Қазіргі қоғамымызда отбасы құрған жастардың ажырасу дерегінің күн санап өсіп келе жатқандығы көңіл алаңдатады. Отанымыздың тұғыры мықты болуы үшін Отанды құрайтын отбасы мықты болуы керек. Жағымсыз қылықтарға бой ұрған бір отбасының тәлім-тәрбиесі жұқпалы ауру сияқты ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса отырып, күндердің күнінде сол әулетті жоқ етіп тынады. Мұндай трагедиялық тағдырдың басты себебі: отбасы мүшелерінің әрқайсысы өзіне жүктеген міндет-борышын дұрыс атқармауынан. Отбасы мүшелері бір-біріне сыйластықта және бір-бірін толықтыру шартымен өмір сүреді. Егер де осындағы отбасылық өмір сүру үрдісі дұрыс құрылмаса, ол да қателікке ұрындырады. Мысалы, отбасылық тәртіп қатаң қағидаларға негізделген болса, сол қағидаларды ақиқатқа балап, шырмауынан шыға алмаса, ондай отбасы өмір сүру айдынын тарылтып, қабілетін тұншықтырып тастайды. Күндердің күнінде ол отбасы мүшелерінің амалсыз тізе бүгуіне тура келеді. Әсіресе, отбасында елеусіз қалған жан қауіпті. Ол өз орнын таба алмайды. Ынжық, кері тартпа кепке түседі немесе «атың шықпаса, жер өрте» дейтіндей, әулетке пәле боп жабысады. Сондықтан жанұяның әрбір мүшесі отбасында «менің рөлім бар» деп айта алуы керек! Олай болмаған жағдайда, шет қақпайланған отбасы мүшесі басқа ортадан сенімді одақ іздеп, түбі әулеттен бөлініп дара кетеді. Сөйтіп, әулет бірлігі әлсірейді.
Отбасы мүшелеріне жауапкершілік сезімін үйрететін адам — әке, яғни отағасы. Ол алдымен жұбайына үлгі болуы керек. Ата-ананың арасындағы татулық пен сыйластық байланыс балаға өтеді. Отбасылық тәртіп имандылыққа құрылса жоқ-шылық, тапшылықтың өзін нығметке айналдыра алады. Сол себепті балаға әуелі жоқшылық арқылы өмір қиыншылығын жеңудің амалын үйрету керек. Ауыртпалық көрмеген бала өзгенің көмегіне сенім артатын, өз мүмкіндігін пайдалана алмайтын күйге түседі. Ерлі-зайыптылардың жарастығы, «бақыт ағашы» болса, балалары оның «жемісі».
Бүгінгі таңда менде бір отбасының-ошағымын. Менің де өз орнымды тауып, ардақты ана, асыл жар, өнегелі ұстаз болуымның бірден-бір себепкері — ата-анам. «Отбасы — бақыт мекені» демекші, өзімнің кішкене отанымда мен бақыттымын!

Назира Коккузова, Жармұхаммед мектебі,
ағылшын тілінің мұғалімі,
Қарасай ауданы, Алматы облысы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз