Бие сүтінің құрғақ түрін өндіретін отандық жалғыз өнеркәсіп 3 жыл бұрын ашылған, ол Қарағанды облысында орналасқан. Кәсіпорын енді Еуропа мен Азия нарығына шығуды көздеп отыр. Биенің жаңа сауылған сүтінен құрғату (сублимация) әдісімен алынатын «Саумал» өнімі Гонконгта сатылымға шықпақ. Бие сүті мен одан жасалатын өнімдердің адам денсаулығына пайдалы екендігі, ал саумалдың ерекше шипалық қасиеті бары ежелден белгілі. Бірақ, жаңа сауылған бие сүтінің бір кемшілігі – пайдалы қасиеттерін ұзақ уақыт сақтай алмауы. Саумал сауылғаннан кейін бірнеше сағаттың ішінде құнарсыз болады. Алайда саумалды сублимациялау (құрғату) саласындағы заманауи жетістіктер бұл кемшілікті жоюға көмектеседі. Зауыт директорының орынбасары Ғалымжан Қыдырбекұлы: «Елімізде алғаш рет тұрғызылған қазақстандық зауыт – неміс зауытының біршама кеңейтілген көшірмесі.  Жоба аясында компанияның үлесіне Қарағанды облысының 25 000 гектар жайлым жері тиесілі. Зауыттың 1 500-ден аса биесі әрбір 2 минут сайын сауылып, тәулігіне 2,5 тонна сүт береді. Қазір жоғары сапалы сублимацияланған бие сүтінің бір жылдағы мөлшері 30 тоннаға дейін жетті. Кәсіпорында 150-ден аса адам жұмыспен қамтылған. Мұнда шетелдік мамандармен қатар ауыл тұрғындары да еңбек етеді. «Саумал» өнімінің Қазақстан бойынша сатылымы өте жақсы. Бір айдан кейін Ресей нарығына шығамыз. Қытай мен Тайванда да сатылып жатыр. Қытайлықтар бізден сатып алып, өз елдерінде сатады. Ал тікелей жеткізу мәселесі әзірге жолға қойылмай отыр. Осы уақытқа дейін Қазақстан Еуропа мен Қытайға бірде-бір сүт өнімін экспортқа шығарған емес. Осыған байланысты біршама қиындықтар туғаны рас. Дегенмен де, Гонконг нарығына экспорттауға мүмкіндік туып отыр. Жақында сол жақта көрмеде болып қайттым, олар құрғақ саумал өніміне қызығушылықтарын білдірді. Гонконг қаласында дүкен ашамыз, қазіргі уақытта дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр»,— дейді.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз