«Ата Заң — азаттығыңды айқындайтын, тәуелсіздігіңді паш ететін, егеменді ел екеніңді танытатын, дербес мемлекеттігіңді көрсететін қастерлі құжат. Ата Заң — азаматтың арқа сүйер алтын арқауы. Біздің бүкіл тыныс-тіршілігіміз, өмір салтымыз, қоғамның тамыр бүлкілі — барлығы сол заңнан бастау алады.

Ата Заң — әрбір азаматтың конституциялық құқын танытатын, әр қазақстандық бұлжытпай орындайтын заңдардың темірқазығы. Ата Заң — дүние есігін ашқаннан бастап, басың құбылаға қарағанға дейінгі уақытта сенің құқыңды сақтайтын, құр сөреде жатпайтын баталы заң. Ата Заң —аталар аманаты. Кешегі Қасымның «Қасқа жолы», Есімнің «Ескі жолы», Тәукенің «Жеті жарғысының» жалғасы, заңды мұрагері — біздің бүгінгі Конституция» деп жататыны бесенеден белгілі, айдан анық нәрсе.
Ата-бабамыз аңсаған тәуелсіздікке қол жетіп, егемендігіміздің еңсесі нығайып, Қазақстанымыз көркейіп, ел экономикасы өсіп-өркендеп, дамудың даңғыл жолын таңдадық. Қыруар қайратты, еңселі еңбекті қажет етер күрделі де қиын өмір өткелдерінен өтіп, алуан асуларды, биік белестерді бағындырдық.
Сонымен, Қазақстан Республикасының Конституциясы — елдің басты саяси құқықтық құжаты. Заңға бағыну — тәртіп, ал тәртіп бар жерде тәрбие, тиянақтылық сияқты адамға тән қасиеттер бар. Сол қасиеттер қоғам дамуына негіз болады. Өз Отанын танып, сүюі, оның заңдарына бағынуы әр адамның азаматтық жауапкершілігін сезінуі, өз елінің алдындағы азаматтық борышын орындауы деп білеміз!

Лариса Кәрібайқызы,
С.Жиенбаев атындағы жасөспірімдер
кітапханасының қызметкері,
Ақтөбе қаласы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз