ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары аясында бірінші кезекте «Петропавл» халықаралық әуежайының қайта жаңарту және болашақта транзиттік әлеуетін дамыту барысымен танысты.

Облыс әкімінің орынбасары А.Федяев әуежай терминалы ғимараты мен ұшу-қону жолағына жүргізілген қайта құру жұмысы туралы айтып, енді нысанның әуе кемелерінің кез келген түрлерін қабылдай алатындығына тоқталды. Бұдан басқа, әуежай перронын кеңейту мен кіреберіс автожолды жөндеу жоспарлануда.
Петропавл әуежайын қайта жаңғырту Ресей Федерациясының Қорған, Омбы, Түмен облыстарымен шектесетін Солтүстік Қазақстан облысының транзиттік әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
Әуежай басшылығы жолаушылардың тұрақты авиарейстер санын көбейтуді, транзиттік және жүк тасымалдау рейстеріне қызмет көрсетуді қарастыруда.
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев солтүстікқазақстандық көпбейінді аграрлық кәсіпорын «Зенченко және К» КС жұмысымен танысты, онда мемлекеттің қолдауымен, оның ішінде АӨК дамыту мемлекеттік бағдарламасы бойынша ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге арналған жобалар жүзеге асырылған.
Серіктестік директоры Г.Зенченко Бақытжан Сағынтаевқа ауыл шаруашылығында қолданылатын технологиялар мен шығаратын өнім түрлері жайында айтып берді.
Агроқұрылымның жалпы егістік алқабы 26,6 мың гектарды құрайды. Астықтан басқа майлы дақылдар, картоп пен жемазықтық дақылдар өсіріледі. Одан басқа, шаруашылық мал шаруашылығымен және сүт өнімдерін өндірумен айналысады.
Серіктестікте өнімнің бәсекелестігін көтеру және кәсіпорынның өнімділігін арттыру бойынша шаралар жүзеге асырылған. Өндірістік процестер автоматтандырылған, заманауи технологиялар енгізілуде, қажетті минералдық тыңайтқыштар мен сапалы тұқымдар пайдаланылады.
Ауылдықтар, оның ішінде «Зенченко және К» КС еңбеккерлері үшін спорттың әрбір түрлерімен айналысуға арналған және қажетті құрал-жабдықтармен жарақтанған дене тәрбиесі және сауықтыру кешені салынған.
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапары аясында Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесу өтті.
Кездесу барысында ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов АӨК мемлекеттік бағдарламасын дамытудың І жартыжылдықтағы қорытындысы жайлы баяндады.
Үкімет қабылдаған шаралар мен демеуқаржыландырудың жаңа тетіктері нәтижесінде үстіміздегі жылдың І жартыжылдығында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,1%-ға, ал азық-түлік тағамдары өндірісі 7,5%-ға өсті. Дәнді дақылдар саласының рентабельділігін артыру бойынша қолданылған шаралар 2017 жылы егісті 1,5 есе сапалы тұқымдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Элиталық тұқымдарды пайдалану 40 %-ға өсті, ал сапасы төмендерді қолдану 2 есе азайды. Тұқым шаруашылығының материалдық-техникалық базасын түбегейлі өзгерту үшін 2018 жылдан бастап тұқым шаруашылығына жұмсалатын шығын нормативін 50 %-ға өсіру жоспарлануда. А.Мырзахметовтің сөзіне қарағанда, осының өзі таяудағы үш жылда барлық техника қажеттілігін жоюға мүмкіндік береді. Бұдан басқа, І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ет өндіру 5,2%-ға, сүт 2,9%-ға өсті. Ондай өсімге, ауылда кооперциялауды енгізу бойынша қолданылған ынталандыру шарасы, сол сияқты мал шаруашылығын демеуқаржыландырудың тиімділігін арттыру әсер етті.
Мал шаруашылығын мемлекеттік қолдау өлшемін өзгерту сол қаражат аясында демеуқаржы алушылар санының бірнеше есе өсуіне мүмкіндік берді. Бұрын етке демеуқаржы алатындар өндірістік бордақылаумен айналысатын 175 тауарлы шаруашылық болса, қазір 522 шаруашылық қамтылды немесе 100%. Нәтижесінде ет өндірісінің көлемі 40%-ға өседі деп күтілуде.
2017 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жоспардағы 326-нің орнына 487 кооператив құрылды, оның 168-і сүт бойынша, 261-і ет бойынша.
26,2 мың басқа арналған 1580 отбасылық бордақылау алаңы құрылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің тауарлы өндірісіне 53,5 мың ЛӨШ мен шағын фермерлік шаруашылықтар тартылды.
Қызылжар ауданындағы Новоникольское ауылындағы кездесуде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарының ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен АӨК-нін жаңа мемлекеттік бағдарламасын дамыту барысы жайын талқылады.
Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің жұмысы Қазақстанның ең ірі аграрлық экспорттық өнім өндіретін елге айналу мәселесін шешуге бағытталған. Осы мақсатта жыл басында ауыл шаруашылығының негізгі тетіктерін қолдауды қарастыратын мемлекеттік АӨК дамыту бағдарламасы қабылданды.
Үкімет саланың бәсекелестігін дамыту үшін жағдай жасауда. Соңғы 5 жылда тура мемлекеттік қолдау 3 есе өсті, егіннің шығымдылығы мен еңбек өнімділігін арттыру үшін жүйелі шаралар қабылдануда. Демеуқаржыландырудың жаңа үлгісін енгізу нәтижесінде егіс көлемін сапалы тұқымдармен қамтамасыз ету және тыңайтқыштар қолдану 1,5 есе өсті.
Экспорттық әлеуетті көтеру үшін «Азық-түлік корпорациясы» АҚ сыртқы нарықта отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін жылжыту жөніндегі оператор болып, қайта ұйымдасты. Мемлекет басшысының келісімдері арқасында шетелдік нарықтарға жол ашылды, оның ішінде ҚХР, БАӘ, Иран және басқалары.
АӨК саласында мемлекеттік қызмет көрсету процесі оңтайландырылуда, құжаттардың мерзімі мен тізімі қысқаруда, қайталама процедуралар жойылуда. Үстіміздегі жылы демеуқаржыландырудың үш түрін автоматтандыру қарастырылған, келесі жылы оның 15 түрі бойынша жұмыс аяқталады.
Мемлекеттік АӨК бағдарламасын І жартыжылдықта жүзеге асырудың қорытындысы туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов баяндады. Ауыл шаруашылығы өнімдірінің жалпы көлемі өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 3,1%-ға өсті. Осы жағдайда мал шаруашылығы өнімдері де 3,1 %-ға көбейді, өсімдік шаруашылығы 2,2 %-ға, азық-түлік тағамдары өндірісі 7,5 %-ға артты.
Облыстың АӨК-нің дамуы туралы СҚО әкімі Қ.Ақсақалов айтты. Кеңестің маңызды мәселесі бойынша «Мәмбетов және К» КС директоры Е.Мәмбетов, ҚР Ет одағының төрағасы М.Бақтыбаев, Картоп және көкөніс шаруашылығы одағының төрағасы К.Бисетаев, Фермерлер одағының президенті А.Даринов, «Қазақстанның шошқа шаруашылығы одағы» қауымдастығының төрағасы В.Лим, «Зенченко және К» КС директоры Г.Зенченко өз ойларын ортаға салды.
Ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер импорт және экспорт саясаты, мал шаруашылығындағы ветеринарлық қауіпсіздік, өсімдік шаруашылығындағы демеуқаржыландыру және сақтандыру, жанармаймен және тыңайтқышпен қамтамасыз ету жайында ұсыныстар жасады.
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев кеңесті қорытындылай келіп, ҚР Ұлттық экономика министрлігіне ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер мен отандық ауыл шаруашылығы техникаларын өндірушілерге салық салу мәселесін қарауды тапсырды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі демеуқаржыландыруды әрі қарай дамыту тетіктері мәселесіне бақылау жасауы қажет. «ҚазАгро» холдингіне аграршылар ұсынған инвестициялық жобаларды қарауды тапсырды.
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің мүшелерімен шағын және орта бизнесті дамыту және бизнес ортаны жақсарту бойынша шараларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет отандық бизнесті дамыту үшін қолайлы жағдай жасау бойынша кешенді жұмыс жүргізуде. Қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары қабылдануда, заңнамалық база жетілдірілуде.
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев бизнес ортаны қайта реттеу бойынша атқарылатын шараларға толығырақ тоқталды. Рұқсат ету саны 3 еседен астам қысқарды, бақылаудың 114 саласы мен қадағалаудың 18 саласы қайта қаралды. Заңнамадағы бизнестің мемлекеттік органдарға есеп пен мәлімет беруі бойынша міндеттеріне тексеру жасау басталды. Қабылданған шаралар нәтижелерінің бірінші кезеңінде бизнес үшін ақпараттық талаптардың 30 %-ға қысқарғаны жатады.
Ауыл шаруашылығында қолдаудың барлық негізгі шаралары мемлекеттік АӨК дамыту бағдарламасында қарастырылған. Оның ішінде қаржылық тетіктер, жер ресурстарын тиімді пайдалану үшін жағдай жасау, ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз етуді жақсарту, сауда-логистикалық инфрақұрылымдарды дамыту және ғылыми-технологиялық қамтамасыз ету.
Үкімет жоспарлы салықтық тексерулер санын қысқарту бойынша жұмыстар жүргізуде, сатып алу саласы жетілдірілуде және жергілікті мазмұндағылардың үлесін көбейтуге арналған шаралар қабылдануда.
Экономикада мемлекеттің қатысуын қысқарту мақсатында жекешелендіру процестері жеңілдетілген, мемлекеттің немесе квазимемлекеттің қатысуымен ЖШС үлесін сатып алудың басымдық құқығы жойылған. Ол жекешелендіру процесінде бизнестің қатысуын белсенді ете түспек және кәсіпкерлердің жаңа түптерді иеленуіне мүмкіндік бермек.
Үшінші жаңғырту аясында да бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда, экономиканың жаңа салалары, жаңа индустриялар құрылуда, қызмет, туризм, «жай заттардың экономикасы» салалары белсенді дамуда.
Шағын және орта бизнес саласындағы ағымдағы жұмыстар жайында «Атамекен» ҰКП басқармасы төрағасының орынбасары Н.Алтаев баяндама жасады. Өңірлік кәсіпкерлер палатасы кеңесінің өкілдері маңызды мәселелерді көтерді.
«Екпін-2002» ЖШС директоры Е.Әбиев, «Атай СК» ЖШС-нің құрылтайшысы Т.Қожахметов, «Арқалық» ШҚ жетекшісі Н.Барлыбаев, «Арт Строй» ЖШС директоры И.Валишин, «Барс Норд»ЖШС-нің бас директоры В.Богданов, «Радуга» ЖШС-нің бас директоры Д.Шарапаев құнарлы жұмыспен қамту жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын жүзеге асыру мәселесіне байланысты сауалдар қойып, қаржылық және рұқсат ету тетіктерін жетілдіру жайында ұсыныстар жасады.
Көтерілген мәселелерге байланысты ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов, Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов, «ҚазАгро» мен «Бәйтерек» холдингтерінің басшылары түсінік берді.
Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары кезінде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев Петропавл қаласындағы тұрғын үй, әлеуметтік-мәдени және спорт нысандарының, инфрақұрылымдар мен инженерлік коммуникациялардың құрылысымен танысты.
Спорт сарайында болған кезде облыс әкімі Құмар Ақсақалов Үкімет басшысына Жамбыл көшесіндегі мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында атқарылып жатқан қайта жаңғырту жайында, МЖӘ тетіктері арқылы Оқушылар сарайы мен Теннис орталығының құрылысы туралы айтып берді.
2017 жылы облыс орталығында 1000 пәтерді пайдалануға беру жоспарлануда. Негізгі құрылыс алаңы болып «Жас өркен» шағынауданы белгіленген, онда 500-дей тұрғын үй мен құрылыстар бұзылмақ. Олардың орнына екі жылда 2500 пәтерлік 11 көппәтерлі тұрғын үй, Оқушылар сарайы мен Теннис орталығы салынады.
Әуежай перронын кеңейту, жолдарды күрделі жөндеу, көшелерді жарықтандыру желілерін қайта жаңарту бойынша ауқымды жұмыс атқару қажет. Екі жылда 28 көше мен 400 аула аумағы жөнделеді.
Бұдан басқа, ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев облыс орталығында салынатын әлеуметтік-мәдени мақсаттағы нысандардың, қонақүйлердің, ойын-сауық орталықтарының және мәдение-сауықтыру кешендерінің жобаларымен танысты.
Бақытжан Сағынтаев СҚО ірі кәсіпорындарының басшыларымен қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жаңғырту және дамыту мәселелерін талқылады.
Оған дейін ел Премьер-министрі «ПАМЖЗ» АҚ-да болып, мұнай-газ және энергетика саласына, сол сияқты қорғаныс мақсатында құрал-жабдықтар әзірлеу барысымен танысты.
Облыс әкімінің орынбасары Д.Жандарбек «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпорынды дамыту болашағы және қызметі туралы Үкімет басшысына айтып берді.
Кездесуде ірі кәсіпорын басшыларымен технологиялық жаңғырту және өндірісті цифрлау, қорғаныс өнеркәсібі кешендеріне 4,0 индустрияландыру элементтерін енгізу мәселелерін талқылады.
Кеңесте ҚР Қорғаныс және аэрокосмос өнеркәсібінің министрі Б.Атамқұлов, Инвестиция және даму министрі Ж.Қасымбек, СҚО әкімі Қ.Ақсақалов, «ПАМЖЗ» АҚ-ның бас директоры Қ.Бишімов, «Киров атындағы зауыт» АҚ-ның бас директоры М.Әбілмәжінов, «ЗИКСТО» АҚ-ның бас директоры В.Спицин, «Мұнаймаш» АҚ-ның бас директоры С.Пушкарев, «ЗМО» ЖШС директоры Н.Васильев және «Блок» ЖШС директоры А.Сысоев өз ойларын ортаға салды.
СҚО Заречный ауылының тұрғында-рымен кездесу кезінде ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев жергілікті атқарушы органдардың және жауапты мемлекеттік органдардың қатысуымен облыста су тасқыны қатерлерін болдырмау мәселелерін талқылады.
Президент Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет елді мекендерді су басуының алдын алу және ескертуге арналған жұмыстарды жүргізуде.
ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев СҚО әкімі Қ.Ақсақаловтың, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ю.Ильиннің, ҚР АШМ Су ресурстары комитетінің төрағасы И.Әбішевтің баяндамаларын тыңдады.
Кездесу кезінде Петропавл қаласының әкімі М.Тасмағанбетов, Қызылжар мен Ғ.Мүсірепов атындағы аудандардың әкімдері Б.Жұмағұлов пен В.Дудов, Заречный мен облыс орталығының тұрғындары И.Брюхова мен Қ.Құрымбаев сөз сөйледі.
Осы мәселені талқылау кезінде облыста су тасқыны қатерлерінің алдын алу және ескерту бойынша нақты шаралар қарастырылды. Петропавлдағы Былғары зауыты аумағында қорғау бөгетін қайта жаңғырту қолға алынбақ. Одан басқа, «Горькое көлі» мен «Биопруд» аумақтарындағы жинағыш бөгеттерін жөндеу, Есіл, Сілеті мен Қамысты өзендерінің арналарын тазарту қажет.
Нұрсайын Шәріп

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз