Базарда бір қартаң ағама жолығып қалдым. «Үй сылаймын» деп 10 қап әк сатып алды. Сатушы одан:
— Осынша әктің бәрімен үй ақтайсыз ба? — деп қулана сұрады. Ағам оның қулығын түсінген жоқ, бірақ өзі де қулана жауап берді.
— Әрине, үй ақтаймын! 21 бөлмелі үйім бар!
Сатушының көзі алақандай болды.
— 21 бөлме? Рас па?
— Рас емей, не деп ең? Сені алдағанда маған түсер пайда бар ма? — деп зекіп берді.
Былай шыққан соң:
— 21 бөлмесі несі? Ана сатушы жүректен кетуге сәл қалды ғой? — дедім.
— Бері қара, — деді. — Төрт ұлым бар, үшеуі бөлек тұрады. Рас па?
— Рас.
— Үшеуінің де үйі бес бөлмелі. Өзімде алты бөлмелі үй бар. Барлығы нешеу болды?
— 21 болды. Бірақ ұлдарыңыздың әрқайсысы әр жерде ғой.
— Әр жерде болса неғылады екен? Олардың үйі де өз үйім. Қалаған кезімде барып, аунап-қунап жата беремін. Қалаған кезімде барып, шәй қойдырып, тамақтана беремін. Ол үйлерді де өзім салдырғанмын. Сонда өзімнің үйім болмай, кімнің үйі? Дұрыс па айтқаным?
«Дұрыс емес» деуге шама қайда?
— Әрине!
Бәрімізге де солай «пәлен бөлмелі үйім бар!» деп мақтануға жазсын!

Мықтыбек Оразтайұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз