Алматының «Қайрат футбол командасы Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңін сәтті бастады. Алматылық клуб өз алаңында Сербияның «Црвена Звезда» клубынан 2:1 есебімен басым түсті. «Қайрат» үшін матч өте ауыр басталды.

Себебі, ойынның небәрі 12-і минутында алматылық ұжымның жартылай қорғаушысы Нейбоша Косович жарақат алды. Оны Ян Вороговский алмастырды. 24-і минутта қазақстандық клуб есеп ашты: бұрыштамадан көтерілген допқа бірінші жеткен Хосе Канте баспен гол соқты. Кездесудің бірінші жартысында осы есеп өзгерген жоқ. Ал екінші тайм қонақтардың қауіпті шабуылдарымен басталды. Қысымға тойтарыс бере алмаған «Қайраттың» қорғаушысы өз қақпасына гол соғып алды. Автогол авторы – Дино Миканович. Матчтың аяқталуына 11 минут қалғанда «Қайрат» жеңісті қарсыласының қолынан жұлып алды. Жазғы ауысым кезінде алматылық үжымға келіп қосылған Маки Баньяк қарсылас команданың қателігін сәтті пайдаланды. Осылайша, тартысты өткен матч 2:1 есебімен аяқталды. Айта кетейік, қос клуб арасындағы екінші кездесу 28 шілдеде Сербияда өтеді.

Ермек САХАРИЕВ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз