоқ. 10 мың немесе 20 мың халқы бар ауылдарда бәсеке қыза түсер деген үміттемін», – деп түйді Марат Шибұтов.

Жә, делік. Егер бұл сайлау діттеген жерге дөп тисе – қоғамды демократияландырудың маңызды институты, халықтың ерік білдіруінің көрінісі, оның мемлекеттік басқаруға қатысуының негізгі нысанының бірі болмақ. Бірақ күдікте жоқ емес. «Бас-басына би болған өңшең қиқым, мінекей бұзған жоқ па елдің сиқын» деп жүрмесек бопты дағы. Себебі қазақ ауылдарының кейбірінде әлі күнге рушылдық басым. Ондай кезде өзіне тарту, бұрмалау белең алып кетпесіне кім кепіл.

https://inbusiness.kz сайтындағы әкімдер сайлауы туралы пікірге тоқталсақ.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің экс мүшесі Ауыт Мұқибек

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің экс мүшесі Ауыт Мұқибек Президент шешімдеріне аздап көңілі толмайтындар барын, алайда қоғам болған соң, ол заңды құбылыс екенін айтыпты. Оның пікіріне құлақ ассақ, Мемлекет басшысының шешімдерін қате немесе дұрыс емес деп ешкім айта алған жоқ. «Әрине, ауыл әкімдерін сайлауда кемшіліктер болуы мүмкін. Ол заңдағы олқылықтардан емес, жергілікті жердегі таңдаудан келуі, тіпті көбірек болуы да ықтимал. Ол – рушылдық пен жершілдіктен туындайды деп ойлаймын. Бірақ оның да өзіндік пайдасы бар, тәжірибе жиналады. Оның үстіне, бұл – бірінші рет өткізіліп отырған сайлау. Бүгін кеткен кемшілік, келесіде түзетіледі. Әкімді сайлай білген жұрттың, кетіруге де құқығы бар. Сөйтіп, халық бұл кезеңнен де өтеді. Ең бастысы, ауыл әкімдері ұйқысынан оянып, жоғары жақтан гөрі төменге көбірек қарайтын, тіпті жалтақтайтын болады. Халықтың талабы мен әкімнің жауапкершілігі күшейеді»,– депті сеніммен.

Ауыт мырза жалпы, ауыл әкімдерін сайлау – өте маңызды қадам деп есептейді. «Сайлау мәдениеті төменнен қалыптасқаны дұрыс»,–депті.

«Ауылдағы ағайынның алауыздығына әкім сайлауы себеп болуы мүмкін бе?» деген сауалға Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғали былай жауап беріпті. Мұндай қауіпті жоққа шығаруға болмайды. Абайдың тұсында да халықтың партияға бөлініп, қырық пышақ болғанын тарихтан мысал ретінде келтіруге болады. Ру дейтін ол… Тіпті бір ру болса да, соның ішінде атаға бөлініп алып, таласып жататындар да бар. Сондықтан ру деуге келмейтін шығар. Бөлінгісі келетіндер амалын табады. Қалай бөлінсе де, жұртты біріктіретін адам әкім болуы керек. Ең бастысы, әрине. Елдің ақсақалдары, үлкендері бар. Бәрі бірігіп, атсалысып, ондайға жол бермеуі керек. Ол мәселеге мемлекеттік билік қана емес, сол жердегі ақсақалдар, үлкендер де араласуға тиіс», – дейді депутат.

Сонымен қатар депутат Берік Әбдіғали өз қауіпінде жасырмапты. Қазақстанның солтүстігіндегі облыстарда халық саны 400-600 адамнан аспайтын ауылдар көп екенін ескеру керектігін атап өтіпті. «Күні ертең кім қалай дауыс бергенін ауыл халқының бәрі тегіс біліп отырады. Яғни ауыл халқы сайлаудың өзінің әділетті өтуін қамтамасыз етеді. Өйткені сайлаудағы дауысты санап алатын да – ауыл тұрғындарының өздері. Депутат сол себепті шағын ауылдарда ешкім-ешкімді алдай алмайтынына сенімді.

Ауыл әкімдері жайлы жазған соң «Ауыл» партиясын да айналып өтпеуге тырыстық. Төрағасы Әли Бектаевты әңгімеге тартып көрдік. Жақтастары алдағы сайлауға тас-түйін дайын екен. Айтуынша, ауыл әкімдігіне үміткерге қойылып отырған талаптар орынды. Себебі мемлекеттік қызметте еңбек ету үшін әкімнің біліктілігі болуы керек. «Арнайы тексеруден өткен адамның соттылығы бар ма, бұрын түрлі жемқорлық немесе басқа да қылмыстарға тартылған ба, жоқ па – бәрі анықталады. Ауыл әкімі деген халықпен жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкер болғаннан кейін, оған қойылатын нақты талаптар да болуы керек. Ол жаңадан шығарылған нәрсе емес. Дәл сол әкімдіктің өзінен әкімнің сайлануы керек деген сөз жоқ. Сол ауылдан шыққан, туған, алайда басқа ауылда немесе ауданда жұмыс істеп жүрген азаматтар көп. Облыс деңгейінде жүрген немесе басқа шаруашылық қызметтерге ауысып кеткен кандидаттар да болады. Қазір мысалы мемлекеттік қызметте ешқандай тәжірибесі жоқ ауыл әкімін сайлап алдық делік. Мемлекеттік қызметтің не екенін білмеген, халық пен оның кәсібін ұқпаған адамыңыз қалай әкім болады? Сондықтан мемлекеттік қызметте тәжіриесі бар адам әкім болуы керек деген талап дұрыс»,– деді Мәжіліс депутаты.

Фото ғаламтордан алынды

Өзін-өзі ұсынған азаматтың әкім болып кетуі қиын дейтіндер көп. Соның бірі саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов. Ол кісі сайлаудың әділ өтетініне сенбейтінін, тәуелсіз азаматтардың әкім болатынына күмәні барын жасырмайды. Оның пайымдауынша, қазіргі сайлау жүйесі «Нұр Отан» мен басқа да партия өкілдерінің өтуіне ыңғайластырылған. «Өздерін ұсынған азаматтардың әкім болып кетуі қиын. Аракідік бір демократиялық өзгерістер болып жатыр деп айту үшін мүмкін тәуелсіз кандидаттарды жіберетін шығар. Олар үшін ауыл аса үлкен саяси қауіп төндірмейді. Неге? Өйткені ауыл әкімінің саяси, ал ең бастысы экономикалық тұрғыдан қолы байлаулы. Өзінің бюджеті жоқ. Халық әкімін сайлап алған күннің өзінде ол аудан әкіміне қарайды. Аудан әкімі облыс әкіміне бағынышты. Облыс әкімі Үкіметке есеп береді. Қарап тұрсақ, бұл – тікелей иерархия. Өзінің бюджеті болмай, сол бюджетті дұрыс игеру үшін өзі шешім қабылдай алмай, біздің әкімдер тәуелсіз саяси қызметкер бола алмайды», – дейді ол.

ТҮЙІН: Біздің Үкімет шет елдің тәжірибесіне сүйіне отырып тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы органның басшысы (әкім) өз сайлаушылары алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді, бұл оның жұмысына оң әсер етеді деп қояды. Олар қайда, біз қайда?.. Бұл тұжырым бізге жүре қоярма екен әрісі. Дамыған елдердің демократиясы мен біздің елдің демократиясы бір арнада тоғыса қоймасы бесенеден белгілі. Қазақ оны «Аттыға еремін деп, жаяудың таңы айырылыпты» демейтін бе еді.

Ауыл әкімдерін сайлау осы жылдың шілде айының соңғы 10 күні ішінде өтуі тиіс. Оған да келіп жеттік.

Құқық қорғаушы Шыңғыс Лепсібаевтың сөзіне сенсек: «Әкімдер сайлауы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған маңызды қадамдардың бірі. Өйткені реформа жергілікті басқару жүйесіне қатысты көзқарасты түбегейлі өзгертеді. Яғни ауыл тұрғындары өздерінің көңілінен шығатын және әлеуметтік талаптарын орындай алатын әкімін таңдайды. Соңғылары да жергілікті халықтың қолдауына ие болса, өзінен жоғары тұрған аудан басшысы алдында да белгілі бір саяси салмаққа ие бола алады. Талапқа саймын дегендері тап қазір алақанын ысқылап отырған шығар».

Бірақ өзін-өзі ұсынған азамат кемі екі жыл мемлекеттік қызметте яки екі жыл жеке кәсіпорында жетекшілік жұмыс істеуі тиістігінде естен шығармаған дұрыс. Ал ешбір жерде ресми жұмыс істемеген азаматтар ауыл жайын жақсы білсе де, сайлауға қатыса алмайды екен. Бұл да бір түйткілді мәселе. «Ауылдастың атын оздырмай, ағайынның тайын оздырып жіберетіндер» үшін бұл «ұлы мүмкіндік» болып жүрсе қайтеміз?!

ҚР Парламенті сенатының депутаты Сұлтанбек Мәкежановтың ойы өте асқақ! «Бұл заңдағы аса көңіл бөлетін жаңашылдық – ол әкімдікке үміткер азаматтың өзін-өзі ұсынуы. Бұл жағдайда әлгі азамат сайлаушылардың 1 пайыз қолын жинауы керек. Және бұл норманың өзі сайлау процесін демократиялығының және бәсекелестікті қамтамасыз ететін өте маңызды шарттардың бірі деп есептейміз», –дейді.

Фото ғаламтордан алынды

Осындай да ауыл әкімдерін осыған дейін де сайлап көргеніміз еске түседі. Айталық, 1999 жылы Шамалғанға бір әкімді қолқалап жүріп қалың бұқара қонжитып қойған еді. Қазіргілер сол басшының атын да білмейді. Тап осындай эксперимент 28 елді мекенде жасалған. Бірақ соның бәрі ойдағыдай болмағаны неліктен?

Ел ішінде әңгіме көп. Бірі ойға, бірі қырға тартады. Айтқымыз келгені, кез келген жаңашыл бастама эксперимент алаңына айналмаса екен! Өйткені бұрынғы әкімдердің көпшілігі қайта «бақтарын» сынап жатыр. Олардың бәрі болмаса да көпшілігі түк бітірмеген «қулар». Әлеуметтік желінің бетін бермей тұр. Мұның алдындағы праймериз еске түседі біртүрлі. Күні ертең солар қайта сайланып жатса «Қосылғыштың орны ауысқанымен, қосындының мәні өзгермейді!» деп халық күлмесе бопты дағы!

НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз