Мұхиттың арғы бетінде жатқанына қарамастан, АҚШ билігі Еуропаның энергетикалық нарығын қайта бөлуді ұйымдастыруға ниетті. Олар әлемнің барша елі өздерінің айтқанына көніп, айдағанына жүруі керек деп есептейді. Оған бірден-бір қарсылық көрсете алатын Ресей болғандықтан, Трамп билігі осы елдің экономиккасын титықтату үшін санкциядан санкция жариялап жатыр. Соған қарамастан, Еуропаның энергетика нарығында Ресей «Газпромы» алыс шетелдерге жазда өнім қою жөнінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Газ өндіру саласы тарихында алғаш рет бір тәулік ішінде транспорттық қуаттарға өнім жүктеу көлемі 635 миллион текше метрге жетті. «Газпром» экспорттық маршруттардың бәрін, соның ішінде «Солтүстік толқын», «Ямал-Еуропа», «Көгілдір толқын» сынды газ құбырларын іске қосуға дайын, тек украиналық бағытты ғана емес. Еуропа рецессиядан шығып келеді, оған құны арзан энергия қуаттары керек. Соңғы 40 жыл бойы Еуропаны көгілдір отынмен тек Ресей ғана қамтамасыз етіп отыр. Осы арзан бағаны ұстап тұрып, өнім қоюдың сенімділігін арттыру үшін «Газпром» алдын ала қам жасауда. Балтық теңізі табаны арқылы тартылған магистральдық құбыр транзиттік мемлекеттер болып табылатын Украина мен Польшаны айналып өтіп, Ресейді Германиямен тікелей байланыстырды. Бұл екі ел өз территориясынан өтетін құбырды пайдаланудан айтарлықтай қаражат тауып отырған-ды. «Солтүстік толқын-2» газ құбыры қуаттылықты екі есе арттырады. Ресей, Белоруссия, Польша, Германияны басып өтетін трансұлттық «Ямал – Еуропа» Батыс Еуропаға өнім қоюдың иілгіштігін арттырады. «Көгілдір толқын» Түркияға тікелей экспорттауға мүмкіндік береді. Ал, Қара теңіз арқылы Түркияның еуропалық бөлігі мен әрі қарай Грекия шекарасына дейін салынатын «Түріктік толқын» Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Еуропа елдерін көгілдір отынмен қамтамасыз етеді. АҚШ болса, Ресейді осы артықшылығынан айырғысы келеді. Мәселен, осыдан біраз уақыт бұрын АҚШ-тың Балтиморынан Украинаға американдық антрацит тиелген танкер жіберілді. Оның бағасы ресейлік көмірден екі есе, Донбасстікінен үш есе қымбат. Соған қарамастан, Мәскеуге қаны қарсы Киев қыста суықтан қатып өліп, жалаңбұт қалса да, сол қымбат өнімді алуға бейіл. Мұндай саяси астары бар әрі бағасы бұдан да қымбат энергия қуаттарын сатып алудан Литва да зор шығынға батты. Клайпеда АҚШ-тың Мексика бұғазында өндірген 140 мың текше метр сұйытылған газы тиелген алғашқы танкерді қарсы алды. Сарапшылар ондай сұйытылған газдың мың текше метрі Ресей газынан шамамен 80 долларға қымбат дейді. Шын мәнінде, бұл жерде экономикалық тиімділіктен гөрі саясат жоғары қойылғаны көзге ұрып тұр.

Трамптың дегені
бола ма?

Енді: «Американың Еуропаға арнаған саяси экономиясы қандай?» — деген сауалға келсек. Литва жалға алып отырған Independence – «Тәуелсіздік» атты сұйытылған газдың қалқымалы терминалы (қойма кеме) Клайпеда қаласының портында тұр, одан Ресейдің Калининград облысына дейін қол созым ғана жер. Ал, сұйытылған газ оны қайда апарып сатсаң да бәрібір қымбат болады. Әлгі Клайпеда терминалына алғашқы жүк нақ сол АҚШ-тан келді. Мұндай өнім қою «бір реттік» деп аталады. Литваны әлгіндей газбен толық қамтамасыз ету үшін ондай 36 кеме (танкер) қажет. Бағасы арқаға аяздай батқанына қарамастан, Балтық жағалауы елі мұны жеңіске балап, уралап жатыр. АҚШ осылайша Ресей газ құбырларын сұйытылған газбен алмастыру жолындағы жоспарлары бойынша алғашқы қадам жасады. Аймақ та тегіннен-тегін таңдап алынбаған сыңайлы. Мәселен, «Тәуелсіздік» терминалын жалға алғандығы үшін Литва жылына 50 миллионға жуық доллар қаржы төлейді. Ал, онда аздаған Норвегия газын, сосын АҚШ-тан әкелінген газды ғана сақтап отыр. Тіпті, ол газды сатып алуға ниет білдірушілер жоқтың қасы. Сатып алатындар күштеу арқылы ғана алады. Сондықтан сарапшылар: «Литвадағы сұйытылған газдың терминалы — экономикалық емес, саяси жоба, сол себепті экономикалық тұрғыдан ол көп сұрақ туындатады», — дейді. Әу баста терминалдың газын көрші Эстония мен Латвия сатып алады деп есептелген, бірақ аталған елдер оған қызығушылық танытпады. Соның салдарынан терминал шығынға батып жұмыс істеп тұр. Ресейдің мың текше метр газы орташа 170 доллар тұрса, америкалық газ одан 40-50 пайызға қымбат тұрады. АҚШ-тың «Солтүстік толқын-2» жобасына қарсы америкалық санкциялар пакетін Германияның қинала қабылдауының сыры да сонда жатыр. Ақүй қожайыны Д.Трамптың қол қойған санкцияларына алдымен наразылық білдірген Австрия мен осы Германия болатын. Сонда Меркель: «АҚШ тек өзінің қара басының ғана қамын жесе, әлемдік ұлы мемлекет бола алмайды. Егер АҚШ КХДР-ға қарсы соғыс ашса, біз Америка жағында болмаймыз», — деп кесіп айтқан болатын. Польшаның Свиоустье портына да америкалық газ тиелген танкер келген-ді. Бірақ бірнеше күннен кейін алғашқы қуанышы бәрі сап тиылды. Өйткені қолына есепшот алған сарапшылар америкалық сұйытылған газдың ресейлік құбыр газынан әрбір мың текше метрі 50 долларға қымбат екенін анықтады. Мұны ешқандай экономикалық фактормен түсіндіруге болмайды. Бұл жерде таза саяси мүдде бірінші орынға шығарылған. Осы арқылы Америка басқаларға газды тек бізден сатып аласыңдар деген ниетін байқатты. Луизиана штатындағы Мексика бұғазынан өндірілген газдың 12 миллиард текше метрі экспортқа шығарылды. Осы көлемнен бар болғаны бір жарым миллиард текше метр газ ғана Еуропа мен Түркияға жеткізілді. Бұл Еуропаның жалпы тұтыну көлемінің 1 пайызына да жетпейді, яғни теңіздің бір тамшысы ғана. Осындай көлемдегі газды «Газпром» Еуропаға үш-ақ күнде қояды. Осыларды салыстыра келе білікті сарапшылар: «Американдық газ бәсекеге қауқарсыз. ЕЭО-да белгіленген бағамен ол басқа өнім қоюшылармен тікелей бәсекеге түсе алмайды».

Бұған Путиннің жауабы

АҚШ-тың Еуропаға сұйытылған газды қоюына қатысты ресми Мәскеу өз пікірін білдірген. Гамбургте өткен «Үлкен жиырмалық» саммитіндегі бір сөзінде РФ президенті Владимир Путин: «Біздің еліміз еуропалық газ нарығында ашық, әділ бәсекені қолдайды. Егер оған саясат араласпаса, әлдебір саяси ресурстар пайдаланылмаса, бұл бізге жағады. Себебі, АҚШ-та өндіріліп, одан тасымалданатын өнімнің өзіндік құны біздің құбырдың газынан анағұрлым қымбат екенін кез келген маман айтып бере алады, бұл — анық көз жеткен жағдай. Біз әділ бәсекелестікті жақтаймыз. Оны сақтау үшін нарыққа қатысушылар осы бәсекелестік артықшылығын қорғау жолында жұмыс істеуі керек. Біз соңғы тұтынушылар мүддесін де назардан тыс қалдырмаймыз. Мысалы, тізбеден транзиттік елдерді шығаруға тырысамыз. Соның арқасында отын бағасы арзандап, саяси тәуекелдер төмендейді. Мұндай бағыт ұстануға бізді еуропалық серіктестеріміздің өз уәделерінде тұрмай, газ консорциумын құру туралы келісімді іске асырмағандығы итермеледі. Біз Еуропадағы энергетикалық істен ешкімді де ығыстырып шығаруға тырысып отырған жоқпыз. Біз экономикалық серіктестеріміздің, транзиттік мемлекеттердің экономикалық мүдделеріне, олардың геосаяси жағдайларына зор құрметпен қараймыз, өйткені олар Еуропадағы энергетикалық диалогта маңызды роль атқарады деп сенеміз. Дегенмен, біз өз еліміздің мүддесін қорғау құқығын өзімізде қалдыруды қалаймыз. Бүгінгі күні Ресейдің алдында тұрған басты стратегиялық мақсат — 2019 жылға қарай «Түріктік толқын» іске асқаннан кейін украиналық транзиттен бас тартып, өте тұрақсыз территориямен байланысты тәуекелдерді нөлге жеткізу»,— деген болатын. Өнімдерімізді Ресей арқылы сыртқа экспортқа шығарып отырғандықтан, Путин мәлімдемесінің бздің елге де қатысы барын ескергеніміз абзал.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз