Қазақ сөз құдіретіне мән берген халық. Біз әрдайым өзіміз естімеген аңыз, әпсана, ертегі мен нақылдарды, шешендік сөздерді естігенімізде ата-бабаларымыз ой түйген даналық сөздерінен жүрегіміз толқиды. Олардың қай-қайсысы болса да жаратылыс заңдылықтарын дұрыс түсініп, ой қорыта білуден келіп шыққанын аңғарамыз. Жақында ғана бір аңызды оқып шығып, шындығында солай екен-ау деп ойланып қалғаным бар. Бәлкім, бұл ертеректе болған шығар, сондықтан да аңыз деуім бекер емес. Түбінде шындық жатқандығын ескерсек, қазіргі өмір сүру дағдымыздың да өзгеріп кеткендігін байқауға болады.
Ықылым заманда айдай сұлу бір аруды көркем жігіт ұнатып қалыпты. Қыз да жігіттің өзіне деген көңілін байқап, оған кет әрі еместігін білдіреді. Бұл іс табиғаттың заңы болса да, сол замандағы әдет-ғұрыптарға қайшы келгенге ұқсайды. Қыз анасына өзінің ғашық болып қалғанын айта алмай жүреді. Оны бір күні анасы да байқап, қызын сөзге тартыпты. Қыз ішкі сезімін жасыра алмай, анасына көрші ауылдағы бір жігітке көңілі барын айтыпты. Анасы мұның соңы жақсылық болмайтындығын, егер солай бола қалған күнде қызының ғана емес, ата-анасының да елдің наразылығына ұшырайтындығын ескертеді. Қыз сол кездегі әдет-ғұрыпқа қарсы шыға алмай, жігітті де басқа жанға қия алмай қатты қиналыпты. Жігіт бұл жағдайды естіген соң, қызға үйленудің басқа жолдарын қарастырып, қайткен күнде де қыз анасының разылығын алуды қалапты. Қызға да ескертіп, «Сен анаңның ризашылығын алсаң болғаны, қалғанын кейін көре жатармыз. Елдің наласына қалатындай, біз оғаш ештеңе істеген жоқпыз. Бір-бірімізді сүйгендігіміз үшін кінәлі емеспіз», — дейді. Қыз қиналып отырып, тағы да анасының ризашылығын сұрайды. Анасы қинала отырып қызына батасын беріпті.
«Жақсы, қызым! Мен саған батамды бердім. Бірақ саған айтар бір ескертуім бар: Лайым, алған бетіңнен қайтпағайсың, кіммен қарайсаң, сонымен ағар. Өмір бойы сол шаңырақтың ыстық-суығына төзетін бол! Егер балалы болып жатсаң, «әлди» айтпағайсың. Әумин!» — деп бетін сипапты.
Келін болып түскен жұртына ұнамды болып, иілім сәлемін салып, ата-енесінің де ақ батасын алған қыз бірнеше жыл бойы перзент сүйе алмапты. Басына түскен бұл сынақты ол өзінің ежелден келе жатқан әдет-ғұрыпты бұзғандығынан деп біледі. Істеген ісі үшін Құдайдан кешірім сұрап, жылаумен күндері өте береді. Күндердің күнінде дұғасы қабыл болып, айы, күні жетіп өмірге перзент әкеледі. Бірақ, анасы айтқандай, перзентіне «бесік жырын» айта алмапты. Себебі анасының «әлди айтпа» деген сөзі құлағынан кетпей тұрып қалады. Көп ұзамай зарығып күткен перзенті шетінейді. Келіншек тағы да жүкті болады. Дүниеге келген шарана ананың уызына жарымапты. Әлжуаз болғаны соншама, сұлқ түсіп жата береді екен, не керек, анасы бұл сәбиінің де дидарына тоя алмапты. Қанша қиналса да, Жаратқаннан үмітін үзбейді. Арадан тағы біраз уақыт өткенде келіншек үшінші рет сәби сүйеді. Мейірімі шексіз Алла зарыққан ата-анаға тағы перзент беріп, қуанышқа бөлейді. Нәрестесін бауырына басып аймалап, ал «әлди» айтуға келгенде анасының соңғы сөздері тоқтата береді екен. Сөйтіп, бұл нәресте де аурушаң бола бастайды. Жағдайы күн сайын төмендеп, сөніп бара жатқан перзентіне қараған ана «аһ» ұрады. Аллаға жалбарынып, тым болмаса осы перзентіне өмір беруін тілепті. Сондай азапты күндерінің бірінде қалжыраған әйелдің көзі ілініп кетіп түс көреді. Сол қас қағым сәтте анасының «Әлди айт, қызым! Әлди айт!» деген үні естіледі. Түсі мен өңін ажырата алмаған ана селк етіп, бөбегіне «әлди» айта бастады. Сәбиі жүгіріп жүретін шаққа да жетіпті. Ана әлдиі өлім түндігін серпіп, өмір сыйлапты.
Бұдан шығатын қорытынды: бесік жырында біз түсініп болмайтын керемет бар. Тіршілік нәрі ана сүтімен бірге, ананың аялы алақанымен бірге қуат болып жұғысады. Қазір бесік жырын айтпайтын аналар, әжелер көбейіп кетті. Ана әлдиінде құдірет бар екендігін жас аналар қаперінде сақтаса екен деймін.

Жәудірдің хатынан, Ұзынағаш ауылы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз