Тарих пәні сабағы еді. Оқушылардан үй тапсырмасын сұрап болған мұғалім апай тақтаға өзіміз әдебиет сабағынан оқып жүрген Ә. Бөкейханов, М. Жұмабаев сияқты ақын-жазушылардың суретін іле бастады. Сыныпта тыныштық орнап, бәріміз тақтада ілулі тұрған суретке сұқтана қарап отырмыз. Осы күйімізді ұққан мұғаліміміз:
— Бұлар ел мен жеріміздің азаттығы үшін, ұлтымыз үшін қан төгіп, өз өмірлерін құрбан еткен Алаш ардақтылары, — деді.
Содан соң мұғалім бізге жұмбақ болып көрінген суреттердің қасына барып, олардың жасаған ерліктерін айтты. Ресей империясының қазақ даласына жүргізген отаршылдық саясатына қарсы тұрған «Алаш» партиясының ұйымдастырушысы болған Ә.Бөкейхановтың ерлігін мұғалімнің сөздерінен кең ұғындық. Сабақ соңына дейін бұл ардақтылардың қазақ үшін қалай жанып-күйгенін, билік басындағылардың бұл кісілерге жасаған опасыздығын толығымен түсіндіріп берді. Осы күнгі өткен сабақтан бір ерекше сезім алып, санамды сан түрлі ойлар мазалай берді. Сонда бұл «халқым» деп шырылдаған жандардың не жазығы бар? Біз осы зиялылардың үмітін ақтап жүрміз бе?
Бұл ардақты азаматымыз қазақ қоғамының жағымсыз жақтары мен қара халықты қатыгездікпен қанап жүрген надан молда, болыс пен старшынның, тойымсыз байдың сойылын соғып жүрген екіжүзді ақындардың істеріне жаны шығып, шырылдаған екен. «Қырда кім болса сол молла болады. Аз ғана оқу білетін қазақ, я қашқын, я ноғай, я сарт, я тәжік. Қай қазақ моллаға нанбайды, ашық күнді жауын қыламын деп тұрған соң…» — деп жазған «Қазақ оязындағы моллалардың баяны» деген мақаласында. Осы сөздеріне қарап, сол замандағы сауатсыздыққа күйінгенін көруге болады. Ол халқын оқу-білімге шақырды. Өз ұлты ешкімге ақысын жіберіп алмаса екен деген тілегі болды. Бірақ оның тілегін түсініп, ұққандар саусақпен санарлықтай ғана еді.
Ол ешқандай ғылыми атаққа да, дәрежеге де ұмтылмады. Өйткені негізгі күш-жігерін саяси күреске жұмсаған болатын. Кейде ғылыми жұмыстарын саяси күрес барысында жазуға тура келді. Семейде сегіз ай түрмеде отырған кезінде де өз зерттеулерін жүргізген. Кезіндегі құдіретті Қазақ хандығының бірлігі мен күш-қуатынан айырылып, отарлық тәуелділікке қалай түскенін егжей-тегжейлі зерделеп, оны газет-журналдарға мақала етіп жазып жіберіп отырған. Қазақтың бірлігі мен тәуелсіздігін сақтай алмауының ең басты себебі ел тізгінін ұстағандардың осалдығы екенін ашып көрсетті.
Кейде маған олар неге бар өмірін күреске жұмсады екен деген ой келеді. Соның бәрін тастап, неге қарапайым ел қатарлы өмір сүрмеді екен. Өйткені олардың күресі өз өмірлеріне зиянын тигізді емес пе? Бірақ олай болмайды. Ол халқы үшін жаралған жан еді. Ешқашан қара басын ойлап өмір сүрмеді. Бұл жолда өз өмірлерін құрбан етті.
Міне, мына біз осындай қайтпас жандардың ұрпағымыз. Олар қорғап қалған жерді сақтау, кейінгі ұрпаққа аманат ету — біздің басты мақсатымыз. Халқым деп өз өмірін қиған жандардың алдындағы борышымызды өтеуіміз керек. Әңгімеме арқау болған тарих сабағынан кейін менің өз ұлтыма деген махаббатым артып, тұрып жатқан жерімді сақтау керек екенін түсіндім. Себебі біздің бүгінгі таңда осындай тәуелсіз мемлекетте тұрып, білім алып жатқанымыз әуелі Алла, одан кейін осы аталарымыздың арқасы.

Әйгерім Кани

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз