Қазақ руханияты орны толмас қайғылы қазаға ұшырады. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, «Қазақ газеттері» ЖШС-ның бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасы, белгілі журналист Жұмабек Кенжалин дүниеден озды. Жұмабек Омарұлы өзінің саналы ғұмырында қазақ руханиятына аямай еңбек етті. Көптеген газет-журналдарда басшылық етті. 2007 жылдан бүгінге дейін «Қазақ газеттері» ЖШС-ның Бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Оның «Желкілдеп өскен құрақтай» (1988 ж.), «Шындықты шырақ етіп ұстаңыз» (1998 ж.), «Ұлт рухын ұлықтаған ұрпақпыз» (2005 ж.), «Саяси менеджмент және баспасөздің жұртшылықпен байланыс мәселелері» (2010 ж.), «Ер Жәуке мінбегенмен алтын таққа» (2011 ж.) деп аталатын кітаптарымен оқырман қауымға жақсы таныс.
Ол — Қазақстан Республикасы Президентінің бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлығының лауреаты (2006 ж.), Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты (1983 ж.), Қазақстан Журналистер Академиясының толық мүшесі-академигі (2001 ж.), Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері (2004 ж.), «Құрмет» орденінің (2009 ж.), Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне — 20 жыл» медалінің (2011 ж.) иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
«Қазақстан ZAMAN» газетінің ұжымы қаламгердің қазасына ортақтасып, жақындарына қайғыра көңіл айтамыз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз