Қазақстанда жанармай бағасы тағы қымбаттайды деп күтілуде. Себебі шикі мұнайды өңдеп отырған еліміздегі үш зауыттың бірі — Атырау мұнай өңдеу зауыты жұмысын тоқтатты. Кәсіпорын қыркүйектің аяғына дейін толық жөндеуден өтпек. Бұған қалтаға тағы салмақ түсе ме деген тұрғындар алаңдаушылық білдіріп отыр. Өйткені олар зауыт толық тұрмақ, жартылай жөндеуге жабылғанда жанармай тапшы болатынын талай рет көрген. Дегенмен, басшылық ешқандай тапшылық болмайды деп сендіруде. Өйткені жанармайдың жеткілікті қорын жасап қойса керек. Осыны алға тартқан зауыт өкілдері: «Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу — жанармай нарығына мүлде әсер етпейді. Себебі біздегі резервуарларда республиканың ішкі нарығын толық қамтамасыз ететін жеткілікті қор бар. Яғни, әр айға белгіленген норма орындалып тұр», — деп сендіріп отыр. Бірақ бұған илана қояр тұрғындар көрінбейді. Өйткені еліміздегі үш бірдей мұнай өңдеу зауыты толық істеген күннің өзінде жанармайдың көп бөлігі әлі сол Ресейден тасымалданып жүргенін көріп отыр ғой. Зауыттағы күрделі жөндеу жұмыстары қыркүйектің 29-ы күні аяқталады деп жоспарланған. Осы уақыт ішінде барлық ескірген қондырғылар жаңартылып, технологиялық пештер мен құбыр өткізгіштерге толыққанды жөндеу жүргізілмек. Бұл өз кезегінде алдағы уақытта алынар мұнай өнімдерінің сапалы болуына әсер ететін көрінеді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз