Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова: «Қазақстан азаматтарының ел ішінде көшіп-қонуы — заңды құқықтары. Үлкен қалалардағы бос жұмыс орындарына, оқуға ауыл жастарын тарту, керісінше, мемлекет саясаты, содықтан,  Мәжіліс вице-спикері Владимир Божконың ауыл жастарының қалаларға көшін тоқтату туралы бастамасы заңға қайшы. Керісінше, біз қазір ауыл жастарын оқуға тартып, қай жерде жұмыс күші керек болса, жұмысқа тарту мәселесін қарастырып жатырмыз»,— деп, әріптесінің бұл пікіріне наразылығын білдірген министр әрі қарай: «Министрлік дайындаған «Елдің көші-қон саясаты туралы» заңының концепциясында ішкі миграциямен қатар, қиырдағы қандастардың көшіне қан жүгіртетін бірқатар жағымды жаңалықтар бар. Мәселен, атамекенге оралуды қолдан қиындатып келген соттылық туралы анықтама енді қажет емес. Сондай-ақ, Қазақстан қиырдағы қазақтардың уақытша болса да атамекенге келіп қызмет етуіне шекараны ашпақ. Еңбек нарығында олар жұмыс мигранты саналмайды. Еліміз тіпті жақын арада шетелдегі білікті қазақтарды ортақ базаға тіркеп, арнайы алдыртып, ел игілігіне жұмыс істетуді жоспарлап отыр. Егер де білікті, жоғары білімі бар мамандар осында келіп жұмыс істеймін десе, жұмыс берушілерге берілетін рұқсаттары тегін болады. Тегін уақытша жұмыс істеуге немесе 10 жылға дейін жұмыс істеуге мүмкіншілігі бар, одан кейін ол азаматтың біздің елдің азаматтығын алу-алмауы өзінің құқығында болады. Министрлік қандастардың сол елдердегі жұмыс өтілін де ескеріп, зейнетақы тағайындау мәселелерін де қарастырып жатыр. Мәселен, зейнеткерлікке шығып, елге оралған азаматтар бұл жақта небәрі 10-12 мың теңге зейнетақы алады»,— деген мәлімет берді. Осы заң іске асырылса, күллі әлемге шашыраған қазақтарды атамекенге қайтару саясатының сапасы артуы тиіс. Өткен жылдың өзінде қиырдан 17 мыңға жуық қазақ отбасы көшіпті. Бұл 2015 жылдың көшінен жеті есеге артық.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз