Алматы қаласының ІІД Көші-қон полициясы басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Айдын Белгібаев: «Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда және тұрақты бақылауда. Біздің қаламыз туризм мен бизнесті дамыту мақсатында келетін тұлғалар үшін ғана тартымды емес, сондай-ақ басқа да көшіп-қонушылардың, оның ішінде заңсыз мигранттарды да қызықтырып отыр. Ағымдағы жылдың жеті айы ішінде шетелдіктердің ағылуы 17,8%-ға артып, 245 мыңға жетті, ал оның жартысын Орталық Азия елдерінің азаматтары құрап отыр. Мысалы Өзбекстаннан – 133.338, Қырғызстаннан – 40.745, Ресейден – 16.514 адам келген. 2017 жылдың тамызындағы жағдай бойынша, Алматы қаласының аумағында 42.987 шетел азаматы тұрады екен. Қабылданған шаралар нәтижесінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған тұлғалардың саны 3,1%-ға (23.760-тан 24.499-ға дейін) артқан, оның ішінде ҚР азаматтары 1,4%-ға, және шетел азаматтары 5,4%-ға. Жыл басынан бері Қазақстан Республикасы аумағынан тысқары шығарылған шетелдіктердің саны 9,9%-ға (1.257-ден 1.382-ге дейін) артқан. Сонымен қатар, жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ шетелдіктердің қабылдап-тарату мекемесіне қамалуы 29,5%-ға (2.770-тен 3.587-ге дейін) өскен. Заңсыз көші-қон арналарын анықтау мен олардың жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр. Басқа қызметтермен өзара әрекеттестік барысында заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастырудың 7 дерегі анықталды. Аталған деректер бойынша елімізге шетелдіктердің заңсыз келуін ұйымдастырған ҚР азаматтарына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы аумағынан аластату туралы (ҚР ҚК-нің 393-бабы бойынша) сот шешімін орындамаған шетелдіктер саны 5,8 %-ға (86-дан 91-ге дейін) өсіп отыр. Еңбек мигранттарын заңдастыру тәжірибесінде көші-қон жағдайының ретке келгені байқалады. Сонымен, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүргізілген түсіндіру іс-шараларының нәтижесінде, ағымдағы жылы шетелдіктердің жұмыс істеуіне рұқсат беру 50%-ға (20.471-ден 30.873-ке дейін) артқан. Ағымдағы жылы жұмыс істеу үшін берілген рұқсаттар есебінен бюджетке түскен төлемдер 413 миллион 434 мың теңгені құрап отыр (2016 жылы – 251 миллион 555 мың теңге), өсім 64,3%-ды құрады. Біздің тарапымыздан бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Қыркүйек айында Алматы қаласындағы көші-қон бақылауын күшейтуге бағытталған жедел-алдын алу іс-шарасын өткізу жоспарлануда»,— деген ақпарларды алға тартты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз