Әлемдегі автокөлік нарығындағы жетекші елдердің бірі Қытай дизельмен және бензинмен жүретін автокөліктер шығаруға тыйым салмақ. ҚХР өнеркәсіп вице-министрі Синь Губин Қытайдағы Синьхуа ақпарат агенттігіне берген ресми сұхбатында: «Зерттеу жұмыстары басталды, алайда бұл тыйым қашан күшіне енетіні шешілген жоқ. Бұл шаралар еліміздегі автокөлік секторын дамытуда тың өзгерістерге алып келеді»,— дейді. Былтыр Қытай әлемдік нарықтың үштен бір бөлігін құрайтын 28 миллион автокөлік шығарған. Ұлыбритания, Франция ауаның ластануы мен көміртек қалдықтарын қысқарту үшін 2040 жылға қарай дизельді және бензинді автокөліктерге тыйым салу туралы жоспарын қабылдаған болатын. Шілдеде Қытай автоөндірушісі Volvo 2019 жылдан бастап көліктердің жаңа үлгілерінде электрлік қозғалтқыш болатынын мәлімдеді. Қытайлық Volvo иесі Geely 2025 жылға қарай миллион дана электромобиль сатуды жоспарлап отыр. Renault-Nissan, Ford және General Motors секілді басқа да жаһандық автокөлік фирмалары Қытайда электромобиль дайындаумен айналысады. Қытай 2025 жылға қарай автокөлік саудасындағы электромобильдер үлесін 5/1-ге жеткізуді қалайды. Бұл ұсыныс автоөндірушілерден келесі жылы электрлі немесе буданды аккумуляторға қосылған көліктер санын 8%, ал 2020 жылға қарай 12% көбейтуді талап етеді. Индустрия вице-министрінің айтуынша бұл өзгерістер автокөлік саласының қарқындап өсуіне негіз болмақ. Бұл өзгеріс сонымен бірге Қытай нарығында мұнайға деген сұранысқа әсер етеді. Қазіргі таңда бұл ел мұнайды тұтыну көлемі бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында тұр.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз