Кеше еді ғой талды ат қылып мінгенім,
Ашамайға қонып алып күлгенім.
Мектеп барып, алғаш қолға қалам ап
Білім атты сырлы әлемді білгенім.

Сыныптағы жас қыздарға көз салып,
«Ғашықтықтан» жан беруге шақ қалып
Жүрген кездер кеше ғана еді ғой,
Жанарларда сезім оты шоқтанып.

Алғаш рет нәзік жанмен тілдесіп,
Жүретұғын арман атқа мінгесіп
Ілкі сәттер кеше еді ғой, лүпілі
Жүректердің тұратұғын үндесіп.

Балалықтан бозбалалық шаққа өтіп,
Көңілдерде сезім гүлін көктетіп
Жүрген кездер кеше еді ғой, япыр-ау,
Күндіз күлкі, түнде ұйқы бек кетіп.

Өмірдегі бақты содан тапқандай,
Білім қуған студенттік шақ қандай.
Кеше еді ғой сол қалада тапқаным
Жарды үйдегі өзім сүйген ақмаңдай.
Бөленіп бір ғажап шаттық сезімге,
Алғаш рет әке атанған кезім де
Кеше еді ғой сол баламның тәй басқан
Сәті алғаш қалып қойған көзімде.

Тым асығыс жандай мойын бұрмаған,
Уақыт, шіркін, қандай жүйрік зырлаған.
Бәрі дағы кеше еді ғой, ал, бүгін
Көп елестер қолын бұлғап тұр маған.
Ермек Сахариев

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз