ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев видео арқылы жаңа заң жобасының кейбір нормаларын түсіндірді. Видеода баланың жеке мәліметтерін пайдалануға қойылатын шектеу мен зиянды ақпараттан қорғау нормаларына тоқталған министр: «БАҚ-қа заңға қайшы әрекеттерден зардап шеккен баланың жеке мәліметтерін пайдалануға шектеу қойылады. Мәселен, кәмелет жасқа толмаған балаға қатысты жасалған зорлық-зомбылық. Дене жарақатынан бөлек, бала психологиялық зардапқа душар болады. Егер БАҚ материалдарда сол баланың аты-жөнін, жасын жариялайтын болса, бүлдіршін басқа бір қалаға көшкенімен, айналасындағылардың назарынан қашып құтыла алмайды. Осыдан кейін психологиялық ем туралы айтудың өзі артық. Шектеу дәл осы себептен енгізіледі. Енді БАҚ азаматтың талабы бойынша жазылған мақалаға дәлел келтіруі тиіс болады. Егер дәлел болмаса, теріске шығарады. Заңға түзету БАҚ-қа ақпаратты жарияламастан бұрын тағы бір рет тексеруді қосымша міндеттейді. Жалпы білім беретін мектептерде порнографиялық сайттар мен баланың денсаулығына кері әсер ететін басқа да сайттарға қолжетімділікті шектейміз. Үйде мұндай шектеу қоя алмаймыз, әрине, бұл ата-аналардың жауапкершілігі, бірақ мектептерде қолға аламыз.»,— деді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз