Бір арман қағып бүгін тереземді,
Есіктен айқара ашқан ене берді.
Келін кеп, шаттық толып шаңыраққа,
Кернеді той-қуаныш керегемді.

Арнайын осы тойға мен ақ тілек:
Қосылған бірге соқсын екі жүрек.
Жетіңдер армандарға қол ұстасып,
Ұстасқан мәңгілікке қалсын білек.

Аялап арадағы махаббатты,
Алдағы өмірлерің болсын тәтті.
Ел-жұрттан алғандарың алғыс болып,
Әрбір күн, сағаттарың өтсін сәтті.

Жүзіңдер махаббаттың айдынында,
Өмірде кездеспеңдер қайғы-мұңға.
Сүйдіріп ата-анаға немерелер,
Ақ үйді толтырыңдар тай, құлынға.

Тасысын бастағы бақ-дәулеттерің,
Көбейсін туған-туыс, әулеттерің.
Ең бастысы, бақытты болыңдаршы, —
Деп осылай өлеңмен өрнектедім.

Ағаларың Қанат Есжанов

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз