Орал қаласындағы Зашаған кентінде 11 аулада абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Зашағандағы Байтақ көшесі 4, 6-үйлердің аумағында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Аумақты абаттандыру өткен айда басталған болатын. Мердігер – «Шамшын» құрылыс компаниясы. Кенттік округ әкімдігінің бас маманы Шерхан Сапаровтың  сөзінше, келісімшартқа сай абаттандыру жұмыстары 4 ай ішінде аяқталуы тиіс. Абаттандырылатын нысанның аумағы – 6 836 шаршы метр. Қазіргі уақытта  мұнда мекенжайға кіреберіс жолды салу, үйлердің аумағын асфальттау жұмыстары жүргізілуде.

– Мердігер жол салу жұмысатрымен қатар ойын алаңын дайындайтын болады. 824 шаршы метр алаңға жұмсақ резеңке жабын төселеді. Балаларға арналған әткеншек, бірнеше жаттығу құрылғылары қойылады. Шағын футбол алаңы болады. Орындықтар дайындап, қоқыс салғыштар қою, жарықшамдар орнату қарастырылған. Бейнекамера да орнатылады, – деді әкімдік өкілі.

Ал Сейітов 1/3, 1/1, Саратов 22, 24, 26 мекенжайларының аулаларының аумағы асфальтталып, 169,5 метр арық жүйесі салынады. Аула жарықтандырылып, орындықтар мен қоқыс жәшіктері қойылады. Сондай-ақ Бірлік көшесіндегі 9-үйдің ауласында да абаттандыру жүргізілуде.

Жалпы Орал қаласында биыл 48 ауланың абаттандырылуы көзделген. Оның 19-ы жобалық-сметалық құжаттама бойынша жаңғыртылады. Ал 29 аула аумағындағы жұмыстар  2021-2023 жылдарға арналған «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламасы аясында Uralsk.smartmap.kz сайтына түскен өтініштер бойынша жүргізілмек. Бүгінгі күні бұл 29 ауланы абаттандырудың сметасы дайын. Құрылыс-монтаждау жұмыстары тамыз айында басталады.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Орал қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз