Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының «Туған жер» атты тарауында әр азаматтың өз туған өлкесіне қызмет етуі, қолдан келгенше қолдау білдіруі қажеттігі айрықша айтылғаны белгілі. Осыған орай, қазір жер-жерлерде туған топырағына тізе бүгіп, игілікті шаралар жасап жатқандар аз емес. Сондай іскер азаматтар Жамбыл облысында да баршылық. Олардың жеке қаржыландыруларымен бүгінде әлеуметтік салада түрлі инвестициялық жобалар жандануда. Солардың дені биыл спорт саласына бағытталды.
Жалпы, бүгінде Жамбыл облысында бұқаралық спортты жанына серік еткендердің үлес салмағы 27 пайызға жетіп отыр. Ал Елбасының «2020 жылға қарай ел тұрғындарының 30 пайызы салауатты өмір салтын қалыптастыруы қажет» деген тапсырмасын ескерсек, бірер жылда Жамбыл облысы бұл межені бағындыратыны сөзсіз.
Сонымен, ағымдағы жылы жеке кәсіпкерлердің демеуімен өңірде қанша спорт нысаны ашылды? Тарқатып айтсақ, қазір Дүрімбетов көшесінің бойындағы «EA FootbaIIs Arena» футбол алаңшасы елге есігін айқара ашып отыр. Жуырда ғана іске қосылған спорт кешені заманауи үлгіде салынған. Тәулігіне 150-200 адамды қамтуға қауқарлы. Нысанның төбесі толықтай жабылғандықтан, ауа райының қолайсыздығына қарамастан, мұнда жаттығу жүргізе беруге болады.
Меншік иесі Дархан Дәуренбековтың айтуынша, аталмыш нысанды салу оның байырдан келе жатқан арманы екен. Сондықтан кәсіпкер кеткен қаржыны еш ойламай, доп қуған балаларды көріп рахат табатындығын айтады.
Дәл сондай, жеке қаржыландыру арқылы жүзеге асқан жобаның бірі — Әйтеке би көшесіндегі «BodyIines» әйелдер фитнес клубы. Өткен жылы бұл тірлікті қолға алған жеке кәсіпкер Мейіржан Баубеков жаттығу залына қажетті қондырғыларды Украинадан алдырыпты. Және нәзік жандылардың дене шынықтыруы үшін 4 бапкерді қосымша жұмысқа алған. Оның сөзіне сүйенсек, қазір клубқа сағатына 40 адам келсе, тәулігінен 200 адамға дейін жаттығатын көрінеді.
Жамбыл даңғылы бойындағы «HAWK TECHNOLOGY» фитнес клубының ашылғанына екі жыл болғанымен, биыл кәсіпкер жаттығу залдарын жаңа қондырғылармен толықтырыпты. Спорт нысанын таныстырған Сергей Понамарев жаттығу залын ең алдымен жалға алып, кейіннен бұл тірлікке мықтап кірісіп, қазір 300 адамның еркін жаттығуына қолайлы клубқа айналдырып отырғанын айтты. Және келешекте өзге де үйірмелер ашып, кеңеюге ниетті екенін жасырмады.
«Жансая» ықшам ауданында орналасқан «Планета спорта» фитнес клубында жаттығу залдары ғана емес, шығыс жекпе-жегінен дәріс беретін үйірмелер де жұмыс жасауда. Нысан қожайыны Виктор Синицынның сөзіне сүйенсек, мұнда қазір әйелдерге де, еркектерге де шынығуға қажеттінің бәрі бар екен. Сондай-ақ, шығыс жекпе-жегінен дәріс беретін бапкерлер де білікті көрінеді. Ал клубтың өзі тәулігіне 110 адамды қабылдауға қауқарлы. Төлемақысы да қолжетімді.
Тәуке хан көшесінің бойындағы «DOSTYK LIFE» футбол алаңшасының сыртқы келбеті алыстан көз сүйсіндірді. Барлық стандартқа сай спорт кешенін жеке кәсіпкерлер Азамат Мырзабеков пен Жандос Ахметов 40 миллион теңгеге салған екен. Мұнда 200 адамға арналған төбесі жабық кіші футбол алаңы, киім ауыстыратын, жуынатын бөлмелер қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, жоғары білікті 6 жаттықтырушы спортшыларды баптауға сақадай сай дайын тұр.
— Құрылысқа қажетті қаржыны Жандос Ахметов екеуміз ортадан шығардық. Салғаннан кейін нысанды заманауи талапқа сай тұрғызсақ деген ой болды. Жоспарымыз толықтай жүзеге асқан секілді. Енді тағы дәл осындай бір кіші футбол алаңшасын салуды көздеп отырмыз.
Негізі, қазір залда мектеп оқушылары шынығуда. Өзге қала тұрғындарының да келіп жаттығуына бар мүмкіндік жасалған, — дейді кәсіпкер Азамат Мырзабеков спорт нысанын таныстыру барысында.
Инвестициялық негізде бой көтерген №12 ықшам ауданының маңынан ашылған «Денсаулық» сауықтыру кешені де алыстан көз тартады. Мұнда орналасқан бассейн, аквааэробика, жаттығу мен массаж бөлмелері барлық талапқа сай.
Жалпы, кейінгі жылдары Жамбыл облысында мұндай спорт кешендері көптеп салынуда. Және бұған жергілікті бюджеттен бір тиын да бөлінбей, барлығы жеке инвесторлардың есебінен бой көтеріп жатыр. Бұл, сөз жоқ, әлеуметтік саланың әлеуетін арттырып, шаһар көркіне көрік қоса түсері сөзсіз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз