Астанадағы «Қазанат» атшабарында жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирі мәреге жетті. Қазақ елінде тұңғыш ұйымдастырылған «Алтын жебе» турнирі үш кезеңнен: шапшаң ату, қалқан ату және жамбы атудан тұрды. Жалпы, жамбы ату — қазақ халқында кең тараған мергендік сынның бір түрі. Жарысқа 10-нан астам елден келген сұрмергендер қатысты. Біздің елден «Алтын жебеде» бес спортшы бақ сынады. Турнирдің жүлде қоры да өте қомақты болғанын атап өткен жөн. Бес орынға дейін бәйге тігілді. Турнир қорытындысы бойынша, 1-орынды Румыниядан келген Михай Кузми алып, 2 млн. теңгені қанжығасына байлады. 2-орын мен 1 млн. теңге қазақстандық спортшы Сарыбай Айтбектің еншісіне тисе, 3-орын мен 700 мың теңгені Айкөз Ералған иеленді. Төртінші орын мен 400 мың теңге Мажарстаннан келген Немоти Кристоф Арпадқа бұйырды. Бестікті Малайзия спортшысы Мұхамед Акмал бин Мохамед Дакалан түйіндеді. Оған 200 мың теңге бұйырды. Халықаралық «ЭКСПО — 2017» мамандандырылған көрмесінің мәдени-думанды және спорттық іс-шараларының кешенді бағдарламасы аясында ипподромда өткен жамбы атудан «Алтын жебе» халықаралық турнирін мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті ипподром аумағында орналасқан «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенін аралап көрді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз