Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті аясында осы ұйымның бас хатшысы Юсеф бен Ахмад әл-Осейминмен кездесті. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы: «Қазақстан бұл ұйымның жұмысына толықтай қатысу үшін қажетті барлық шараларды қабылдап отыр. Бүгінгі іс-шара аса маңызды. Біз саммиттің нәтижелері табысты болады деп үміттенеміз»,— десе, Бас хатшы: «Қазақстанның ислам әлеміндегі беделі зор. Бүгінгі саммитке келген барлық делегация өкілдерінің атынан Сізге және Қазақстан халқына қонақжайлық көрсетіп, іс-шараны жоғары деңгейде өткізгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Ислам ынтымақтастығы ұйымының ғылым және технологиялар жөніндегі саммиті алғаш рет өткізіліп отыр. Мұны тарихи оқиға деп зор сеніммен айтуға болады. 57 ислам елінің өкілдері ғылым мен технология саласындағы өзекті мәселелерді талқылау үшін бас қосты. Біз ұлы дініміздің жаңа қырларын аша түсеміз деп үміттенемін. Өкінішке қарай, террористік ұйымдар әлемдегі исламның беделіне нұқсан келтіруде»,— дей келіп, ислам елдерінің халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде ортақ ұстаным қалыптастыруға және исламдық емес ұйымдармен сындарлы ынтымақтасуға бағытталған Ұйымның алдағы жұмыс жоспары туралы ой бөлісті. Юсеф бен Ахмад әл-Осейминнің Ислам ынтымақтастығы ұйымының дамуына тың серпін беретін білікті басшы екенін атап өткен Елбасы:  «Қазіргі уақытта лаңкестік шабуылдардың көбісі ислам елдерінде болуда. Осы орайда Сіздің бұл зауалмен бірлесе күрес жүргізу қажеттігі жөніндегі сөзіңіз орынды. Орта ғасырларда негізгі ғылыми жаңалықтар ислам әлемінде ашылғанына ерекше тоқталған жөн. Мұны әрдайым есте ұстап, аянбай еңбек етуіміз қажет. Біз ғылым мен технологияларға арналған саммитті Төртінші өнеркәсіп төңкерісі кезінде тектен-тек өткізіп отырған жоқпыз», – деді. Сондай-ақ, саммит жұмысы барысында Н.Назарбаев осы форумға қатысқан бірқатар мемлекет басышыларымен кездесті.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз