Облыс орталығына іргелес жатқан Жамбыл ауданының бүгінгі тыныс-тіршілігі көпшілігінен көш ілгері. Қырғыздан келетін трансшекаралық Талас және Қаратаудың оңтүстік-шығыс беткейінен басталатын Аса өзендері осы аудан аумағына тіршілік нәрін сіңіріп өтеді. Яғни, негізгі табысын ауыл шаруашылығы саласынан тауып отырған ауданның суармалы алқаптары да баршылық. Бір сөзбен айтқанда қысы жұмсақ, жазы ыстық, жер аумағы көбіне жазық келетін Жамбыл ауданында тіршіліктің тайқазаны қайнап-ақ тұр. Аудан әкімі Сәкен Арубаевпен болған сұхбатымызда ауданның бүгінгі хал-ахуалының, экономикасының қаншалықты алға басып жатқынының жай-жапсарын сұрап-білдік.

– Сәкен Қаланұлы, облыс орталығын қоршап жатқан Жамбыл ауданы географиялық орналасуы жағынан инвесторларды тарту, кәсіпкерлікті дамыту бойынша әлеуеті жоғары өңірлердің бірі болып саналатыны белгілі. Одан бөлек мемлекеттік бағдарламалардың да тигізіп жатқан пайдасы аз емес. Жалпы, ауданның атқарушы билігі тізгінін қолыңызға алғаныңызға жылдан асып барады. Халықпен байланысыңыз қалай қазір?

– Аймақпен аттас ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің жоғарылауына, халықтың әлеуметтік-тұрмыс сапасының жақсаруына елімізде жүзеге асырылып жатқан «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Ауыл – ел бесігі» жобасы, «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2025» және басқа да бағдарламалар мен жобалардың шарапаты еселеп тиюде.

Шырайлы өлкенің тізгінін ұстағаныма жылдан асты. Осы аралықта ең алдымен Жолдау жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға, облыс тарапынан енгізілген индикаторлардың орындалуына білек сыбана кірістім. Нәтижесі жыл соңында төбе көрсетті. Индикаторлық көрсеткіштер бойынша, аудан тізімнің алғы шебінен бой түзеді.

Қазіргі таңда мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан бағдарламалар мен жобалар халықтың әл-ауқатын арттыруға, әлеуметтің әлеуетін көтеруге бағытталған. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауларында бұл мәселеге баса мән берілген. Ауыл тұрғындарының жағдайын, өмір сүру сапасын жақсарту, ауылдарды дамыту негізгі басымдықтардың бірі болып айқындалған.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында азаматтардың мұң-мұқтажына, талап-тілегіне назар аударып қана қоймай, олардың түйткілді әрі өзекті мәселелерін шешу көзделген. Тұжырымдама азаматтармен сындарлы қоғамдық диалог жүргізуге негізделген. Президенттің түрлі деңгейдегі шенеуніктерге қойған талабы – осы. Өйткені, мемлекетіміз үшін әрбір азаматтың ой-пікірі маңызды. Біздің өңірде де Жолдау жүктеген міндеттер сәтімен жүзеге асырылып келеді. Ең алдымен осы тұжырымдаманы ілгерілету мақсатында қараша халықпен ауданның әлеуметтік желілерінде «Әкім сағаты» жобасын тікелей эфирде 15 мәрте өткізіп, 150-ден аса өтініш-тілектерге назар аударып, сұрақтарға толымды жауап қайтардық. Әлеуметтік желіде белсенділік танытуым жұртшылықтың билікке деген сенімін арттыра түсті.

Жалпы, өткен жылы әлемді әбігерге салған індет алқымнан алғанымен Жамбыл ауданының жоғары жетістіктері, халық қажетіне берілген игіліктер тұрғындарды қуанта білді. Мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республикалық бюджеттен бөлінген 5,5 миллиард теңге 42 жобаның сәтті аяқталуына ықпал етті. Біз жобалардың мемлекеттік сатып алу шарттарын қайта қарау барысында 142 миллион теңге үнемделіп, ол қаражатты тиімді пайдалану үшін облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына қосымша 30 жобаның құжаттарын жолдадық. Бүгінгі таңда тиісті жобалар бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды. Аталмыш бағдарламаға енген жобалар аясында 1841 жаңа жұмыс орны ашылып, 1000-ға жуық азамат аудан әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа қабылданды. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауданда ауқымды жұмыстар жасалды. Аудан орталығында әмбебап залы бар, үлкен дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды. Жобаның құны 507 миллион теңгені құрайды. Қазір 250-ге жуық аудан жас спорттың ондаған түрімен бір мезетте айналыса алады. Спорт нысаны демекші, ауданда 170 спорттық ғимарат бар. Оның ішінде 1 орталық стадион, 2 спорт кешені, 1 ипподром, 1 теннистік корт, 98 спорт алаңшасы, 29 футбол алаңы, 34 спорт залдары тұрғындарғы қызмет көрсетеді. Спорттық нысан туралы тағы айта кететін жағдай өңір басшысы Қаракемер ауылында жергілікті аяқдопшылардың ашық алаңда асыр-салып, доп қуалап жүргенін көріп, осы ауылға әмбебап спорт кешенінің құрылысын салу қажеттігін тапсырған. Бүгінде нысанның жобалық-сметалық құны 434 млн теңгені құрап, ғимараттың тұрғылықты орны анықталы. Бұдан бөлек жоба аясында 5 ауылдың 8 көшесіне асфальт төселді. Көшелер жарықтандырылды. Ауыз су жүйесі жаңғыртылды. Бүгінде істелген жұмыстың игілігін ауыл тұрғындары көруде. Ең бастысы, жасалған жұмысқа халықтың көңілі толып отыр. Былтыр аталмыш жоба аясында 10 жоба қолға алынып, оған мемлекет қазынасынан 486 миллион 807 мың теңге бөлінді.

Ағымдағы жылы да бұл жоба бастау алды. Жоба шеңберінде 2021 жылға 3 тіректі елді мекенді (Айшабибі, Полатқосшы, Өрнек) және 7 спутниктік ауылдарды (Бектөбе, Қызылқайнар, Түрксіб, Пригородное, Гродеково, Ерназар, Тоғызтарау) қаржыландыру үшін 16 жоба дайындалып, оған 883 млн 503 мың теңге бөлініп отыр.

– Мәдениет пен руханият инфрақұрылымын дамыту мақсатында атқарылып жатқан шаруаларға тоқталсаңыз…

– Тәуелсіздік мерекесіне Аса ауылындағы «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығы» ашылды. Нысан құрылысына 286 млн 437 мың теңге қаралып, құрылыс жұмыстарын «Айна-City» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. 1400 балаға арналған орталықта 23 педагог техникалық, көркем эстетикалық, тілдік, биологиялық-экологиялық, сәндік қолданбалы, кәсіптік бағдар беру бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді. Балалардың функционалдық сауаттылығын арттыру, шығармашылық дағдыларын қалыптастыру, кәсіби бағдар беру мақсатында техникалық үлгілеу, әуеүлгілеу, кеме үлгілеу, автокөлік ісі, робототехника, қызықты математика, тағам дизайны, аспазшы кондитер, жас суретші, саздан бұйым жасау технологиясы, стоп кадр студиясы, ағылшын тілі, сөйлеу шеберлігі, жас биолог-эколог, химия, киім үлгілеу және этнодизайн, алғашқы медициналық көмек көрсету үйірмелері өрендерге қызмет көрсетуде.

Өткен жылы тікелей облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен Жалпақтөбе ауылында 180 орындықты мәдениет үйінің құрылысы аяқталып, халық қажетіне берілді. Жобалық құны 199 млн. теңгені құрайтын мәдени ошаққа қоғам қайраткері, сазгер Шәмші Қалдаяқовтың есімі жуық арада берілетін болады. Бұл – жалпақтөбеліктердің өтініші еді.

Есеп беру кездесуілерінде қаракемерліктер ауылға клуб қажеттігін жиі алға тартатын. Аталмыш жоба аясында 81 млн 612 мың теңгеге 90 орындық заманауи үлгідегі клуб соғылды. «ҚазМұнайҚұрылыс» ЖШС құрылысшылары құрылыс жұмыстарын мерзімінен бұрын бітірді. Жалпы, ауданымызда 4 мәдениет үйі, 9 ауылдық клуб бар. Қаракемер ауылдық клубы – оныншы. Осы жылы Өрнек ауылынан 140 орынды ауылдық Мәдениет үйінің құрылысын бастағалы жатырмыз. Жобалық құны 202 млн. теңгеге жетіп отыр. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасымен 18 кітапханадағы цифрландырылған ақпараттық орталық халыққа қызмет көрсетуде.

– Тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту бағытындағы жұмыстар ойдағыдай жүріп жатыр ма?

– Әрине, өңірдегі ауыз су жүйесі біртіндеп шешімін тауып келеді. Аудандағы 42 елді мекеннің 29-нда орталықтандырылған ауыз су жүйесі бар. Мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында өткен жылы Жасөркен, Қызылқайнар, Ақбұлым, Байтерек, Қаратау ауылына ауыз су құбыры тартылып, су тетіктері әр аулаға орналастырылса, Шоқай ауылындағы ауыз су биыл өз мәресіне жететін болады. Осылайша, 2019 жылы ауыз сумен қамту үлесі ауданда 45,2%- ды құраса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 69 пайызға жетті. Ал ағымдағы жылы сапалы ауыз су мен қамту үлесін 71,4 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз.

Бұдан басқа 1,5 млрд. теңге Бесағаш және Түрксіб ауылын тіршілік нәрімен қамту үшін құжаттар әзірленіп, бюджеттік өтінім тапсырылып, құрылыс жұмыстары жуық арада басталмақ. Бектөбе, Қызылшарық, Қаракемер ауылдарына ауыз су жүргізу үшін құжаттар дайындалуда. Қалған Әулиекөл, Көлқайнар, Кемел, Сеңгірбай, Жұма стансасы, Құмсуат, Жаңаөткел елді мекеніне жеңілдетілген жолмен ұйымдастырылатын болады.

Сондай-ақ газбен қамту көрсеткіші осы жылы 90,4 пайызға жететінін де айта кетейін.

«Көгілдір отын» жүйесі де кезең-кезеңімен шешімін тауып отыр. Ауданның 26 ауылына газ жүйесі тартылған болса, бүгінде 13 ауылға бастапқы дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде Ащыбұлақ, Тастөбе, Рахат, Қаракемер, Еңбек ауылдарына 725 млн теңге «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында ауылішілік газ тарту жұмыстары тиянағын тапса, биыл Жұма стансасы мен Көлқайнар, Ерназар, Шайдана, Өрнек ауылдарына газ жүйесі кіргізілмек. Оған республикалық бюджеттен 655,3 млн. теңге жұмсалмақ. Осы тұста мемлекеттік бағдарламалардың шарапатын көріп отырған Қаратау ауылын мысалға алсақ болады. 2019 жылы ауыз суы да, газ жүйесі де, байланыс операторы да орнатылмаған мекенге жыл ішінде халыққа қажеттінің бәрі жасалды. Енді бұл ауылдың көшесін жөндеп, жарықтандыру жұмыстарын назарға алатын боламыз. Осылайша, ауданда 2019 жылы газбен қамту үлесі 57,1 пайызға, 2020 жылы 61,9 пайызға жетсе, биыл бұл көрсеткіш 90,4 пайызды құрайтын болады.

– Соңғы жылдары егін шаруашылығы, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету керектігі Үкіметте жиі айтылады. Ал егінге су керек екенін өзіңіз де жақсы білесіз. Оның үстіне біздің аймақ Қырғыздан келер трансшекаралық өзен суларына тәуелді болып отырмыз. Өңірдегі су тапшылығын айналып өтуге қаншалықты күш салып жатырсыздар?

– Ауданда кәсіпкерлік сала да жақсы дамып келеді. Бүгінде мал басын көбейтіп, егін сеуіп, бақша салудың арқасында табысын арттырып отырған кәсіпкерлер аз емес. Бұл бағытта жұмыстың жандануына мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулардың да көп көмегі тиуде.

Бұған қоса, қысы-жазы көкөніс өсіретін жылыжайлардың көптеп бой көтеруін, егістіктерде тамшылатып, жаңбырлатып суару технологиясының енгізілуін атап өтуге болады. Мәселен, өткен жылы 7 елді мекендегі 77 жылыжай 1500 тонна қияр, 154 тонна қызанақ, 49,6 тонна басқа да дақылдар жинаса, тамшылатып суару әдісімен 11 шаруа қожалық 70 мың тонна көкөніс, жеміс-жидек жинаған. Ендігі кезекте осы әдіске көшу арқылы, ағын су тапшылығын айналып өтуге басымдылық беріп отырмыз. «Казсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «ПУИИД-2» және «Еуропалық даму банкі» арқылы 11 млрд. теңгеге 553 шақырымды құрайтын 96 каналды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

Осы каналдар 14556 гектарға алқапты суландырады деп күтілуде. Сондай-ақ мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен Қаракемер, Ащыбұлақ, Бесағаш ауылдарында 7 канал, аудандық бюджеттен Қызылқайнар ауылындағы Иманқұл каналы тазаланды.

Ғарыштық түсірілімнің көмегімен 3327 гектар алқап жер қорына алынып, 9696 гектар конкурс арқылы айналымға қосылды.

Өңірде мал басының өсу динамикасында да серпіліс бар. Өткен жылы 10,1 мың тонна ет, 42,4 мың тонна сүт, 67,5 млн дана жұмыртқа өндірілді. Бүгінде 6 370 басқа арналған 13 мал бордақылау алаңы мен тауарлы-сүт фермасы жұмыс істеуде.

Эпизоотияға қарсы егу жұмыстары ауданда толық жүргізілді. Оған қарсы іс-шараларға 183,6 млн бөлініп, ауыл шаруашылығы малдары мен жануарларды 16 түрлі ауруға егу және тексеру жұмыстары жүргізілді.Төрт-түлікке қатысты айта кететін бір мәселе, Қырғыз елінен заңсыз өткен малды уақытша ұстау орнының жоқтығы жергілікті тұрғындардың базынасына айналғаны белгілі.

Осы мәселені шешу мақсатында мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» 34 млн теңгеге Жасөркен елді мекенінен контрабандалық малды ұстайтын арнайы орын салынды.

Жалпы біздің аудан егін егіп, төрт түлік мал ұстағанға қолайлы аймақтар қатарына жатады. Әдетте ауыл шаруашылығы асыраушы сала деп жатамыз. Әлбетте, жерге тер төгіп еңбек етпей, өнім жинау мүмкін емес. Дегенмен жұмыстың көзін тапқан аудан диқандары жер баптай біледі. Халықтың дені табысын осы диқаншылықтан табуда. Көпшілігі бақша салып, көкөніс өсіреді. Қауын-қарбыз егетіндер де баршылық. Ауыл шаруашылығы саласында өндіріс орындарының ұлғаюымен қатар дала еңбеккерлерінің табыстары да көңілге қонымды. Өткен жылы өндірілген өнім 43,8 млрд. теңге жетсе, оның 27,8 млрд теңгесі егіншілікте, 15,8 млрд теңгесі мал шаруашылығының еншісіне тиіп отыр.

Аудандағы суармалы егіс 29092 гектар алқапты құрайды. Оның көлемін тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын қолдану арқылы көбейту жоспарлануда. Қазірдің өзінде 62 шаруа қожалығы тамшылатып суаруды – 56000,5, жаңбырлатып суаруды – 280 гектар алқапқа енгізіп отыр.

Жамбыл өңірі жеміс ағаштарын өсіруге өте қолайлы аймақ саналады. Осы бағытта жұмыстар жақсы жолға қойылып отыр. Бүгінде 237,6 гектар алқапқа үдемелі алма бақтары орналастырылған. Бұл шаруаны «Алтын алма», «Шоқай-Жеміс», «Агро KZT», «Садықов» ШҚ, «Сады-Востока» ЖШС, «ALTYN ALMA» және «Әулие ата Алма» АШК, «Шайқорық бауы» ӨК мен «Салман» ЖК-і табысты жүзеге асыруда. Аудандағы жеті ауылдық округте 295 жылыжай бар.

– Сәкен Қаланұлы, инвесторларды ауданға қаншалықты тарта алып жатырсыздар?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында қолайлы іскерлік ортаны, бизнеске тиімді қолдау көрсетуді және бәсекелестікті қорғауды қамтамасыз ету, кәсіпкерлердің бизнес-дағдысы мен құзыретін жетілдіру мәселелеріне ерекше назар аударып, Үкімітке бірқатар тапсырманы жүктегені баршаңызға мәлім. Бұл бағыттағы игіліктерді жүзеге асыру үшін кәсіпкерлер жердің құрылымынан бастап, ауа райының қолайлылығына дейін баса мән беретіні сөзсіз.

Аудан аумағында бірқатар ұзақ мерзімді инвест жобаларды іске асыру көзделуде. Ауданның негізгі даму бағыты ауыл шаруашылық саласы болғандықтан және Тараз қаласына жақын орналасқандығын ескере отырып инвест жобалардың басым бөлімі егін және мал шаурашылығы бағытында анықталды. Алдағы уақытта 450-500 жуық жаңадан тұрақты жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Атап айтсақ, «Жамбыл Ет МS» ЖШС Полатқосшы ауылдық округі аумағынан 1500 бас ірі қара малын бордақылау алаңының құрылысын салуда. Аса ауылдық округі аумағынан «Алель Агро» ЖШС жылына 2,5 мың тонна сапалы құс етін өндіретін құс фабрикасының құрылысын және ет өңдеу зауытының құрылысын бастады. «ГУД ЛУК» ЖШС сүт тауарлы фермасының құрылысын бастап отыр.. Оның қуаты жылына 5500 литр сүт және 300 мың тонна ет өндіру. 2022-2024 жылдары «Тараз» ӘКК және «Далагро» ЖШС бірлесіп Қызылқайнар ауылдық округі аумағынан 100 гектар жерге жылыжай кешенінің құрылысын жоспарлауда. Жоба құны 15,0 млрд тенгені құрайды. Ауданда 4500-ге жуық шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Бүгінде бизнес субъектілері аясында 7100 азамат тұрақты жұмыспен қамтылса, соңғы үш жылда ауданға 78,0 млрд тенгені көлемінде инвестиция тартылған. Оның ішінде 28,9 млрд тенге өткен жылдың еншісінде болса, жылдың қорытындысы бойынша жергілікті кәсіпкерлер 34,2 млрд тенгенің өнімін өндірген.

Ағымдағы жылға жүктелген меже 30,0 млрд тенгені құрап отыр. Бұл бағытта ауданда инвестициялық жобаларды мониторингілеу және сүймелдеу мәселелері бойынша тиісті жұмыс тобы құрылып, инвестициялар пулы анықталды. Қазіргі таңға жалпы құны 36 млрд тенгеге 7 ірі жоба бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мысалға, «Аса Агро» ЖШС ет бағытындағы құс фабрикасының құрылысын бастау үшін 2,5 млрд теңгені жұмсағалы отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталса, тәулігіне 2 тонна 700 келі бройлер етін сатылымға шығармақ. Ал 2023 жылдары негізгі капиталға салынған инвестиция көлемін 10 млрд теңгеге жеткізуді жоспарлап отыр серіктестік басшысы. Бұдан бөлек 250-ге жуық азамат тұрақты жұмыспен қамтылатын болады. Ал «Jambyl Pharm MS» 3.5 млрд теңге көлемінде фармацевтикалық зауыт салып, 50-ге жуық тұрғынды жұмыспен қамтымақ ниетте. Сонымен қатар өндіріс саласында да бір қатар инвест жобаларды іске асыру жоспарланған. Айшабиби ауылдық округі аумағынан «Шелл» компаниясы 300 гектар жерге 150 МВТ күн сәулелі электр станциясының құрылысын жоспарлауда.

Сондай-ақ алдағы жылы Айша бибі ауылында бір реттік медициналық бұйымдар шығаруға бағытталған «Супер Фарм» ЖШС екпеге арналған шприцтер шығаратын зауыттың үшінші корпусының құрылысын аяқтап, іске қосуды жоспарлауда.

Аудан әлеуетін көтеру үшін, алдымызда әлі үлкен міндеттер мен жобалар бар. Халық қажетін өтеу үшін, аянбай еңбек ете бермекпін.

– Әңгімеңізге рақмет!

 Сұхбаттасқан – Жасұлан СЕЙІЛХАН

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз