Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының ұйымдастыруымен «Қазақ тілінің латын әліпбиіне өту ерекшеліктері» атты дөңгелек үстел өтті.
Шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары А.М. Хамеденов, К.В. Мамсуров, Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі М.К Ахетов және Алматы қаласының барлық этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері мен баспасөз өкілдері қатысты. Жиынға қатысушылардың ортақ пікірінше, латынға көшкеніміз еліміздің дамуына, түбі бір түркі халықтарының ортақ тіл табысуын жеңілдете түспек. Сонымен қатар, әркім өз пікірін ашық білдіріп, латын әліпбиінің ерекшеліктеріне тоқталып өтті. Тілдерді дамыту басқармасының жетекшісі М.К. Ахетовтың айтуынша, ғылым мен білімнің, сағат сайын емес секунд сайын дамып жатқан электрондық құралдарды тиімді пайдалану — заман талабы. Сондықтан, латын әлібиіне көшу, оны күнделікті өмірге қолдану аса өзекті мәселе болып тұр. Қоғам тарапынан да түсіністік танытып жатыр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, философия ғылымдарының докторы, профессор Касимов Қазақбайдың сөзінше: «Бүгінде біз латын әліпбиіне көшу деп айтып жүрміз, негізінде көшу емес қайта оралу деп айтқанымыз дұрыс. Зорлықпен келіп зұлымдықты жайлатқан «Қызыл империя» ұлттық құндылықтарымызға таршылық жасап, 1940 жылы 13 қарашада қазақ латын әліпбиін орыс әліпбиіне көшіруге қаулы шығарған. Латын әліпбиіне қайта оралу экономика, саясат, мәдениет жағынан болсын тәуелсіз мемлекетіміздің жұлдызын жарқыратып, әлемдік қауымдастықтың алдыңғы үштігінде келе жатқан еліміздің беделін арттыра түседі» деген ойда.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз