Өздері 13 жыл бойы шыбық басын сындырмады деп санайтын Баймырза ауылдық аймағының әкімін депутаттардың қайтадан әкім етіп сайлағандарына үзілді-кесілді қарсы шыққан  Ақмола облысы Еңбекшілдер ауданының тұрғындары: «Көп жыл бойғы Руслан Измайловтың өрескел әрекетіне енді шыдап отыра алмаймыз. Бізге, әсіресе, ашық шұңқырдан алынған лас суды сүзіп, қайнатып ішкен өте ауыр. Бірақ амал жоқ. Суда небір жәндіктер жыбырлап жүреді. Кейде құстарды қуып жіберіп, ауыз су аламыз. Осының бәрін әкім көріп, біліп отыр, бірақ, ешқандай әрекет жасамайды.  Ол ол ма, осыншама жыл ауыл әкімі бола тұра не жол жөнделген жоқ, не су жоқ, ауыл клубын, тіпті су мұнарасына дейін өзі бұзып алды. Ол тіпті ауылға ауданнан басшылар келсе, тұрғындардың ауыз ашып, мәселе көтеруіне тыйым салып келеді. Аудан әкімдері келгенде бәрімізді қорқытып аузымызды ашқызбайды. Егер ауыз ашсаң, әкімдіктен анықтама бергізбеймін деп қорқытады»,— дейді ашынып. Биылғы жылдың 8-і тамызы күні аудан орталығы Степняк қаласында сайлау өтіп, 12 ауылдың әкімі сайланыпты. Шошқалы, Баймырза ауылдарынан 10 адамнан қауымдастық құрылған. Бірақ, олардың таңдаған үміткерлері өтпей, тағы да бұрынғы әкім сайланып кетіпті. Баймырза ауылдық аймағының әкімі Руслан Измайлов болса: «Бұл не деген әңгіме? Мен не, жолдағы қарақшыға ұқсаймын ба? Ешкімді қорқытқан емеспін. Ал суды тасып жүргенбіз. Енді тиімсіз деп коммуналдық қызмет тасымай қойды. Мені депутаттар сайлады. 13 жыл еңбек етіп келем. Ал, ғимаратқа қатысты айтар болсам, ешқандай ғимаратты бұзғам жоқ»,— деп ақталып, шыр-пыр болады. Наразы жұрт жағдайларын білуге ешкімнің келмейтініне де өкпелі. Ал, жаңадан сайланған ескі әкімдеріне наразы олар облыс әкіміне, прокурорға, мемлекеттік қызмет агенттігіне дейін хат жолдаған. Әзірге жауап жоқ.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз