Соңғы бірнеше ай бойы қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин («GGG») мен мексикалық былғары қолғап шебері Сауль Альварес арасындағы кездесуді «Ғасыр жекпе-жегі» деп жар салған жұдырықтасу АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп, тең аяқталды. Бұған дейін Сауль «Канело» 49 ұрыс өткізіп, оның 34-ін нокаутпен ұтса, біреуінде жеңіліп, тағы бірінде қарсыласымен тең түскен. Геннадий 37 кездесу өткізіп, оның 33-ін нокаутпен тамамдаған, бірақ бірде-бір рет жеңілмеген. Бұл жолғы кездесу Генаның қарқынды шабуылымен басталғанмен, «Канело» қаша жүріп ұрыс салып, оның көп соққыларын денесіне дарытпады, дегенмен, аз соққы жіберген жоқ. Соққылары жойқын боксшылар бір-бірінен қатты сақтанғандықтан ба, сайыс қызықты өткенмен, көрермендер не нокдаун, не нокаутты көре алмады. Алғашқы раундтарда “Канело” қашумен болса, Геннадий оны өкшелеп қуумен болды. Соған қарағанда, таразы басы Геннадийге ауғандай көрінген. Бірақ Генадан қанша қашқанмен, жеңістің өздігінен келмейтінін түсінген болуы керек, сегізінші раундтан бастап Альварес те қарқынды қимылға көшті. Бірақ, қанша жанталасқандарымен, екеуінің де жоспарлары іске аспай, ақыры қазылар алқасы кездесуді тең деп жариялады.
Әлемге танымал боксшылар Головкинді жеңді деп есептейді. Көпшілік жұрт 118-110 есебімен жеңісті «Канелоға» беріп қойған төреші — Аделаида Бердтің шешіміне наразы. Аталмыш айқаста жеңімпаз анықталмағанымен, GGG барлық белбеулерін (WBA (Super), WBC, IBF және IBO тұжырымдары бойынша) сақтап қалды. Қазақстандық боксшы да, Альварес те реванш өткізуге дайын екендіктерін жеткізді. Сірә, енді қос боксшы кімнің мықты екенін анықтау үшін тағы бір кездесу өткізетін сынды. Өйткені кездесу алдындағы келісімшарт бойынша, “Канело” жеңсе, ол Генаға қарымта кездесуге мүмкіндік бермеуге қақылы болатын. Керісінше, чемпион ретінде, Гена жеңсе, ол “Канелоға” міндетті түрде реваншқа мүмкіндік беруі керек-тін. Осыны ескерсек, екінші сайыс көп күттірмейді. Жарыстан кейін Головкин WBC президенті Маурисио Сулейманнан «Канеломен» айқас үшін арнайы жасатылған белдікті алды. Маурисио: «Бұл эмоцияларға толы естен кетпес айқас болды. Бұл кеш боксқа өз жанкүйерлерін қайтаруға септігін тигізеді. Жекпе-жек тең аяқталғанына қарамастан, Геннадий орта салмақтағы біздің чемпионымыз болып қалатынын мақтан етеміз», — деді.
Естеріңізде болса, Альварес Дүниежүзілік бокс кеңесімен өткен жылғы дау-дамайға байланысты GGG-мен айқас басталмай жатып-ақ WBC-тің қарапайым және арнайы белдіктерінен бас тартқан болатын.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз