Қазақстан  Республикасы  Президенті  Нұрсұлтан  Назарбаевтың  «Болашаққа  бағдар: рухани жаңғыру»  мақаласында  «Қазақстанның  қасиетті жерлерінің  мәдени  географиялық  белдеуі — неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы», — деп атап көрсетілген. Елбасымыздың осы тарихи бағдарламасында  айтылған талаптарды орындау мақсатында Алматы облысында  арнайы  комиссия құрылып, іс-шара жоспары бекітілді.   Біз осы өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың  барысы жайлы  Алматы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығының директоры, ҚР көркем академиясының архитектура, монумент, қала құрылысы және археологиялық ескерткіштер жөніндегі вице-президенті, ҚР Мәдениет қайраткері   Есет Жеңісұлы Дәуренбаевпен болған сұхбатты назарла-рыңызға ұсына-мыз.

Рухани тарихты түлетудің кезеңі басталды

— Құрметті Есет Жеңісұлы, өңірдегі тарихи және мәдени мұраны қорғау саласында ұзақ жыл қызмет атқарып келесіз. Дәл қазіргідей кең көлемде осы бағытта бұрын-соңды жұмыстар атқарылды ма? Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарлама іспеттес мақаласының маңыздылығына тоқталып өтсеңіз.
— Шын мәнісінде, бұл біз үшін бір тарихи төл құжат десек те болады. Ұлтымыздың рухани жаңғыруға бетбұрыс жасайтын кезеңнің келгенін Елбасы жақсы білген. Мақаланың әрбір дәйекті сөзі қазақпын деген адамның сана-сезіміне оң әсер етпей қоймайды. Әрине, алдымызда атқарылар қыруар шаруа, тағлымды міндеттер тұр. Ол бір күнде, бір сәтте жүзеге асырыла салатын шаралар емес, жылдар бойы тың шығармашылықпен, үлкен ізденіспен, сан тарапты жолдармен ұлттық құндылықтарымызды түгендейтін, киелі жерлерімізді анықтайтын бағыт-бағдар. Елбасының осы мақаласымен оқып, танысқан сәттен бастап, көңіліме үлкен бір қуаныш сезімі келді. Мен басшылық ететін мекеменің алдында тұрған зор жұмыс ауқымын, жауапкершілікті жақсы түсіндім. Елбасы: «Туған жерге деген сүйіспеншілік туған елге — Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады. Ол үшін «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы керек» деп тасқа таңба басқандай етіп анық жазған.
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын жүзеге асыру жөніндегі жұмыс тобының кеңейтілген отырысының Республикалық форумы 2017 жылы 26 мамырда Астана қаласында өтті. Форумды Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы жүргізді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі «Қазақстан Республикасының Ұлттық Музейі» РМКК жанынан «Сакралды Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы жаңа мекемесі құрылды. Осы орталықтың Республикалық кеңес төрағасы етіп Берік Әбдіғалиды сайлады. Бұл форум алдымызға болашақ үшін атқарылатын үлкен жауапты міндеттер қойды.
Іле-шала Жетісудың киелі жерлерінің географиясы арнайы жобасын жүзеге асыру жөніндегі облыстық сараптамалық кеңесінің құрамын Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бекітті. Комиссия құрамына өңірдің тарихшылары, өлкетанушылары, ғалымдар, қоғам қайраткерлері енгізілген. Осы облыстық комиссияның алғашқы отырысын облыс әкімінің орынбасары, кеңес төрағасы Жақсылық Омар өткізді. Отырыста Сакралды нысандардың іріктеу критерийлері анықталды. Оның ішінде табиғи-ландшафты нысандар, археологиялық және сәулет ескерткіштері, ғибадат орындары саналатын діни нысандар, тарихи тұлғалар және саяси оқиғалармен байланысты сакралды орындар бар.
Сондай-ақ, екінші рет өткізілген комиссия отырысында да өте маңызды мәселелер қаралды. Онда аудан, қалалардың мәдениет және тілдерді дамыту бөлімдерінің басшылары, тарихшы өлкетанушылар өз аймақтарынан әкелінген киелі жерлердің, тарихи ескерткіштердің видеороликтерін сараптама комиссиясына ұсынып, толық ақпарат берді. Іріктеу нәтижесінде 50-ден астам киелі нысандар бойынша қатысушылар өз пікірлерін білдірді.
Алматы облыс-тық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық тарапынан карта жасалынды. Онда әр аудандар бойынша сакралды киелі жерлер, ескерткіштер бойынша бағыттар көрсетілген тізімдер дайындалды. Бағыттар бойынша карта-схемамен экспедиция ұйымдастырылады. Бір сөзбен айтсақ, облыста Жетісудың киелі жерлерінің географиясы бойынша кең көлемде жұмыстар қауырт басталып кетті. Бұрын-соңды мұндай жұмыстар өңірімізде жүргізілмеген еді. Туған жердің әр тау-тасы, белес-беткейі тарихтан сыр шертеді. Әрбір өңірде елдің жадында ұмытылмай жүрген тарихи тұлғалар бар. Олардың ерліктерін, есімдерін ұрпағымыз жатқа біліп өсуі керек. Бұл, сөз жоқ, туған жерге деген партиоттық сезімді оятады. Қазақпын деген әрбір азаматтың елге, жерге деген құрметін арттырады. Тарихты жас ұрпаққа берілетін тағылым үшін сөйлету еліміздің абыройын асқақтатады.

Сакралды нысандар

— Қазіргі кезде облыс аумағында «Қазақстанның киелі географиясы» жобасы бойынша жұмыстар жүзеге асырыла бастады. Сөздік қарым-қатынасымызда Сакралды нысандар деген терминология пайда болды. Осы жайында айтып өтсеңіз.
— Мемлекеттік саясатта жаһандық әлемдегі ұлттың бәсекеге қабілеттілігіне қол жеткізу бойынша Президент ұсынған стратегиялық міндеттерді шешу үшін тарихи және мәдени жадыны регенерациялау механизмін жасау бірінші дәрежелі маңызға ие. Ол үшін Елбасы бастамашылық еткен жаңа мәдени-идеологиялық жобалар, оның ішінде, жалпыұлттық киелі жерлерді халық санасында қалыптастыруға бағытталған «Қазақстанның киелі географиясы» жобасының жүзеге асырылуы, сөз жоқ, тарихи оқиғамен пара-пар.
Сакралды нысандар — ұлттың шоғырлану және сәйкестілік құралы. Қазақстанның бүкіл аумағында есте сақтайтын орындардың бірыңғай желісін, Қазақстанның әулие жерлерінің мәдени-географиялық белдеуін құру, бұл, Президенттің ойынша, ұлттық сәйкестілік тірегі элементтерінің бірі.
Ескерткіштердің материалдық, заттық жақтарын ғана емес, ең алдымен, қасиетті орындардың, зиярат ету және ғибадат орындарының халықтың тарихи жадысын — сакралды тарихын символдық қорғау, сақтау көзі ретіндегі киелі мағынасымен байланысты рухани тәжірибелерін түсіну де маңызды.
Қазақстандықтардың мақтаныш көзі — әулие жерлердің орасан зор географиялық белдеуі ұлттық сәйкестіліктің тірегі. Әркімнің санасында және ұғымында оның барлық буындары бірыңғай тарихи-мәдени кеңістік ретінде өзара берік байланыста болуы маңызды.
Бұл жобада «сакралды нысандар» ретінде табиғи ландшафт және мәдени мұраның, дүниеуи және діни сәулеттің айрықша қастерлі ескерткіштері, кесенелер, сондай-ақ, Қазақстан халқының жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар ұғынылады.
Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы мен әлеуметтік-саяси өміріндегі маңызды орын алатын ұлттық бірлік пен жаңғыру нышаны ретіндегі сакралды нысандар маңыздылық дәрежесі бойынша жалпыұлттық, республикалық маңызы бар және жергілікті мәндегі нысандар болып екіге бөлінеді. Мысалы, біздің облыс бойынша төрт бағыт бойынша 103 ескерткіштердің және киелі орындардың тізімі жасалып, негізгі деректері анықтал-ды. Оның ішінде Ақсу ауданының Тамшыбұлақ көзі бар. Бұл — Қапал ауылының орталығында орналасқан, көне заманнан келе жатқан, тастан қаланып салынған ескі зираттардың астын үңгіп, тас қабырғаларды жарып шығып, тамшылардан құралып ағып жатқан қасиетті бұлақ. Бұл бұлақтың суы көптеген ауруларды емдеуге қолданылған. Тамшыбұлақты алғаш зерттеп жазған атақты саяхатшы, этнограф Шоқан Уәлиханов екен.
Тағы бір киелі көл тізімге енгізілді. Ақсу ауданының Құрақсу ауылынан 15 шақырым жерде орналасқан Райананың тұзды көлі. Бұл көлдің емдік қасиеті, пұшпағы бұзылмаған табиғатының әсемдігі барлық келушілерді бірден баурап алады. Панфилов ауданындағы Әулиеағаш туралы аңызды кім білмейді? Жуандығы алты-жеті адамның құшағы әзер жететін алып ағаштың жасы шамамен 600-700 жыл деп есептеледі. Әулиеағаштың тамырынан тараған көкшыбықтар ағашты қоршап өскен. Бір ғажабы ол ағаштардың ұштары ортада тұрған киелі ағашқа иіліп сәлем беріп тұр. Бұл да бір табиғаттың тамаша сыйы шығар.
Жуырда Панфилов ауданындағы Белжайлау шатқалына тарих сахнасынан ойып тұрып орын алған 1643 жылғы болған Орбұлақ шайқасына белгі тас қойылды. Жазушы, Мемлекеттік сыйлық пен «Құрмет» орденінің иегері Бексұлтан Нұржекеев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен сәтінде Орбұлақ шайқасының маңыздылығы жайлы сөз қозғаған еді. Осыған орай бір топ ел азаматтары Кербұлақ ауданы, Аралтөбе ауылы арқылы Жоңғар Алатауымен киелі жерге сапар шекті. Батыр бабалардың ізі қалған орынға барып, ескерткіш белгісін орнатып, құран бағыштап қайтты.
Сонымен қатар ұзақ жылдар бойы халық есімдерін құрметтеп, қадір тұтқан әулие-бабалардың 35 ескерткіші киелі орындар санына кірді. Оның ішінде 1692-1780 жылдар аралығында өмір сүрген Ескелді би күллі қазақ халқына қауіп төнген ХҮШ ғасырда ел қорғаған ерлердің бірі, көсемі болған. Сол өз заманында сөз бастаған шешеннің, дуалы ауызды бидің қызметін атқарған. Жетісудың жыр дүлдүлдері Сүйінбай мен Бақтыбай ақындардың жырына арқау болған ерекше тұлғалы баба. Тағы бір айта кететін ескерткіш Жамбыл ауданы, Айдарлы ауылындағы Құртқа тәуіп кесенесі жайлы. 1770-1906 жылдары өмір сүрген Құртқа — есімі Жетісу мен көрші қырғыз еліне кеңінен тараған халық емшісі. Ол кісі арабша-парысша хат таныған, еліне қамқор абыз, әулие, көріпкел, қасиетті адам болған. Үш ғасырдың жүзін көрген өте білімдар бабамыз жайлы айтылар естеліктер аз емес.
Елбасымыздың тарихи мақаласы осылайша талай көлеңкеде қалып бара жатқан тарихи адамдардың есімін ел есіне салуға ықпал етуде. Жалпы Жетісу өңірінің тау-даласы, қия беткейінде сан ғасырлық тарихтың тараулары сайрап жатыр. Қазақтың ен даласын, халқын төтеден келген жаудан қорғаған, еркіндікті аңсап өткен батыр бабаларымызға орнатылған ескерткіштердің өзі бір шоғыр. Осындай ерлікке, күреске толы болған өткен тарихымызды, батырларымызды, әулие бабаларымызды түгендеуге тек қана еліміздің тәуелсіздігі арқылы қол жеткіздік. Енді осындай тарихтың жарқын бетінің шежіресін толықтырып жазу өскелең жас ұрпақтың туған елге, жерге деген патриоттық сезімін нығайтуға ықпал етуі тиіс.

Тың серпіліспен игілікті шаралар жүзеге асырылады

— Елбасының тарихи мақаласының жарияланғанына төрт айдың жүзі болды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, теледидар, ғаламтор жүйесінде сан тоғысты пікірлер айтылып, жазылып жатыр. Сөзден гөрі оқырман жүзеге асырылып жатқан шаралардың барысын білгісі келеді. Өңірде қандай оңды өзгерістер бар?
— Ақиқатын айтсақ, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы көптеген жақсы істердің жүзеге асырылуына ықпал етуде. Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолдауымен Қазақстан Республикасы көркемсурет академиясының 10 жылдығына арналған альбом-кітап жарық көрді. Онда археологиялық ескерткіштер мәдени мұра киелі жерлер бойынша арнайы бөлім бар.
Сонымен қатар Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиевтің бастамасымен облыстың архитектуралық, археологиялық және табиғи ескерткіштерінің электронды картасы қолға алынды. Жетісудың киелі жерлері, тарихи тұлғалар және саяси оқиғаларымен байланысты сакралды орындар бойынша, облыс бойынша сәулет және қала құрылысы монументалды өнер тарихи археологиялық кешенінің арнайы энциклопедиясы ұйымдастырылып, жіберілетін болды. Осы мақсатта облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталық тарапынан өңір аудандарының киелі орындарын зерттеу экспедициясының бағыттарының карта-сызбасы жасалып, тізімдер дайындалды.
Соңғы бір жағымды жаңалық үстіміздегі жылғы маусым айының 12-сі күні Париж қаласында өткен сессия-конференцияда Кербұлақ ауданындағы «Алтынемел» Мемлекеттік Ұлттық Қорық табиғат паркіндегі біздің дәуірімізге дейінгі VII-IX ғасырдағы «Бесшатыр» археологиялық кешені ЮНЕСКО-ның Бүкіл дүниежүзілік Мәдени мұра тізбесіне енді. Бүгінгі таңда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік Мәдени мұра тізбесінде Алматы облысының бес ескерткіші бар.
Тағы бір қуанарлық жағдай — биылғы жылы орнатылатын Еңбекшіқазақ ауданының Есік қаласындағы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың, ақын Тұманбай Молдағалиевтің, Сөгеті-Нұра ауылына қойылатын қоғам қайраткері Сағыныш Есбергеновтың бюст-ескерткіштеріне ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің № 371 бұйрығына сәйкес Астана қаласындағы мемлекеттік комиссиядан рұқсат алынды. Облыстық ескерткіштер мен монументтер жөніндегі комиссиясы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2015 жылғы 16 қарашадағы №356 бұйрығына сәйкес зиялы қауым өкілдеріне, ұлы тұлғаларға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне 14 мемориалды тақталар орнатты.
Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы А.Әбдуәлиевтің идеясымен «Көне қалалар күмбірі» археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу жоспарланды. Көне жәдігерлер, артефактілер мен көне қалалар арқылы тарихқа саяхат жасау, археологтардың еңбектерімен таныстыру, Жетісу жеріндегі көне қалашықтар жайлы халыққа ақпарат беру жұмысы үзіліссіз жүргізілмекші.
Алдағы уақытта жүзеге асырылар қыруар шаруалар тұр. Оның ішінде «Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесінің облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі орталығы «Жетісу петроглифтерінің атласы» деп аталатын кең көлемді ғылыми-зерттеу және білім беру жобасын орындау мүмкіндігін қарастыртыруда.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев: «Бізге жалпы ұлттық тарихи сана қажет. Біздің тарихты қабылдауымыз, толық және позитивті болумен қатар, қоғамды бөліп-жармай біріктіруге тиіс. Ұлттық рухты тиісті деңгейге көтеру үшін, шынайы тарихымыздың, мәдениетіміздің, дініміздің қандай екенін анық сезінуіміз керек», — деп атап өткен болатын. Археологтардың ерен еңбектерінің арқасында анықталған қазақ жерінің мыңдаған жылдық таңғажайып тарихының басым бөлігі архив сөрелерінде сақтаулы.
Жетісудың ежелгі тарихымен тікелей байланысты Жетісу өңірінен табылған жартастардағы бірегей көне суреттер — петроглифтерді ЮНЕСКО-ның адамзаттың мәдени мұрасы деп танығаны бәрімізге белгілі. Ежелгі өркениеттің петроглифтері мен әлі де болса іздесе табылатын жауһарларымыз ұлтымыздың дәстүрлі мәдени мұрасы болғандықтан, оларды бүкіл қазақ халқы мақтаныш тұтады.
Сонымен қатар, Жетісу өңіріндегі петроглифтер орналасқан жерлер мыңдаған жылдар бойы қасиетті орындар ретінде саналып, өткен дәуірдің асқан бай рухани және діни көзқарастарын паш етіп келді. Петроглифтері бар ландшафтың маңыздылығы күні бүгінге дейін жойылған жоқ. Және елдің көпшілігі ол киелі жерлерге емделіп, жан дүниелерін тазарту үшін барады. Сондықтан аталған орындар біздің ұлттық мұрамыз бен ата-бабаларымыздан қалған жаһандық деңгейдегі мәңгілік феноменнің шынайы ескерткіштері болып қала береді.
Республикалық орталықтың төрағасы Берік Әбдіғали өзінің сөзінде киелі жерлердің санына шектеу қойылмайтынын нақтылап айтты. Сондықтан Жетісудың киелі жерлерін одан әрі анықтау жұмысы жүргізіле береді. Қазірдің өзінде облыс тұрғындары әрбір жер атауының аңыз-әңгімелері жайлы мәліметтер беруде. Осындай аса маңызды жұмыстар өңір халқының көмегімен жүзеге асырылады. Туған жердің бай тарихын зерттеуге қатысудың өзі ерекше сүйіспеншілік, патриоттық сезіммен ұштасып жататыны белгілі.
Нұрила Бектемірова

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз