Биліктегілердің есіне енді түсті ме, кім білсін, әйтеуір ендігі жерде қазақстандық полицейлерге қызметтік көлігінің терезесін тұмшалауға тыйым салынатын болыпты. Ішкі істер министрлігінің жаңа тәртібін бұзған сақшылар шетінен тәртіптік жазаға тартылмақшы көрінеді. ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев: «Жол патрульдік полицияның қызметтік автокөліктерінің артқы және жанындағы әйнектерін қараңғылауға тыйым салынды. Бұл шаралар полицияның азаматтарға қолжетімділігін, қызметінің айқындығын қамтамасыз етуге бағыттылған. Арнайы түстермен айшықталған және жарық, дыбыс сигналдарымен жабдықталған автокөліктерге осындай талап қойылып отыр», — дейді. Яғни, полицейлер мінген көк түспен боялған көліктердің барлық әйнегі ашық болуы тиіс. Ішкі істер министрлігі осы арқылы тәртіп сақшылары арасындағы парақорлықты жоймақ. Енді полицейлер ереже бұзған жүргізушіні көліктің артқы орындығына отырғызып алып, жасырын сөйлесе алмайды. Айта кету керек, елімізде қарапайым көлік жүргізушілеріне де терезесін тұмшалап жүруге тыйым салынған.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз