Бүгін футболдан Қазақстан кубогы топтық кезеңінің үшінші туры аяқталды. Қарағандының «Шахтері» өз алаңында елордалық СДЮСШОР №8 командасын 7:1 есебімен тасталқан етіп жеңді. Қарағандылық клуб сапынан Оралхан Өміртаев 16, 42, Айдос Тәттібаев 19, 55, Жан-Әли Пайруз 46, 59 минуттарда қос голдан соқса, Евгений Шикавка 62 минутта есепті үстемелей түсті. Оған елордалық командадан 83 минутта Карим Смыков жалғыз голмен жауап қайырды. Ақтаудың «Каспий» және Талдықорғанның «Жетісу» арасындағы кездесу тағдырын жалғыз гол шешті. Оны ақтаулық клубтан Уаджди Сали 76-минутта өзінің еншісіне жазды. Осылайша «Каспий» 1:0 есебімен басым түсті. Елордалық «Астана» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» 1:0 есебімен жеңді. Жалғыз голды елордалық Абат Айымбетов соқты. Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Түркістанның «Мақтарал» командасына 3:4 есебімен жол берді. Бірінші лигада доп тебетін түркістандық клуб сапынан Владимир Седельников 8, Едіге Оралбай 11, Рашид Люхай 17 минуттарда қатарынан үш гол соғып кетті. Одан кейін қостанайлық командадан Серікжан Мужиков 30, (1:3), Жаслан Жумашев 69-минуттарда есеп айырмасын қысқартса, «Мақтарал» сапынан Диержон Ариповтың автоголынан кейін таразы басы теңесті. Кездесу тағдырын шешкен голды 91-минутта Мәди Қасейін соғып кетті. Нәтижесінде «Мақтарал» азулы қарсыласын 4:3 есебімен тізе бүктірді. Сондай-ақ, 24 шілдеде «Қызылжар» мен «Ордабасы» 1:1 есебімен тең түсті. Сырт алаңда «Тұран» «Қайратты» 1:0, «Қайсар» «Ақтөбені», «Тараз» «Атырауды» 2:1 есебімен жеңіп кетті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз