Алматы қаласының мемлекеттік қуыршақ театры салтанатты түрде өзінің 83 маусымын ашады дегенді естіп, сол жаққа жол тарттық. Ұйымдастырушылар әр қонақты ерекше құрметпен қарсы алып жатты. Мереке театр ғимаратының ішкі алаңында ақын, драматург Иран-Ғайыптың «Бөшке» драмасы негізіндегі сахналанған көрініспен басталды. Ары қарай Евгений Ионовтың «Ана жүрегі» атты спектаклінің премьерасын тамашаладық. Осы қойылымның режиссері жас та болса талантты А. Зайцов екен. Спектакльдің мазмұнына қысқаша тоқтала кетсек, жалғызбасты ана ұлын өз замандастарының қатарына қосу үшін аянбай еңбек еткені, жоқшылық зобалаңы, анасынан намыстанып, үйінен безгені, ақыр соңында бейбақ анасы көз жұмуымен аяқталатын қайғылы қойылым екен. Алайда осындай оқиғалар қазіргі қоғамда жалғызбасты аналардың басынан жиі өтетіні жасырын емес. Түсіне білген адамға бұл зор ой саларлық спектакль. Көрерменнің көзіне жас үйірілтіп, көңіліне иман ұялатқан қойлым әртістері өз ісінің шеберлері екенін бірден аңғаруға болады. Себебі олар бізді жылата да, күлдіре де алды.
Сексен жылдан астам тарихы бар бұл театр бүгінгі таңда әр бағытта, әр жанрда жұмыс істеп келеді. 83-маусымда театр ұжымы Р. Отарбаевтың «Сағыныш шөбі», Е. Жуасбектің «Тоба» қойылымдарын, Б. Жораевтың «Батыр мен Абылай», «Қожа мен Спорт», И. Сапарбайдың «Сыған серенадасы», А. Гофманның «Щелкунчик» атты туындыларын кішкентай көрерменге сахналап, тарту етпек.
Айман Рамзия

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз