Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапарымен Есіл ауданында болды. Өңір басшысы бірінші кезекте егіс алқаптарындағы технологиялардың сақталуын тексерді. Аралау бағыты алдын ала жоспарланбағанын айта кеткен жөн. Көктемде наурыз айындағы кездесулерде облыс әкімі осы жайлы айтқан болатын.
«Маған бағытты дайындамаңдар. Ауданға келгенде, өзім таңдаймын», — деп ескерткен-ді Құмар Ақсақалов.
Есіл ауданындағы алғашқы аялдама минералды тыңайтқыштарды белсенді түрде қолданып жатқан «Петровка-Агро» ЖШС-ның егіс алқаптарының бірі болды.
«Мына жердің бидайы тыңайтқышсыз сепкен егіннен өзгеше. Минералдық тыңайтқыштың тиімділігі осында: масағы да, биіктігі де, сабағының қуаттылығы да өзгеше. Соған сәйкес астық та болуға тиісті. Тыңайтқыштың 50 пайызын мемлекет өтейді. Биыл облыс бойынша 2 есе көп тыңайтқыш алдық», — деді облыс әкімі.
Есіл ауданындағы Тауағаш ауылында өңір басшысы сүт қабылдайтын қосынның жұмысымен танысты. «Асылхан» ШҚ-ның жетекшісі Гүлмира Жаңабекова нысанды мемлекеттің қолдауы арқасында ашқанын айтып берді.
«Біздің етті тұқымды 20 қара малымыз бар. Енді сауын сиырларын алмақ болып, тапсырыс беріп қойдық. Сүт таситын машинамыз бар, сонымен жинаймыз, әзірше сүт аз болып тұр. Күніне 250 литрдей ғана. Тайынша ауданына тапсырыс бердік, әзірше сүтті Меңгесерге тапсырамыз. Мал үшін 70 гектарға арпа септік. Жұмыс істеп, шаруашылығымызды кеңейткіміз келеді», — деді Гүлмира Жаңабекова.
Облыс әкімі осындай жобалар мал шаруашылығын дамытуға оң әсер ететіндігін атап айтты.
«Адамдар сіздер сияқты құрал-жабдықтар орнатып, мал шаруашылығымен айналысуы керек. Өйткені сүтке де, етке де сұраныс бар. Сіздер пайда табу үшін әрі балаларыңызды ойлап, осы іспен айналысасыздар. Еңбек еткісі келетіндерге көмектесуге тиіспіз. Биыл осы ауылдан Спасовкаға дейінгі жолды жөндеу үшін 40 млн. теңге қаражат бөлдік», — деді Құмар Ақсақалов.
Келесі нысанда өңір басшысы квадракоптердің көмегімен аудандағы ауыл шаруашылығы агроқұрылымдарының алқаптарда ауыспалы егістікті қалай сақтап жатқандығын және егістер талаптарға қалай сәйкес келетіндігін тексерді.
«Бізде жермен дұрыс жұмыс істемейтіндерге заң бойынша салынатын айыппұл бар. Бақылау жасау есебінен жерді барынша тиімді пайдалануға қол жеткіземіз. Мемлекеттің ондай әрекеті бар, соны пайдалану керек», — деді Құмар Ақсақалов.
Содан кейін облыс әкімі ауданның ең проблемалы елді мекені — Спасовка ауылында болды. Онда Құмар Ақсақалов жергілікті бастауыш мектептің жұмысымен танысты.
Оқу мекемесінің меңгерушісі Алена Ткач мектепте 6 бала оқитындығын, шағын орталыққа 5 бала келетіндігін айтты. Ауылда 245 адам ғана түтін түтетіп жатыр. Ең негізгі себеп — жұмыс болмағандықтан, тұрғындар көшіп кетуде.
«Барлығы осында келген «Явленка-МТС» және «Жанғакли» ЖШС инвесторларына байланысты. Жыл сайын бір ғана дақыл егеді, көктемде келіп, себеді де, күзде жинап әкетеді. Мұнда ештеңе істеліп жатпағанын көріп отырмыз. Құлдырау. Арам шөп қаптап кеткен. Олар 10 есе көп салық төлеуге тиісті. Бұл кәсіпорын бүгін ештеңе төлемейді, аз-мұз ғана. Еңбекақы — орташа 30 мың теңге. Неге ол мал шаруашылығымен айналыспайды? Сұрау жоқ па? Бұл тақырыпта әңгімелесетін боламыз», — деді өңір басшысы.
Әрі қарай Құмар Ақсақалов ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің есеп беруінің нақты жағдаймен сәйкестігін тексерді. Мамандар құс ұшатын биіктен «Явленка -МТС» және «Жанғакли» ЖШС-нің парларының жағдайын зерттеді.
«Бұл пар емес. Бұл жерді тиімсіз пайдалану деп бағалануға тиіс. Жоғарыдан егістік алқаптар сияқты. Оларды өңдегені тіпті байқалмайды. Жерге бұлай қарамау керек. Аталмыш ауылдық округ бойынша 21 мың гектар жер пайдаланылуы тиіс. Оның 1800-і ғана парға қалдырылған, 8,6 пайызы ғана, ал ол 20 пайыз болуы керек. Бұлар өздері жұмыс істемейді, адамдарға жұмыс істетпейді. Мұндай шаруашылықтармен басқаша сөйлескен жөн», — деді Құмар Іргебайұлы.
Өңір басшысы жергілікті әкімдік мұндай жағдайда өз ісіне ықылассыз аграршыларға шара қолдануы тиіс екендігін атап көрсетті.
Содан кейін аудандық Мәдениет үйінде облыс әкімі активпен және жергілікті тұрғындармен кездесті. Бірінші кезекте, Есіл ауданының әкімі Мұратбек Әбішев әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындысы жайында баяндады.
Баяндамадан кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Омаров ауданның қалыптасқан жағдайына сараптама жасады.
«Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында ауыл шаруашылығына құйылған инвестиция 1,2 млрд. теңгені құрады. Облыс аудандарының ішінде бұл 11 орын. Аудандағы 280 агроқұрылымның 28-і ғана минералдық тыңайтқыш себуде. Оның құнының 50 пайызын мемлекет өтесе де, ондай қолдауды тауар өндірушілер пайдаланбайды. Бұдан басқа, 250-ден астам шаруашылық топырақтың құнарлылығын арттырумен айналыспайды. Сұрып алмастыру облыс бойынша 5,3 пайыз болса, ауданда ол көрсеткіш 1,6 пайыз ғана. Облыстың орташа көрсеткішінен 3,7 пайызға аз», — деді Қайрат Омаров.
Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Жанат Сәдуақасов өнеркәсіп саласындағы жағдай туралы айтты. Есепке сәйкес, бұл мәселеде де көрсеткіштің төмен екендігі байқалды.
«Аудан бойынша ауыл шаруашылығында 572 млн. теңге салық төленді, ал еңбекақы 535 млн. теңгені құрады. Демеуқаржы түрінде 1 млрд. 483 млн. теңге көлемінде көмек көрсетілді. Осының өзі мемлекет еңбекақы төлеп қана қоймай, салық та төлеп отырғанын көрсетеді. Шаруашылық осылай жұмыс істемеуге тиіс. Неге бұлай болып отыр? Себебі — жұмыс жоқ. Ешқандай шара қолданылмайды. Соған бүгін көзім жетті. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бізді қанағаттандырмайды», — деді Құмар Ақсақалов.

Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз