Қаншама жылдан бері айтылып келе жатқан әліпби алмастыру мәселесі төңірегінде өте көп пікірлер айтылды. Артықшылығы мен ұтылатын тұстарымыздың ешқайсысы қағыс қалған жоқ. Деседе тәуекелге бел буып, өзгерткелі жатырмыз. «Ал осыны ары қарай дамытып әкете аламыз ба?» деген сұрақ туындайтыны сөзсіз. Біздің қаупіміз де осында. Ең әуелі «кирилл жазуы қатар жүре береді, орыс тіліне қатысы жоқ, тек қазақ тілі ғана өзгереді» деген сөз айтылды. Тура осы жерден қоғам екіге жарылмай ма? Журналист, филология ғылымдарының кандидаты Қуандық Шамақайұлы өзінің «фейсбук» парақшасында «Неге орыстілді мектептер, өзге ұлттар (бәріміз бір елдің азаматтарымыз ғой) латын әліпбиіне көшпейді? Мемлекеттік тіл мен жазудың оларға еш қатысы жоқ па? Унитарлық мемлекеттің біртұтас халқын осылай бөлшектеп тастаудың астарында қандай мақсат бар?» — деген ой айтыпты. Бұл да қоғамдағы қаншама адамның көкейіндегі сұрақтардың бірі. Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр өтсе де, туған тіліміздің тұғырына қона алмай отырған жайы барлығымызға белгілі. Біртұтас қазақ ұлты бола тұрып, «орыстілді қазақ», «қазақтілді қазақ» болып бөлініп жүргеніміздің өзі қасірет емес пе? Ендігі жерде сол «қазақтілді қазақтардың» өзі «кирилл қазақ», «латын қазақ» болып бөлінбесіне кім кепіл? Ал мемлекет құраушы ұлттың өзі осындай болып жатқанда, елімізде тұрып жатқан өзге этнос өкілдеріне не деуге болады? Сондықтан қазақ тілі қанатын кеңге жая алмай тұрған ортаға, тағы да бір жаңалықты енгізгеннен келетін өзгерістің нәтижесі қандай болары белгісіз бе деген ойды талай адам әлеуметтік желіде ашық білдіріп жатыр. Осы жаңалық бастала салысымен-ақ, кейбір көзі қарақты азаматтардың өзі «өле-өлгенше кирилшемен кететіндіктерін» әлден айтып салды. Себебі жаңа әліпбиді үйреніп, «шаршағысы» келмейді… Осы туралы айтылып жатқан тоқсан түрлі ойлардың ішінде «Мемлекет алдағы уақытта латын жазуына көшіруді бастайды» дегеніне алаңдаған кейбір қазақтар, «балаларының сауатсыз болып қалуына алаңдап, енді мектеп табалдырығын аттаған балаларын орыс кластарына беріп жатыр» деген де сыбыс таралды. Бұл туралы құзырлы органдар нақты мәлімет бере қойған жоқ. Десе де, көңіл аударатын жағдай екендігі анық. Бұл жерде мемлекет құраушы ұлттың жан саны артқанымен де, біртұтас тілдік ортаның әлі күнге қалыптаспай отырғандығына қарап-ақ біраз нәрсені бағамдауға болатын сияқты.

Түбі бір түркі жұртын бұл әліпби біріктіре ала ма?

Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі жерде түркі тілдес елдердің ішінде латын жазуына көшкен Әзірбайжан, Өзбекстан секілді елдердің тілдік жағдайлары оңалып кетпегендігін ақпарат құралдарынан көріп жүрміз. 1993 жылы «Латын жазуына негiзделген өзбек әлiпбиiн» енгiзу жөнiнде заң қабылдаған Өзбекстан, содан бері 24 жыл өтсе де, көздеген мақсаттарына әлі жете алмапты. Қазірге дейін екі түрлі жазуды қатар қолданып келе жатқан өзбектер көбінде кирилшені қолданғанды жеңіл көреді екен. Газет-журналдың басым бөлігі кирилшеде басылып шығып жатса, латын жазуында шыға бастаған басылымдардың тиражы айтарлықтай азайып кеткен. Мемлекеттік мекемелердің өзі ісқағаздарын толықтай латын жазулы нұсқамен алмастыра алмаған, сонымен қатар басшылық орындағы лауазымды тұлғалардың өзі іс жүргізуге кирилшені қолайлы көретін көрінеді. Көше атаулары, мемлекеттік мекемелердің маңдайшалары латын жазуында тұрғанымен, іс жүргізуде әлі күнге кирилшеден, орыс тілінен ажырамаған Өзбекстанның нақты жағдайы нені аңғартады? Біздің елде де «Жоғарғы сот», «Қорғаныс министрлігі» болып жазылып тұрғанына қарамастан, күні бүгінге дейін тап-таза орыс тілінде іс жүргізіп келе жатқанымызды неге қаперге алмаймыз?
2013 жылдары басталған (өкінішке қарай, науқан күйінде қалып қойған) «латынға көшу» кезінде, өзге де түркі тілдес мемлекеттер Қазақстанның латын жазуына өтуінен үлкен үміт күтетіндіктерін аңғартқан еді. Түркия ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Президент Әкімшілігінің басшысы Мұстафа Есеннің: «Егер 34 қаріпті Қазақстан қабылдап, бұл түркі әлеміне ортақ әліпби болатын болса, біз Түркия Республикасы Қазақстанның қабылдаған әліпбиін қабылдауға әзірміз. 70 жылдан астам бір әліпбиде отырғанымызға қарамастан, біздің ғалымдарымыз оны қолдайтын болады», — дегенін, сондай-ақ Қырғыз ғалымдары да Қазақстан латынға көшсе, айтулы бастамаға ілесетіндерін ашық айтып отырғандықтарын жеткізген еді. Рухани бірлікке ұмтылуды мақсат еткен түбі бір түркі жұрты қайтадан бөрілі байрақтың астына бірікпесе де, бір әліпбиге біріккісі келетін аңсары, әрине, құптарлық жағдай екені түсінікті. Осы жерде «түркі тілдес халықтар ортақ әліпбиге көшсе де, бір-бірінің әдебиетін аудармасыз оқи ала ма?» — деген сұрақ туындайды. Кирилл әрпімен жүрген кездің өзінде, қазақ, өзбек, татар халықтары ортақ таңбада болған жоқ қой. Ішінара дыбыстарды, әркім өз алдына таңбалап келді. Ал, тәуелсіздіктен кейінгі жылдары латынға көшкен Өзбекстан сияқты елдер түркиялықтар қолданып отырған әліпбимен ортақтықты сақтаған жоқ. (Тілтанушы ғалымдар түркиялықтар қолданатын латын әліпбиінің кемшіліктері көп екендігін айтады). Түркі тілдес елдердің ортақ жазуға көшуі — қуанарлық жағдай. Алайда туысқан халықтар арасында ортақ термин жүйесі тек жоспар күйінде қалып отырғанын да естен шығармаған жөн.
«Мәдени байлықтан айырыламыз» дегенге қарсы уәж айтушылар, арнайы әріп сәйкестендіруші программа арқылы қас қағымда өзгертуге болатындығын алға тартады. Алайда біздегі барлық жазбалардың электронды нұсқалары жоқ екендігі тағы бар.
Латын жазуына көшудің артықшылықтары көп екенін мойындауға болады. Ол ең әуелі қазақ тілінің тазалығына, әлемде шашырап жүрген қандастарымыздың бір-бірімен түсінісуіне аса тиімді екені анық. Алайда оның толығымен жүзеге асуына ұзақ уақыт керек секілді. Оған дәлел ретінде бірнеше себептерді келтірдік. Бізбенен ортақ саяси кеңістіктің аясында өмір сүрген тағдырлас, бауырлас елдер ана тілдерінің атмосферасы біздегіден анағұрлым жақсы болғанына қарамастан, бұл реформаны сәтті аяқтай алған жоқ. Ал ел ішінде ана тілді кеңінен насихаттайтын күшті механизм, қатал тәртіп орнату да оңай болмасы анық… Сондықтан да қолға алғалы отырған игі бастама барша жұрттың көңіліне қонып, сол арқылы тіліміздің құнарын сақтап, күллі түркі тілдес халықтармен ортақ рухани әлем қалыптастыру үшін талай уақыт қажет болары сөзсіз.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз